Шымкент • 14 Мамыр, 2024

Батырдың болмысын ашқан кездесу

202 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, халық ерекше құрмет тұтқан ардақты жан Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті.

Батырдың болмысын ашқан кездесу

«Қайырымды қала құндылықтары» жобасы аясында қолға алынған бұл іс-шарада Зейнеп апамыз «Ер – елдің иесі, әйел – үйдің киесі» тақырыбында әңгіме қозғады. Басқосуға ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар қатысты.

Кездесуде апамыз халықтың қоше­метіне бөленіп жүргені Бауыржан Мо­мыш­ұлының қадір-қасиетінің арқасы екенін жеткізді. Елдің өзін сыйлайтыны бірінші кезекте батыр атамыздың келіні болғандығы себепті екенін ашық айтты.

Әңгіме барысында Зейнеп Ахметова адамды көп мақтай беруге болмайтынын да ескертті. Өйткені көп мақтау естіген сайын адам соған үйреніп, бойын­да жаман әдет қалыптасатынын жасырмады. Егер бір мәрте мақталмай қалса, талағы тарс айырылып, кәдімгідей ренжіп шығатынын айтты. Содан кейін мақтансүйер адам шындықты қабылдай алмайды. Сол себепті де қазақ «Мақтаны көптің талтаңы көп» деп бекер айтпаған. Дей тұрғанмен апамыздың Баукең үйрет­кен ұстанымы адамды мақтағанда да шындықты бетке айту керек, егер жаман жағын сөз етсе, артық нәрсе қосып жала жаппау қажет. Сөз барысында апамыз өзіне қарата айтылған мақтаулардан қорықпайтынын мәлімдеді. Себебі оның бәрі қайын атасына арналып жатқанын түсінеді. Сондықтан да қазақтың ішінде көпшілікке танылмай жүрген небір мық­ты әжелер, келіндер бар екенін ай­тып, бірақ халықтың Зейнеп апаны көбі­рек білуі Бауыржан Момышұлының ке­ліні болғандығы үшін екенін мойындады.

Апамыз Баукеңдей батыр тұлғаның келіні болу, сол әулеттің абыройын сақтау, атына кір келтірмеу – басты міндеті, сол жолда тура жүру оңай еместі­гін атап өтті. Себебі үнемі халықтың көз алдында жүресің. Журналистердің әдеттегі «Қандай атағыңыз бар», деген сауалына «Мендегі атақ біреу-ақ соның өзі өмірімнің соңына дейін жетеді, ол Момышұлының келіні деген атақ», деп жауап береді екен.

Баукең келініне ешқашан соғыс жайын­да әңгіме қозғамапты. Тек ұлттың құндылықтары мен салт-дәстүрі жайын­да құлағына құя берген. Апамыз атасынан ұғып алған бар өсиетін ұрпаққа жеткізу міндеті екенін баян етті. «Балам, мен саған айтамын, сен ертең өз балаңа жеткізесің, осылайша бір үйде қазақтың исі қалсын», деп Баукең ескертіп отырған тағы бір сөзі «Шындыққа тура қара, алдыңда көр қазулы тұрса да шындықты айтудан тайсалма» деген өсиеті болған. Тағы бірде «Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба, жаман адамның жамандығын бетіне бассаң да, жала жаппа» деген. Қарапайым ғана сөз, бірақ түбінде қаншама мән-мағына жатқанын айта кетті апамыз. Баукең «қатарыңнан озсаң да халықтан оза алмайсың, сондықтан халыққа басыңды иіп жүр» деп аманатын тапсырыпты. «Мен өлген соң да тірілердің ішінде жүремін» депті. Оның мағынасын келіні кейін ұғынған.  «Сол сөз расқа айналды», дейді апамыз. Қазір Баукеңнің атында көше де, мектеп те, ескерткіш те бар. Әрбір сөйлегенде қазақ батыр атамыздың қанатты сөздерін қосып айтады. Осылайша, Баукеңнің бейнесі халықтың жадында жаңғырып тұрады. Апамыздың пікірінше, мұның бәрі – елдің батыр ұлына деген шексіз мейірімділігі мен сүйіспеншілігінің арқасында болып жатқан дүниелер.

