Қоғам • 15 Мамыр, 2024

Жылына 10 -12 кітап оқиды

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінде қоғам кітап оқымайды деп көп шулаймыз. Тіпті жаһандық мәселеге айналып отыр. «Кітап оқымау» үрдісінің барша әлемнің түкпір-түкпіріне жайылуына әсер ететін фактор көп: қоғам, сана, тұрмыс, идеология, телефон. Десек те жастардың белгілі бір деңгейде кітап оқитынын да жоққа шығара алмаймыз.

Жылына 10 -12 кітап оқиды

Мәселен, жуырда ҚазҰЭК кітапханасы ақпараттық жүйесінің жариялаған көрсеткіші бойынша ең белсенді оқырман – жастар екен (51%). Екі­бастан. Ал 27%-ын профессор мен оқытушылар құрамы, мемлекеттік қызметшілер және түрлі сала мамандары құрайды.

Ал ең көп оқылатын әдебиет – салалық әдебиет (философия, медицина, математика, өнер, т.б.) – 69%, көркем әдебиет – 31%.

Егер статистикаға сүйенетін бол­сақ, медицина туралы кітаптарды – 23059, психология жайында – 6918, дін жөнінде – 2305, география хақында  12105 оқырман сұ­раған. Көркем әдебиет кітапхана оқыр­мандары арасында да сұранысқа ие.

Көркем әдебиетті түрлі жанрға бөліп қарастырсақ, романдар – 33%, детективтер – 19%, тарихи беллетрис­тика – 15%, қиял-ғажайып – 13%, шытырман оқиға – 12%, балалар әдебиеті – 8%.

Электронды кітапхананың (ҚазҰЭК) деректеріне сәйкес осы жыл­дың бірінші тоқсанында оқырман кітаптарды – 1 331 503, мерзімді басылымдарды – 178 623, авторефераттар мен диссертацияларды – 81 524, аудио-бейне құжаттарды 24 492 рет жүктеп оқыған және сайтқа әлемнің 102 елінен пайдаланушы кірген.

Сонымен еліміздің жас­тары жылына орташа есеппен 10-12 кітап оқиды екен. Сүйіп оқи­тын кітаптар қата­рында ХХ ғасыр мен қазіргі заманғы балалар жазушыларының шығармалары бар. Жастар арасында жауап берген респонденттердің көпшілігі кітапты көп оқитынын айтады. Мәселен, білім алу үшін – 55%, оқуды міндет ретінде қабылдайтындар – 5%, кітап оқуды ұнататындар – 40%. Тым жаман нәтиже емес.