Жоба • 16 Мамыр, 2024

«Дипломмен – ауылға!»: Жоба мақсатына жетті ме?

276 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы қараша айында жаңа жеті­жылдық мерзімге ел Прези­ден­ті болып сайланған соң, алғашқы Жарлығын ауылға арнап, Үкіметке ауыл-аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арнал­ған тұжырымдамасын әзір­леу­ді тапсырған еді. Бұл құ­жат 2023 жылғы 28 наурыз­да қабылданып, онда ауыл шаруа­шы­лығын дамытып, ауылды жер­лерде өмір сүру сапасын жақ­сартуға бағытталған шаралар белгіленді.

«Дипломмен – ауылға!»:  Жоба мақсатына жетті ме?

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Солардың бірі – ауылдардағы кадр­ тапшылығын болдырмау мақ­са­тын­да жүзеге асырылып келе жатқан «Дип­ломмен – ауылға!» жобасын одан әрі жалғастыру және жетілдіру. Аталған мемлекеттік бағдарламамен қыруар іс тындырылғаны анық.

Мәселен, ауылдық елді мекендерде жұмыс­қа орналасқан 105 мыңнан аса маман әлеуметтік қолдау шараларын біржолғы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған жеңілдікті бюджеттік кредитті алған. Алайда олардың бір бөлігі барған жерлерінде тұрақтамай, көп ұзамай басқа жақтарға кетіп қал­ғаны мәлім. Салдарынан ауыл­дағы кадр тапшылығы мәселе­сі әлі толық шешілген жоқ. 2020-2022 жылдары ауылдық елді мекендердегі дәрігерлер саны 12,7 мыңнан 13,4 мыңға дейін (5,1 пайызға), орта буын медицина қызметкерлерінің саны 51,2 мыңнан 54,3 мыңға дейін (5,9 пайызға) өскен. Әйтсе де, осы кезеңдегі тапшылық 3,9 мың бірлік болған. Мұғалімдер қатары да 195,3 мыңнан 209,6 мыңға дейін (7,3 пайызға) көбейгенімен, бос орындар саны 2 240 бірлікті құраған.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша ауылдық жерлерге көшіп барып, жұмысқа орналасатын мамандардың жеңілдікті шарттармен 1 500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі бюджеттік кредитті пайдаланып, тұрғын үй сатып алуы үшін қойылатын негізгі талап – ауылдық елді мекенде орналасқан ұйымда тиісті мамандық бойынша кемінде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттеме қабылдау. Әу баста бұл мерзім 5 жыл болып белгіленген еді, кейін екі жылға қысқартылды. Соған қарамастан Ұлттық экономика ми­нистрлігінің мәліметі бойынша 2020 жылдан бері жеңілдікті кредитті пай­даланған мамандар санының азаю үрдісі байқалады. Нақты айтсақ, 2020 жылы 5 016 маман жеңілдікті кредит алған болса, бұл көрсеткіш 2023 жылы 3 518 маманға дейін, яғни 30 пайызға азайған. Ал кредит сомасы АЕК-тің жыл сайынғы инфляция мөлшеріне сәйкес арт­тырылуына орай, 2020 жылғы 4 167 мыңнан 2023 жылы 5 175 мыңға дейін өскен.

Бұл ретте «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында көрсетілетін әлеу­меттік қолдау шараларын күшейту мақсатында биылдан бастап тұрғын үй сатып алуға немесе салуға арналған жеңілдікті бюджеттік кредиттің мөлшері бұрынғы 15 жылға дейінгі 0,01 пайыздық сыйақы мөлшерлемесі сақтала отырып, аудан орталықтары үшін 1 500 АЕК-тен (5,2 млн теңге) 2 500 АЕК-ке (9,2 млн теңге) дейін және қалған ауылдық елді мекендер үшін 2 000 АЕК-ке (7,4 млн теңге) дейін ұлғайтылғанын айтқан жөн. Сарапшылардың пікірінше, осылайша жеңілдікті бюджеттік кредит мөлшерінің ұлғайтылуы ауылға жұмысқа барып, тұрғын үй сатып алғысы немесе салғысы келетін мамандар санының көбеюіне ықпал етеді. Бұл шара, әсіресе тұрғын үй бағасы салыстырмалы түрде арзан солтүстік өңірлердің ауылдық елді мекендеріне жұмысқа баратын мамандар үшін тиімді болмақ. Себебі Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, ауыл­ды жерде салынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метріне жұмсалатын орташа шығын өткен жылдың қазан айында Қостанай облысында – 73,3 мың теңге, Павлодар облысында – 97,9 мың теңге, Солтүстік Қазақстан облысында – 119,4 мың теңге болған. Ал осы көрсеткіш Шығыс Қазақстан облысында – 175,6 мың теңгеге, Абай облысында – 172,9 мың теңгеге, Алматы облысында – 166 мың теңгеге, Ақмола облысында – 161 мың теңгеге, Жетісу облысында – 158,6 мың теңгеге, Маңғыстау облысында 137 мың теңгеге жеткен. Осылайша, тұрғын үй шаршы метрінің бағасы шарықтап кеткен өңірлердегі ауылдарға жұмысқа баратын мамандарға тұр­ғын үй сатып алуға немесе салуға бөлінген бюджеттік кредит қаражаты жеткіліксіз болуы мүмкін. Өкінішке қарай, мүдделі мемлекеттік органдар ежелгі «бәрін бір шыбықпен айдау» қағидатынан әлі де бас тартпай келеді. Сарапшылардың айтуынша, әр өңір­­ге сараланған тәсіл қолданылғаны жөн.

«Дипломмен – ауылға!» жобасы бо­йынша ең жоғары нәтижеге жетіп отырған Түркістан облысында бір­жолғы көтерме жәр­демақы алған ма­ман­­дар санының бюджеттік кредит алған мамандар санына арақатынасы – 1:3. Яғни Түркістан облысының ауылдарына осы жоба бо­йынша келген әрбір үшінші маман ғана жеңілдікті кредит есебінен тұрғын үй сатып алды. Осыған ұқсас жағдай жалпы республика бойынша да байқалып отыр. Кейінгі үш жылда ауылдық елді мекендерге келген мамандар саны азайып кетті және «Дипломмен – ауылға!» жобасы аясында ұсынылатын екі әлеуметтік қолдау ша­ра­сының арасындағы алшақтық арта түсті.

«Негізгі мәселе кредиттің ұсы­ны­ла­тын мөлшерінің жеткілік­сіз­дігінде ғана емес, сонымен қатар халықтың кредиттелуінде, теріс кредиттік тарихтың болуында, жылжымайтын мүлік нарығында тұру үшін қажетті қолайлы жағдайлар жасал­ған тұрғын үйдің бол­мауында, ауыл­ды жерлерде жалақының азды­ғында және ха­лықтың шығыс­тарының көбеюін­де, сондай-ақ «Дип­ломмен – ауыл­­ға!» жоба­сы ая­сында көр­сетілетін әлеу­мет­тік қолдау шаралары туралы хабардарлықтың төмен болуында», дейді Эко­но­микалық зерт­теулер инсти­ту­тының жетекші сарапшысы Динара Мұқышева.

Шынында да, ауылға жұмысқа бар­ған дипломды мамандардың тұрақ­та­мауының негізгі себебінің бірі – олардың теріс кредиттік тарихына байланысты тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдікті бюд­жет­тік кредитке қол жеткізе алмауы. Өйткені кейінгі жылдары азаматтардың көпшілігінің әл-ауқаты төмендеп, екіншідеңгейлі банк­тер мен микроқаржы ұйым­дарынан ауыр шартпен кредит алып, қарызға белшеден батып жүргені белгілі. Ал Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 6 қарашадағы бұйрығымен бекітілген «Ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қыз­метшілеріне әлеуметтiк қолдау шараларын ұсыну қағидаларының» 18 тармағында: «Әлеуметтік қолдау шаралары бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ, сондай-ақ кейінгі екі жыл ішінде 90 күнтізбелік күннен аса мерзімі өткен берешегі жоқ көрсетілетін қызмет алушыларға ұсынылады», деп көрсетілген. Ауылды қажетті кадрлармен толық қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін аталған қағидаларға өзгеріс енгізіп, «Дипломмен – ауылға!» жобасы бо­йынша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін жеңілдікті бюджеттік кре­диттің қолжетімді болуын ойлас­тыру қажет.

Осы орайда былтыр «Дипломмен – ауылға!» жобасының сенімді агенті болып «Отбасы банк» тұр­ғын үй құры­лыс жинақ банкі та­ғайындалғаны дұрыс шешім бол­ғаны даусыз. Пайда қуған екіншідеңгейлі банктердей емес, мемлекет мүддесін көздейтін аталған мемлекеттік банк «Дипломмен – ауылға!» жобасына қатысушы ма­ман­дар­дың, әсіресе жоғары және арнаулы орта оқу орындары тү­лектерінің ауылдық елді мекендерге көптеп барып, маман­дықтарына сай жұмысқа орналасып, баспаналы болуына жанашырлық көрсетеді деп үміт­тенеміз.