Қазақстан • 15 Мамыр, 2024

«Е-Qurylys»: Алғашқы электронды атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойылды

136 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

13 мамыр күні «Bitrix» кросс-платформасымен біріктірілген «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесінде алғашқы электронды атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойылды. Бұл туралы Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

«Е-Qurylys»: Алғашқы электронды атқарылған жұмыстардың актісіне қол қойылды

Фото: Samruk-Kazyna Construction

«Біз «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша құжат айналымын толықтай электрондық форматқа ауыстырдық. Яғни, енді қағазбастылықты ұмытуға болады. Бұл отандық құрылыс саласы үшін үлкен серпіліс. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында: «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі және ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы», деп атап өткен еді. Құрылыс саласында Samruk-Kazyna Construction елімізде алғашқы болып «Е-Qurylys» жүйесіне көшіп жатыр», деді Мәулен Айманбетов.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында бірнеше ай бойы тиісті жұмыс атқарылды. «Е-Qurylys» ақпараттық жүйесінде барлық процесстер цифрландырылды. Сондықтан жобадан ауытқуға, орындалмаған жұмыстарды қабылдауға жол берілмейді.

Барлық актілер автоматты түрде жасақталады. Тиісті құжаттар мен фотосуреттердің бәрі электронды форматта жүйеге жүктеліп, электронды акт жасалмайынша, мердігерлерге бір тиын төлем жасалмайды. Бұл сыбайлас жемқорлық пен «бейресми қарым-қатынастар» сынды қауіп-қатерлерді болдырмайды, ал құрылыс процесі барынша ашық жүргізіледі.

Алғашында ұлттық жобаны «Е-Qurylys» платформасында іске асыруға Құрылысшылар одағы, өңірлердегі құрылыс басқармасы басшылары мен құрылыс компаниялары қарсылық білдірген. Олар жүйенің әлі «шикі» екенін алға тартып, ескі тәртіп бойынша «қағазбен» жұмыс істеуді сұрады. Сондай-ақ жобалық-сметалық құжаттаманың әлі сараптама қорытындысын алмағанын алға тартып, бұл бастаманы сынға алғандар аз болмады.

«Негізінде, бізде ақпан айында алғашқы актілерді қағаз жүзінде қабылдауға мүмкіндік болды. Алайда, жобаның ашықтығын, тазалығын қамтамасыз етіп, жемқорлық пен басқа да бұзушылықтарды болдырмау үшін құжат айналымын толықтай электронды форматқа көшіруді мақсат қойдық. Ол үшін 3 ай уақыт жоғалтуға тура келді. Халқымыз «асыққан шайтанның ісі», «сабыр түбі сары алтын» деп бекер айтпаған. Цифрландыру – қазіргі кезеңнің талабы екенін түсінген жөн. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы ЕРС-шарттар бойынша жүзеге асырылып жатыр. Яғни жобалау, құрылыс және жабдықтау жұмыстары бір уақытта «параллельді» жүргізілгендіктен, құрылыс мерзімі біршама қысқарады. Сондықтан да, жоба «пилоттық» деген мәртебеге ие. Біз жаңа әдістемені сынап жатырмыз. 98 мектепті оқу жылының басына дейін қолданысқа тапсыруды жоспарлап отырмыз. Олардың жартысынан астамы, яғни 53 нысанның жобалық сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, оңтайлы қорытынды алды. Қалғандары жақын арада сараптамадан оң қорытындымен шығады деп жоспарланған», деп түсіндірді Мәулен Айманбетов.

Samruk-Kazyna Construction Басқарма төрағасының айтуынша, жаңашылдықты ендіру және іске қосу процесінде көптеген техникалық қиындықтар туындады. Samruk-Kazyna Construction мен әзірлеуші компания мамандары бірлесе отырып, кемшіліктердің бәрін түзетті. Күн сайын мердігерлер мен жобалаушы ұйымдар, біздің қызметкерлер, техникалық және авторлық қадағалау сарапшыларының қатысуымен оқыту семинарлары, жиналыстар өткізілді.

«Қол қойылған бірінші электронды акті мен жасалған төлем – бұл бірнеше айға созылған қажырлы және үздіксіз жұмысымыздың нәтижесі. Осы іске атсалысқан барлық қызметкерге алғысым шексіз. Өйткені, қайталап айтайын, Samruk-Kazyna Construction әлеуметтік нысандардың ғана емес, жалпы құрылыста алғашқы болып «Е-Qurylys» платформасын ендірді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сондай-ақ зор жауапкершілік. Жүйені одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар әлі де жалғасын табады», деп түйіндеді Мәулен Айманбетов.