Экология • 14 Мамыр, 2024

Орман шаруашылығы кәсіпорындарын жабдықтауға 68 млрд теңге бөлінеді

182 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкімет жалпы қаржыландыру сомасы 68 миллиард теңгеден асатын орман шаруашылығы кәсіпорындарын материалдық-техникалық жарақтандыруды нығайтудың 2023-2027 жылдарға арналған Кешенді жоспарын қабылдады. Бұл туралы Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Орман шаруашылығы кәсіпорындарын жабдықтауға 68 млрд теңге бөлінеді

Фото: gov.kz

«Өткен жылы табиғатты қорғау ұйымдары үшін шамамен 9 млрд теңгеге 25 өрт сөндіру машинасы, 51 шағын орман өрт сөндіру кешені, 154 трактор, 73 патрульдік көлік және 655 бірлік өрт сөндіру техникасы (дискілі тырмалар, соқалар, тіркемелер және т.б.) сатып алынды», деді Ерлан Нысанбаев.

Министрдің хабарлауынша, жергілікті атқарушы органдар жалпы сомасы 6,6 млрд теңгеге 20 өрт сөндіру машинасы, 127 трактор және 76 патрульдік көлік сатып алғанын атап өтті. Сондай-ақ осы уақытқа дейін орман шаруашылығын материалдық-техникалық жарақтандыруға мұндай көлемде қаражат бөлінбегенін тілге тиек етті.

«Биылғы жазда Семей орманында алапат өрт болғанын баршаңыз білесіздер. Орман саласының 15 қызметкері тілсіз жаудың құрбаны болды. Үлкен алқапта болған өрттің бірден бір себебі табиғатты қорғау және орман шаруашылығы мекемелерін техникамен қамтамасыз етудің төмен деңгейі, атап айтқанда 70% деңгейінде ғана қамтамасыз етілген. Ал қолданыстағы техниканың 60%-дан астамы есептен шығаруға жатады», деді министр.

Сонымен қатар орманды қорғау шараларын жүзеге асыру аясында өрт қаупі жоғары орман алқаптарында өртті ерте анықтау жүйесі орнатылады. Осыған байланысты министрлік орман мониторингі мен өрті ерте анықтау үшін Ахуалдық орталық құруды жоспарлап отыр.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті