Бара сала бізге алты ай тіл үйретті. Түрік тілі мен ағылшын тілін үйрендік: аптасына 4 күн. Тек жұма, сенбі күндері ғана мамандыққа баулитын пәндер қойылды. «Журналистика жанрлары», «Қазақ журналистикасының тарихы», «Телерадио негіздері» – сабақтарымыз да осал емес. Сонау «Дала уәлаятының газеті» мен «Қазақ» газеті, «Айқап» журналының тарихы, шығару барысындағы қиындықтары, бәрі-бәрін біз алғаш осы журналистика кафедрасындағы дәрістер барысында оқып-білдік. Сейдулла Садықов ағамыз бастаған Бекжігіт Сердәлі, Әлімбет Бостанов, Досымбек Нысанбаев, Үміт Зұлхарова, Асхат Сәдібеков, Бекжан Есенбаев сынды ұстаздарымыз жақсы білім берді. Оның қадірін, деңгейін бакалавриатты бітіріп, ҚазҰУ-ге түскенде білдік. Сонда ұстаздарымыз «Түркістан университеті сендерге жақсы білім беріпті, біздің балалар оқу-білімнен гөрі жұмысқа ерте кірісіп кетті», деп бірнеше ұстаз айтты.
Жалпы, біздің Қожа Ахмет Ясауи университеті студенттерді әлеуметтік қамту жағынан да алда болды. Себебі тегін тамақ, оқу орны мен жатақхана арасында тегін тасымалдайтын автобус, жайлы жатақханамен қамтамасыз етті. Белсенді студент болсаң, бір күнде бір емес, тіпті түскі және кешкі ас ішуге екі талон беретін. Жоғарыда айтып кеткендей, түрлі сайыста оза шауып, бәйге алсаң, ақшалай сыйлығы өз алдына. Қысқасы, не керек, университеттің осындай қолдауының арқасында алаңсыз білім алып әрі қоғамдық жұмыспен де айналысып, жай маман емес, көкірегі ояу, көзі ашық, қоғам белсендісі болып шықтық. Қатарластарымыз кілең мәдениет сарайындағы би, ән, көңілділер мен тапқырлар клубына қатысатын өнерпаз, дарынды жастар болды. Біз бір-бірімізбен білім жағынан, қоғамдық жұмысқа қатысу жағынан бәсекелес болдық, бірақ бір үйдің баласындай тату да болдық.
Қазіргідей бір-бір ұялы телефонға шұқшию деген жоқ. Ақпаратты көбіне газет-журналдар, телесюжеттер мен бағдарламалардан алатынбыз. Кітап оқитынбыз. Соны отырыстарда талқылап, «Әдеби орта бар ма?» деген сияқты тақырыптарда жиі пікірсайыс өткізіп тұрушы едік. Сонда «жастар ғой» деп бәлсінбей, сол тұстағы университетіміздің маңдайалды профессор-оқытушылары Рахманқұл Бердібай, Мекемтас Мырзахметұлы сынды тау тұлғалар келіп, қатысып, өз бағаларын беріп кетуші еді. Ол деген біз үшін бір мәртебе болды.
«Құтты білік» үшін Мақсат Шотаев ұстазымызға ерекше алғыс. Филология факультетінде дәріс беретін ағайымыз бос уақытында осы білім сайысын ұйымдастырып, жыл сайын жаңа топ құрып, бұрынғы мықты командалармен сайыстырып, кіл мықтыдан, кім мықтыны айқындап беретін. Ай сайынғы үздіктерден жыл соңында кубок иегері іріктеліп шығатын.
Сол журналистика кафедрасының құрылғанына, міне, 30 жыл толыпты.
Қазір қарап отырсам, біз керемет студенттік шақты бастан өткеріппіз. Қожа Ахмет Ясауи университеті десе, көз алдымызға сол бір құт мекен елестейді.
Әтіргүл ТӘШІМ,
Журналистер одағының мүшесі