Өндіріс • 15 Мамыр, 2024

Елдегі балық зауыттарына қатысты негізсіз қылмыстық істер қозғалған - депутат

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстандағы балық шаруашылығы төңірегіндегі мәселелерді қозғап, өткен жылы балық өнімдерін өңдейтін 9 зауытқа негізсіз қылмыстық істер қозғалғанын айтты. Осы орайда AMANAT Фракциясы мүшелері ҚР Бас прокуроры Берік Асылов пен Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховқа депутаттық сауал жолдады, деп жазады Egemen.kz.

Елдегі балық зауыттарына қатысты негізсіз қылмыстық істер қозғалған - депутат

Фото: parlam.kz

 

Ерлан Саировтың айтуынша, 2023 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан, Алматы, Түркістан, Атырау облыстарының барлық жерлерінде балық өнімдерін өңдейтін тоғыз зауытқа қарсы негізсіз қылмыстық істер қозғалған.

Аталған зауыттың барлығы өнімді экспортқа шығарумен айналысады. Демек, бұл зауыттардың бухгалтериясы ашық, ал шыққан өнімдер кеден арқылы бақыланып отырады.

Айта кетсек, отандық балық өнеркәсібі саласы 1 300-ге жуық балық шаруашылығының субъектілерінен тұрады, аталған салада және оған еншілес кәсіпорындарда 500 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Балық өнеркәсібі саласы - Қазақстанның дайын өнімді экспорттауға бағытталған бірден-бір экономикалық бағыты. Балықшылар  өңделген балық өнімдерін ЕО, Қытай, ТМД елдеріне, Таяу Шығыс елдеріне, сондай-ақ тағы басқа 36-мемлекетке экспорттап отыр. Өткен жылдары өңделген шортан, сазан, судак тәрізді балықтардың 30-мың тоннаға жуық өнімі экспортталған.

«Осынау еліміздің ішкі жалпы өнімін экспорттық тауарлармен толтырып отырған экономика саласының кәсіпорындарына Қаржылық мониторинг агенттігі салық төлеуден жалтырды деген екі ұдайы айыппен қылмыстық іс ашып қойған. Мемлекетке салық төлеп, мыңдаған азаматты жұмыспен қамтып отырған тоғыз зауыттың бүкіл бухгалтерия, іс-жүргізу құжаттары тәркіленген, кәсіпорындардың жұмысын тоқтатқан. Қаржылық мониторинг агенттігінің әрекеттері еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып отырған экономика саласының жұмысын толық тоқтатуға алып келуі мүмкін. Яғни, мемлекетке төленіп отырған салық тоқтап, балық өнеркәсібі, еншілес кәсіпорындарда істейтін мыңдаған азаматтың жалақысының төленбей, зауыттарға шетелден өнімді уақытында жеткізбегені үшін штрафтық санкциялардың келу қаупі төніп тұр. «Шаш ал десе, бас алатын» тексерушілер мен негізсіз тексерулерден балықшыларды арашалап қалуымыз керек», деді депутат.

Ерлан Саиров балықшылар тарапына жасалып жатқан шабуыл кейбір экономикалық күштердің рейдерлік әрекеттері де болуы мүмкін екенін айтты.

Осы орайда AMANAT Фракциясының мүшесі Қазақстанның экспортын қалыптастыратын экономика саласын дамыту жолында бірқатар ұсынысын ортаға салды.

«Бас прокуратура Қаржылық мониторинг агенттігінің балық зауыттарын тексерудің заңдылығын анықтауы қажет және қылмыстық істің ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Қаржылық мониторинг агенттігінің ашқан қылмыстық істеріне тез арада қажетті құқықтық баға беріп, қарастырылып отырған істерді заң аясында әділетті тоқтатуды қажет деп есептеймін. Бас прокуратура Құқық қорғау органдарының экономика субъектілеріне жөн-жосықсыз шеңгел қолдарын соза беруін тоқтатуы тиіс. Бас прокуратура Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құқық қорғау органдарға отандық бизнесті күштеуді тоқтату жөніндегі тапсырмасын толық орындалуын қамтамассыз ету маңызды», деп қорытындылады депутат.