Білім • 15 Мамыр, 2024

Әлемдік ғылым хабы керек

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Nazarbayev University-де Тұрақты даму шешімдерін әзірлеу желісінің (SDSN) 2-конференциясы өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Бельгия, Нидерланд, Германия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның сарапшылары мен ғалымдары қатысты.

Әлемдік ғылым хабы керек

Конференцияда министр С.Нұрбек атал­ған жиын зерттеу ор­та­лықтары мен жоғары оқу орын­дары арасындағы коопера­ция мен ынтымақтастықты кеңейту үшін жаңа мүмкіндік ашуға мүмкіндік беретінін айтты. «Біздің күш-жігеріміз елімізде зерттеу жұмыстарымен айналысатын мүмкіндігінше көп жоғары оқу орнын құруға бағытталған. Бұл ретте Қазақстан өзін жоғары білім мен әлемдік зерттеулер хабы ретінде таныта алатынына сенеміз. Жыл сайын министрлік жетекші халықаралық ғылыми институттар мен университеттерге тағылымдамадан өтуге 500 ғалымды жіберіп отыр. Мұндай мүмкіндік ғалымдарымызға еуропалық институттармен, жо­ғары оқу орындарымен бірлесіп, одан әрі даму мен әріптестікке бағытталған бағдарламаларды пысықтауға мүмкіндік береді», деді министр.

NU Қазақстандағы тұрақты даму саласындағы шешімдерді әзірлеу жөніндегі БҰҰ желісі – SDSN-нің ұлттық бөлімшесі саналады. Осыған орай NU БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін практикалық шешімдерді әзірлеу мен зерттеу­лер жүргізу жөніндегі диалогті насихаттау бағытында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университеті, Сүлеймен Де­мирел атындағы универси­тет, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, Қазақ-Британ техникалық университеті, басқа да 25 отандық университет пен ғылыми зерттеу институтын біріктірді. SDSN-нің ұлттық бөлімшесі саналатын NU президентінің міндетін атқарушы, доктор Илесанми Адесида: «Қоршаған ортаны қорғау, энергетика және климаттың өзгеруі саласындағы тығыз ынтымақтастық үшін елдер мен континенттер арасында тәжірибемен бөлісу өте маңызды. SDSN Kazakhstan базасы университетімізде екені­не қуаныштымыз және біз­дің стратегиялық даму жоспары­мызға сәйкес SDSN осы салада айтар­лықтай нәтижелерге қол жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ министрліктің қаржылық қол­дауының нәтижесінде осы бағыт­тарға жұмсалатын күш-жігер жанданады», деді.

Ал Еуропалық комиссияның зерттеулер және инновациялар жөніндегі бас директоратының өкілі Кремена Милева климаттың өзгеруіне бағытталған зерттеулер мен инновацияларды қар­жыландыру жөніндегі ЕО-ның негізгі бағдарламасы Horizon Europe қолдау құралдары туралы айтты. Ғылым қорының басқарма төрағасы Камиль Ақатовтың айтуынша, қор Horizon Europe аясында Еуропалық одақ­пен нәтижелі және тиімді ынты­мақтастық құруға мүдделі. «Біз жетістіктерімізді бөлісіп қана қоймай, сондай-ақ тұрақты даму саласында нақты нәтижелерге жеткізетін ортақ жобалар мен зерттеулерге белсенді түрде қатысуға дайынбыз. Бүгінгі таңда Ғылым қоры Германия, Франция, Польша, Болгария және Түркияның үйлестіру орталықтарымен серіктестікті белсенді түрде дамытып жатыр», деді К.Ақатов.

Қатысушылар конференция алаңында «Қазақстандық зерттеулер Еуропалық одақтың халықаралық инновациялық жобаларына қатыса ала ма?», «Орталық Азия елдері климат­тың өзгеруі және әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қа­лай шешіп жатыр?», «Тұрақты даму мәдениетін насихаттауда жоғары білім саласы неліктен негізгі қатысушы саналады?» деген сауалдарға жауап іздеп, осыған қатысты тақырыптарды талқылады. Осыған қоса Бель­гия, Нидерланд, Германия, Қазақ­стан, Қырғызстан, Өзбекстаннан қатысқан сарапшылар мен ға­лымдар екі күн ішінде білім бе­ру, қоғамдық денсаулық сақтау, энер­гетика, мемлекеттік басқару, үкіметтік емес сектор сияқты салаларда 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы ұлттық және өңірлік деңгейдегі күн тәртібін орындау құралы ретінде локализациялау мәселесін, сондай-ақ қатысушылар жоғары білімнің тұрақты дамуды насихаттаудағы рөлін талқылады.