Тарих • 13 Мамыр, 2024

Ер-ана ерекше құрметтеліп еді

107 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кешегі Кеңес одағы кезінде мал шаруашылығындағы тамаша та­­бысымен аты дүрілдеп шық­­қан, жемісті де жеңісті істе­ріне ел сүйсінген екі мәрте Ең­бек Ері Жазылбек Қуанышбаев барша қазақ айрықша мақ­тан тұт­қан тұлғаның бірі. Шу өзенінің жағасына дейін жайы­лып жат­қан Мойынқұмның құмды бел-белестері мен Хан­­тауы­ның оты мол көк шал­ғын, көкорай бөктерінде мың­ғыртып қаракөл қойын өсірген шопан атаның соңынан ерген шәкірт­тері, жұмысын жақсы жалғас­тыр­ған ізбасар­лары да көп болған.

Ер-ана ерекше құрметтеліп еді

Солардың бірі – «Айдарлы» кең­ша­рының аға шопаны ретінде әрқашан көзге түсіп, тек биіктен ғана көрінген Ең­­бек Ері, марқұм Ділдаш апа Итба­со­­ва. Иә, ол шын еңбек бақытын қой бағудан жаңылмай тапқан жан еді. Соның арқасында Қазақ КСР Жоғарғы кеңесіне екі рет депутат болып сайланды, «Қазақ КСР-нің мал шаруашы­лығына еңбегі сіңген шебер» атанды.

1983 жылы Мойынқұмның әйгілі «Тұлпарсаз» жайлауында аталған ер-анамыздың 70 жастық мерейтойы үлкен салтанатпен мерекеленді. Бұл қатысушылардың барлығының жанына, жүрегіне шуақ-нұр құйған басқосуға мойынқұмдықтармен қа­тар, жан-жақтан жүздеген қадір­лі қонақ жиналып, той иесіне ақ ниет­терімен ақжарма тілектерін арнаған болатын. Олардың ішінде Ділдаш апаның қанаттас, қатарластары, Ең­бек Ерлері, Жамбыл (қазіргі Тараз) қала­сы түбін­дегі аудандарда тұратын Сын­дыбала Оңғарбаева, Дариға Жанто­қова аналарымыз да жүрген-ді.

Мына суретте сол мерейтойдың бір сәті бейнеленген. Атап айтқанда, дүйім жұрттың арасында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, осы құмды өңірді ұзақ уақыт басқарып, оның өсіп-өркендеуіне, аршындап алға басуы­на үлкен үлесін қосқан Айте­кең, Айтбай Назарбеков Діл­даш апамызды марапаттап тұр. Жанын­да – кең-мол пішілген денесін бұрып, жарқын жүзімен қарындасына мейіріммен қараған, тершіген маң­дайын енді-енді ғана ақ беторамалымен сүрткен, кеудесінде қос жұлдызы жар­қыраған жарықтық Жаз-ата, Жазылбек Қуаныш­баев.

Кезінде «Еңбек ер атандырады» деген мағынасы зор сөз көп айты­латын. Расында, ісін өте адал, жұ­мы­­сын үнемі үздік атқарғандарды әр­дайым төбе­мізге көтеріп, төрге шы­ға­ратынбыз. Біраз уақыт, негізінен нарық­тық эконо­миканың әсері болар, бұл мәселе­нің мәні солғын тартып қалғандай еді...

Бүгінде еңбектің жасампаздық күш-қуатына жаңаша сипат бері­ліп, ең­бек адамының мәртебесін биіктетіп, мерейін өсіруге айрықша көңіл бөлініп отырғаны қуантады.

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист