13 Қаңтар, 2015

Адамдарға сілеусін шабуыл жасады

302 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай облысының Қарасу ауданындағы Қарамырза ауы­лына кәдімгі сілеусін кіріп кетіп, тұрғындардың зәре-құтын қашырған. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Түз тағысы елді мекенге кірген кезде алдымен аула итіне, содан кейін осындағы «Рамазан-Қарасу» ЖШС көлік ауласының күзетшісіне шабуыл жасамақ болыпты. Азулы жыртқышты жақын жерден көре­мін деп ойламаған күзетші жалма-жан басқаларды көмекке шақырады. Адамдар жиналып қалған соң, сілеусін сескеніп, ауладағы жүк көліктерінің біріне барып жасы­рынған. Кейін оқиға орнына аңшылар келеді. Жыртқыш оларға да азуын ақситып, айбат шегеді. Серіктестіктің ауласына жиналған тұрғындар шапшаң қимылды сілеусін күтпеген жерден шабуыл жасаса, біреумізді жазым етуі мүмкін деп, жануарды атып алуды ұйғарады. Осылайша өлтірілген жануардың денесі аудан орталығына жіберілген. Аудандық мұражайға қою үшін ол таксидермия үрдісінен өткізілуі мүмкін. Айта кетейік, оқиға куәгерлері бұл жабайы аң қазақ даласына Ресеймен шекаралас орман айма­ғынан келіп, адасып қалған соң ауылға кіріп, өзіне азық іздеген болар деп жорамалдап отыр. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».