14 Қаңтар, 2015

«Мөлдір» десе мөлдір

587 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
IMG_2524 - копияОл Ресейдегі Омбы қазақтарының рухани дем берушісі, осындағы мәдени іс-шаралардың бастамашысы болып отыр Ресей Федерациясы көп ұлтты мемлекет болып табылады. Елдің Конституциясында онда тұратын халықтардың өзін өзі билеуі және олардың тең құқылық қағидаттары нақтыланған. Сондықтан мемлекеттің ішкі саясатында ұлтаралық қатынастар, сондай-ақ, елдегі тұрақтылық маңызды рөл атқарады. Бұл мәселелерде ұлттық мәдени орталықтарды құрып, барлық этностардың дамуына жағдайлар жасаудың орны ерекше бөлек. Ресейдің бірқатар өңірлерінде, оның ішінде Қазақстанмен шекаралас жатқан облыстар аумағында қазақтар көптеп шоғырланған. Сондай аймақтардың бірі – біздің Омбы облысы. Соңғы жүргізілген Бүкіл­ресейлік халық санағының мәлімет­тері бойынша, облыс аумағында 78300-ден астам қазақ тұрады екен. Бұл Омбы об­лысында тұратын халықтың 4,1 пайы­зын құрайды. Жалпылай алғанда, қандас­тары­мыз Батыс Сібірдегі тарихи және этно­саяси үдерістерде ерекше маңызды рөл атқарады. Облыста қазақ мәдениетін дамытып, оған қолдау көрсетуде ұлттық мәдени бірлестіктерге үлкен сенім артылып келеді. Өйткені, осы ұйымдар ұлттық салт-дәстүрді, ана тілімізді сақтап, этностық толеранттылықты қалыптастыру міндетін өздеріне алып отыр. Ал Омбы облысында бүгінде белсенді жұмыс істеп келе жатқан «Мөлдір» қазақ мәдени Сібір орталығы» қоғамдық ұйымының құрылу тарихына келсек, ол әріден басталады. Бұл ұйым алғашында, яғни 1989 жылы «Мөлдір» қазақ клубы деп аталды. Кейіндеп ресми түрде қайта тіркеуден өткен соң, қазіргі атауына ие болды. Өткен жылы «Мөлдір» қоғамдық ұйымына 25 жыл толды. Қазіргі кезде облыс аумағы­ның жеті ауданында қазақ мәдени орта­лық­тары жұмыс істейді. Түрлі мәдени іс-ша­ралар осы орталықтар арқылы ұйымдас­тырылады және жүзеге асырылады. Осы тұста атап өтуіміз керек, облысы­мыз­да салт-дәстүрлерімізді, ұлттық ерек­шеліктерімізді жандандыруға бағытталған ұлттық қазақ қоғамын құру идеясы бұдан да ертерек көтерілген екен. Дәлірек айтқанда, 60-жылдардың басында Омбы қаласында қазақ студенттерінің жерлестігі деген орталық жұмыс істеген. Оның мақсаты – ұлттық мәдениетімізді дамыту және жаңғырту болған. Сонымен қатар, орталық облыстағы қандастарымыздың рухани өміріне қатысты өтініштерін қана­ғаттандыруды, қазақтың салт-дәс­түрін насихаттауды, халық арасында тарих пен этнографияға және мәдениетке байланысты ағартушылық жұмыстарды жүргізуді мақсат етті. Ал «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы жұмысының негізгі бағыттары фольк­лор­лық-этнографиялық, мәдени-ағарту­шы­лық, ғылыми-зерттеу, спорттық-сауық­тыру және шет елдердегі осындай қазақ мәдени ұйымдарымен жұмыс істеу мәселелері болып табылады. Бастапқы кезеңде біз негізінен ұлттық мерекелерде концерттер ұйымдастыру сияқты қызмет түрлерімен айналыстық. Қазақтардың өз әдет-ғұрыптарымен, салт-дәстүрлерімен етене жақын танысуларына қатысты іс-шаралар ұйымдастырып, оларды жоғары деңгейде өткізу бүгінде орталықтың басым бағытының бірі саналады. Осыған байланысты орталықтың белсенділері өз ана тіліндегі бағдарламаларымен облыс аумағындағы ауыл-селоларға жиі шығып, көпшілік алғысына бөленіп жүр. Сондай бір ауқымды ұлттық мереке өткен жылы «Бір шаңырақ астындамыз» деген атпен Омбы қаласындағы «Сибзавод» мәдениет үйінің сахнасында ойдағыдай өткенін атағанымыз жөн. Облыста орталықтың салт-дәстүрлік бет-бейнесі болып табылатын мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Наурыз жыл сайын кең көлемде аталып өтіледі. Бұл мерекені ұйымдастырушы әрі оның ойдағыдай өтуіне «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы үнемі ұйытқы болып келеді. Алғаш рет облыста Наурыз мейрамы осыдан 25 жыл бұрын тойланған еді. Содан бері ұлық мерекеміз бірде-бір рет атаусыз қалған емес. Қайта жыл өткен сайын оның іс-шаралар ауқымы кеңейе түсуде. Мысалы, 2005 жылы Наурыз Омбы филармониясының концерт залында ерекше нақышта аталып өтті. «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы бұдан басқа да іс-шараларға бастамашы болып жүр. Оған «Той-думан» деп аталатын мере­кенің жыл сайын өткізіліп келе жат­қан­дығы дәлел болады. «Той-думан» мәде­ниет пен спорт мерекесі ретінде көп­ші­ліктің есінде қалды. Өйткені, ол халқы­мыздың белгілі бір тарихи датасына арна­лады, сонымен бірге, онда қазақтың ұлт­тық спорт түрлері насихатталады. Мә­селен, 2011 жылы маусымда өткен осын­­дай мереке қазақтың атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасовтың 140 жыл­дығына арналды. Жоғарыдағыдай іс-шаралар бұдан кейін­гі жылдары да жалғасын тауып ке­леді. Айталық, 2012 жылы ұйымдас­ты­рыл­­­ған мереке Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы құрылуының 20 жыл толуы­на арналса, одан кейінгі жылы Абылай ханның 300 жылдығына бағытталды. Бұл мерекелерде оған қатысушылар қа­зақ күресі, тоғызқұмалақ турнирлерін, сон­­дай-ақ, ұлттық киім, ұлттық тағам әзір­леу сияқты конкурстарды тамашалады. Өт­кі­зілген осындай мәдени-спорттық іс-ша­ралар рухани бірлікті нығайтып, толе­ран­тылыққа тәрбиелеуге ықпал ететіні анық. Мұндай шаралардан бөлек, «Мөлдір» орталығы қазақтың халық шығар­ма­шы­лы­ғын насихаттауға бағытталған «Ұрпақ үні» облыстық фестивалінің өтуіне бастамашы болды. Фестивальдің мақсаты – қазақтың ұлттық мәдениетін жандандыру және оны кейінгі ұрпақтың бойына сіңдіру. Аталмыш шара облыстық «Бірлесу» ұлттық мәдени бағдарламасына енгізілген әрі ол Омбы облыстық әкімшілігінің қол­дау көрсетуімен өткізіледі. Сонымен қатар, біздің орталық 1991 жылдан бері «Ән­ші балапан» деп аталатын облыс­тық балалар фестивалін де тұрақты ұйым­дас­тырып келеді. Жыл өткен сайын оған қатысушылар қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады. Орталық жұмысының тағы бір маңызды бағыты – бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл болып табылады. Бұл мәселе дұрыс жолға қойылған. Мысалы, 1989 жылдың сәуірінде Р.Мұқанованың бастамашылық танытуымен және «Мөлдір» орталығының белсенділік көрсетуімен Омбы радиосының әуе толқынынан «Шұ­ғыла» радиохабары орын алды. Бұл об­лыс аумағында қазақ тілінде берілген ал­ғаш­қы радиохабар еді. Осы хабардың әр жыл­дары жүргізушісі және авторлары болған Р.Искенова мен Б.