Қоғам • 15 Мамыр, 2024

Мопедшілер жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске мопедтерге қатысты жаңа ереже бекітілді, деп жазады Egemen.kz.

Мопедшілер жүргізуші куәлігін алуға міндеттеледі

Фото: 24.kz

Мопед жүргізушілері жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына теңестірілді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізіледі. Енді мопед тізгіндегендер де уәкілетті органда міндетті тіркеуден және жыл сайынғы техникалық байқаудан өту керек. Сонымен қатар азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруы тиіс.

Мопед жүргізушілеріне қойылған жаңа талап – «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алу. Ол «А», «В» және «С» санатындағы жүргізушілерге қосымша дайындықсыз автоматты түрде ұсынылады. Қазіргі уақытта мопед мінгендерге жүргізуші куәлігін алу үшін 6 ай уақыт беріледі.

«Бұл ретте мопед жүргізушілері де автокөлік жүргізушілері сияқты жауапкершілікке тартылады. Бұрын жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін олар басқа жол қозғалысына қатысушылар сияқты ӘҚБтК-нің 615-бабына сәйкес 2 АЕК мөлшерінде айыппұлмен жазаланатын. Енді ереже қабылданғаннан кейін автокөлік жүргізушілері секілді мопед жүргізушілеріне де барлық жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, тыйым салынған бағдаршамнан өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 599-бабында көзделген 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», делінген Мәжіліс хабарламасында.

Қазір мас күйінде мопед жүргізу ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады. Оған сәйкес қоғамдық орындарға мас күйінде шыққандарға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.

Ереже қабылданғаннан кейін мопед жүргізушілері көлік құралын алкогольдік мас күйде басқарса әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл бап бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.