Осыған орай ұйымдастырылған Физика-техникалық факультетінің 15 жылдығына арналған «Ғылым және бизнес: даму жолдары» атты дөңгелек үстел барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Университет пен «С.Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғаммен ынтымақтастық туралы келісімге келгенінің нәтижесінде ізденушілер ақысы төленетін тағылымдамаға қабылданатын болды.
Еуразия ұлттық университетінің стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов: «Меморандумға қол қою – ғылым, білім және өндірістік интеграция саласындағы стратегиялық маңызды қадам. Біз ынтымақтастық шеңберінде бірлескен инновациялық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ студенттерді өндірістік базада тәжірибеден өткізу арқылы жоғары білікті кадрларды даярлау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Меморандум ел игілігі үшін ғылым мен өндірістің одан әрі байланыстарын нығайтуға берік негіз қалады деп сенемін», деп атап өтті.
Ал аталған университеттің «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» кафедрасының меңгерушісі Қанат Маханов «RFID жүйесі үшін дөңгелек поляризацияланған антеннаны жобалау» жобасын жүзеге асырып жатыр. Ғалым ғылыми зерттеулерін жүзеге асыру барысында қажетті заттарын осы зауыттан сатып алады. «Біз зауыттан өзіміздің зерттеу жобамыз үшін баспа платаларын сатып алдық. Себебі олардың бұл өнімі жоба шеңберіндегі талаптарға толық сәйкес келеді. Болашақта біз өз университетімізде жобаның алғашқы нәтижелерін енгізу бойынша ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытамыз», деп түсіндірді ғалым Қ.Маханов.
С.Киров атындағы зауыттың бас директоры Алмас Нұрмағамбетов теміржол, мұнай-газ, энергетика салаларында пайдалануға арналған 100-ден астам өнім түрі шығарылатынын жеткізді. «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен интеграцияны нығайту біз үшін үлкен маңызға ие. Ынтымақтастығымыздың бірінші кезеңінде ақысы төленетін тәжірибеге қабылдауға дайынбыз. Студенттер тегін тамақ пен жатын орынмен қамтамасыз етілетін болады. Сонымен қатар ынтымақтастығымыздың аясында Еуразия ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне 5 компьютер сыйға тарттық. Алда көптеген жоспар, жоба бар. Бірлескен жұмыс нәтижелі болады деп үміттенеміз», деді спикер.