Жүнісованың есімдерін атап өткен жөн деген ойдамыз. Өкінішке қарай, аталмыш бағдарлама қаражат тапшылығына байланысты 2005 жылы әуе толқынына шығуын тоқ­татты. Алдағы уақытта «Шұғыла» әуе толқыны­нан қайтадан орын алады деген сенімдеміз. IMG_2501 - копия «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы, сондай-ақ, «Алтын бесік» журналымен, жергілікті «Омский ветеран», «Мои земляки» басылымдарымен де тығыз бай­ланыс орнатқан. Орталық облыс­та тұратын қазақтардың өз ана тілін ұмыт­пай, оны оқып-үйренуіне қолдан келген көмектерін көрсетуден аянып жатқан жоқ. 2004 жылдан бері осы өңірдің бала­лары Қазақстанда қазақ тілі бойынша өтетін халықаралық олимпиадаға үзбей қатысып келеді. Қазақ мәдени орталығы еліміздің өзге жерлерімен, Қазақстанмен және шетелдермен достық қарым-қаты­насты дамытуға ерекше көңіл бөліп оты­рады. Соның нақты айғағы ретінде Қазақ­станның Омбы облысындағы мәдени күн­дерін атауға болады. Оған танымал қазақ­стандық ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты. Бүгінде біздің орталық бірқатар шетелдердегі қазақ мәдени бірлестіктерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Мәдени орталық, сондай-ақ, қазақ өнерін өз елімізде және шетелдерде кеңі­нен танымал етуде де игі істер атқарып жүр. Мысалы, «Мөлдір» әр жылдары Пав­лодар облыстық және Солтүстік Қазақ­стан облыстық драма театрларының, Ас­тана мен Алматы қалаларындағы өнер ұжымдарының гастрольдерін Омбы­да ұйымдастыруы арқылы көпшілік ілти­патына бөленді. Орталықтың баста­маш­ы болуымен Астанадағы Президенттік мәдени орталығында Ресейдің қылқа­лам шебер­лері А.Шәкенов пен Ғ.Баймұ­хановтың көрмелері өтті. Сонымен бірге, біздің ұжым омбылық талантты ақын А.Жүсіповтің түрлі деңгейдегі ақындар айтысына қатысуына, шығармашылық кештерін өткізуіне, оның кітаптарын шығаруына қолдау көрсетті. Бірлік пен ынтымақты ту еткен «Мөл­дір» қазақ мәдени орталығы Қа­зақ­стан­да өтетін халықаралық өнер фести­валь­дарынан сырт қалып көрген емес. Мүм­кіндігіне қарай жүлделі орындардан көрі­ніп те жүр. Мысалы, «Ұлы мұра» халықара­лық конкурсында «Мөлдір» халықтық фольклорлық-этнографиялық ансамблі «Вокал» аталымы бойынша І-дәрежелі дип­лом алса, ал «Ақ жаулық» ансамблінің ән­шісі Әсия Ералинова Ақтөбе қаласында өт­кен кон­курста жүлдегерлер қатарынан көрінді. Біздің орталық үшін есте қалатын және бір айтулы оқиға ұжымның 2013 жыл­дың наурызында Мәскеуде өткен «Қош келдің, Наурыз!» деп аталған тұң­ғыш қазақ мәдениеті фестиваліне қаты­суы дер едім. Аталған фестивальға қатысуымызға қазақстандық бизнесмен А.Логвинов қаржылай қолдау көрсетті. Ал фестиваль Мәскеудегі Ұлттар үйінің 15 жылдығына арналған. Біздің делегацияның құрамында 40 адам болды. Сол сапарда біз Чистопрудный бульварындағы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне және Қызыл алаңдағы Белгісіз солдат ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, түрлі мәдени концерттік шараларға қатыстық. Қазақтың батыр қыздарының бірі – Әлия Молдағұлова атындағы мектепте болу бақытына ие болдық. Фестиваль қорытындысында «Бір Отан, бір тағдыр» фильмі түсірілді. Оған Омбы облысы қазақтарының «Бірлік» өңірлік қоғамдық ұйымының төрағасы, омбы­лық кәсіпкер Б.Әлжановтың қаржы­лай демеушілік көрсеткенін атап өту ләзім. Орталығымыз құрылған кезден бастап мемлекеттік билік органдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Омбы облысының мәдениет министрлігі этномәдени саладағы іс-шараларды жүзеге асыру үшін қаржы бөліп отырады. Соның нәтижесінде 2011 жылы «Атамекен» бағ­дар­ламасының тұсауы кесілді, 2012 жылы министрліктің қаржылай қолдауымен, Омбы облысындағы қазақ мәдениетінің онкүндігі өткізілді. Ал 2013 жылы Омбы облысының мәдениет министрлігі өңір ау­мағындағы ауылдар тұрғындары ара­­сында этнографиялық зерттеулер жүр­­гізіп, қазақтардың қоғамдық және мәдени өміріне қатысты жобаны жүзеге асыруға субсидия бөлді. Осы жоба шең­берінде облыстың ауыл-селоларында этнографиялық материалдарды жинау ісі жүргізіліп, түрлі ұлттық бұйымдар бейнеленген түрлі-түсті буклет басып шығарылды. Баспаға ол дүниені тарих ғылымдарының кандидаты, омбылық ғалым Ш.