Баукеңдей ұлы тұлғаның болмысын ашқан Зейнеп апамыз бұдан әрі қарай қоғамның өзекті тақырыптарына қарай ойысты. Соның ішінде дін мәсе­ле­сіне тоқталып, қазақ әлмисақтан мұ­сыл­­ман болғанын, Құдайын ешқашан ұмыт­­­пағанын, сондықтан ұлтымызды қай­­та мұсылман жасау бекершілік екенін пайым­ды тұжырымдармен дәлелдей түсті.

Бұдан кейін тіл мәселесін, ұлттық болмысты қозғап, «Ықтырмаң болмаса желге өкпелеме» деген тәмсілді алға тартты. Ондағы ұғындырғысы келгені ұлттық тіл, ұлттық сана, құндылықтар сақталмаса, бүгінде қоғамға дауыл болып енген жаһандану үдерісіне қарсы тұру мүмкін емес деген ой болды.

Кездесу барысында залдағы жұрт апамызға сұрақтар қойып, Баукең туралы естімеген естеліктер жайында айтып беруін өтінді. Халықтың тілегіне орай есте қалған бір оқиғаны баяндап берді.

«Қайын атамның кейінгі алған әйелі енем қайтыс болып, ол кісіге қарау үшін қара шаңыраққа көшіп келдік. Атам дәл сол кезде шипажайға кетіп барады екен. Бізбен қайырласып, мен келгенше реттеліп аларсыңдар деп кетті. Сол кісінің көңілінен шығайыншы деген ниетпен үйді мұнтаздай етіп тазаладым. Тіпті кабинетіндегі жұмыс үстелінің үстін де тап-тұйнақтай етіп жинастырдым. Көп күттірмей атамыз да келді. Қоңырауды ұзақ басып, есік ашылған соң ішке кірді де бірден кабинетіне бет алды. Мен болсам мына жақта атам мақтайтын болды деп дәмеленіп жүрмін. Бір кезде кабинеттен ақырған дауыс естілді. Даусы кәдімгі жаралы арыстандай, тау­дан тас құлағандай гүрілдей шықты. Сөйтіп, жұмыс үстелін тазалағаным үшін жазықты болып, жаман қатты ұрыс естідім. Кеудеме өксік тығылды. Жылауға ұялып, кранның суын ағызып, сарылдаған даусымен білдірмей көз жасымды төгіп алдым. Кейін атамның ашуы тарқаған соң, «мой беспорядок – есть высший порядок» деп маған ақырындап түсіндірді. Сөйтсем кітаптар, қағаздар үстел үстінде шашылып жатқандай көрінгенімен атам оны өзінше реттеп қойған түрі екен», деді Зейнеп апамыз.

Ардақты жан келін мен ененің арасындағы қарым-қатынас жайында да сыр шертті. «Келін – өкшебасарың, мұрагерің, сондықтан оны жамандама, керісінше, тәрбиесіне көңіл бөл» деп енелерге өсиет айтып отырады екен апамыз. «Немесе сүйіп қосылған жігітіңді өмірге әкеліп, өсіріп бағып-қаққан енеңе көрсеткен жақсылығың, рахметің сол болсын, оны құрметтеп өт деп келінге де өсиет айтудан жалық­паймын», дейді.

Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызды батыры Бауыржан Момыш­ұлы жайында қызықты естеліктерден сыр бөлісіп, отбасылық тәрбие психологиясында қазақы дәстүрдің орны мен рөлі жөнінде ой толғаған ел анасы шырайлы шаһардағы маңызды кездесу аясында ұлт қаһарманы ескерткішіне тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.

 

ШЫМКЕНТ