Ахметова дайындады. «Мөлдір» ұлттық мәдени орталығы өзінің қызметі барысында ашықтық пен тазалықты басшылыққа алады. Біздер ресейлік және өңірлік байқау-конкурстарға қатыса отырып, коммерциялық ұйым емес ретінде жылдық есептілікті осы мә­с­е­­лелерге арналған дөңгелек үстелдер басын­да ашық түрде ортаға салып келеміз. Орталықтың осындай жариялылық ұста­ны­мын өткен жылы Омбы облыстық қоғамдық палатасының комиссиясы жоғары бағалады. Орталық, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүргізумен де айналысады. Әрі көптеген ғылыми және тәжірибелік конференциялардың ұйымдастырушысы, қатысушысы болып табылады. Мысал үшін атап өтейін, кезінде Ресейдегі қазақ мәдени орталықтарының жетек­шілері Ұлттық мәдени автономия тура­лы федеральдық заң жобасын талқы­лау үшін алғаш рет тәжірибелік конферен­ция ұйымдастырған еді. Ол өте жақсы бағаланды. Жоғарыда атап өттік, «Мөлдір» Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіне қарасты Археология және этнография инсти­тутының Омбыдағы филиалымен бірлесіп, жемісті жұмыстар атқарып келеді. Айталық, 2007 жылы «Ертіс бойын­дағы Омбы қазақтарының тарихы» деген тақы­рыпта халықаралық ғылыми тәжіри­белік конференция өткізілді. Жиын қорытын­дысында 40-тан астам ғылыми мақала мен баяндамадан тұратын жинақ жарыққа шықты. Онда қазақ халқының этностық та­ри­хы, этнографиясы, мәдениет­ара­лық өзара іс-қимылы, тағы басқалар көрініс тапқан. Осы игі дәстүр кейінгі жылдары да жалғасын тапқанын айтуымыз керек. Өткен жылы жоғарыда аталған институт­тың Омбы филиалы «Мөлдір» қазақ мәдени орталығымен бірлесіп, «Еуразия кеңістігіндегі қазақтар: тарихы, мәдениеті және әлеуметтік мәдени үдерісі» деген тақырыпта халықаралық ғылыми тәжірибе­лік конференция өткізді. Бұл жиын Омбы өңірлік «Мөлдір» қазақ мәдени сібір­лік орталығы» қоғамдық ұйымының 25 жылдық мерейтойына бағышталды. Мере­ке­лік шара аясында қазақ мәдениетінің құндылықтарына қатысты көрнекі үлгі құралдар мен экспонаттар көпшілік назарына ұсынылды. Көрмедегі басты экспонат барлық жасау-жабдығымен ерекшеленіп тұрған қазақтың киіз үйі болды. Таяуда бұл үрдіс одан әрі жалғасты. Ол – павлодарлық өнер иесі Майса Ықыласованың Омбы облыстық А.С.Пушкин атындағы кітапха­на­сының фойесіне қойылған сурет көрмесі. Қандасымыздың өз туындыларын биязы қой жүнін пайдалану арқылы жасап, ақша бұлт, ақша қар детальдары мамық түбітпен көркемделген живопись көріністеріне көрермендер ерекше риза болды. «Мөлдір» қазақ мәдени орталығы өзінің осындай өміршең игі істерімен Ресей қазақтарының ыстық ықыласына бөленіп келеді. Қайталап айтамыз, орталықтың басты мақсаты – Омбы облысының аумағында тұратын қазақтардың ана тілін, ұлттық әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жандандыруға ықпал ету. Біздің орталық осы үдеден шығып келеді деген ниеттеміз. Алтынай ЖҮНІСОВА, Ресей Федерациясындағы «Мөлдір» қазақ мәдени Сібір орталығы» Омбы өңірлік қоғамдық ұйымының директоры. Ресей Федерациясы, Омбы облысы.