Қазақтың «Қатағасын», дәлірек айтқанда, есімі алты алашқа әйгілі, танымал тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының жезтаңдай әншісі Қатимолла Бердіғалиевті білмейтін жан кемде-кем. Алпыстың асқарына шықса да сол «сүліктей» қалпынан танбаған ағамызбен елордамыздағы гастрольдік сапарларының бірінде арнайы барып, сұхбаттасқан болатынбыз.
«Айман-Шолпан» жырының 200 жылдығы аталып өтпеді
– Қатимолла аға! Алпыс жасты алқымдаған шағыңызда «Айман-Шолпан» шығармасын жырлап, жұртқа жыршылық жаңа қырыңызбен танылдыңыз. Жасыңыз ұлғайған тұста ұзын-сонар жырды жаттау, есте сақтау қиынға соқпады ма? – Осыдан өзім де қорықтым. Медицинада: «Адамның жасы ұлғайған сайын оның есте сақтау қабілеті азаяды», деген қағида бар. Көз жанарым ертерек кетіңкіреп қалғандықтан, мен көп жыл бойы жадыммен жұмыс істеп келе жатқан адаммын. Адамның қолы жұмыс істеген сайын білегі шыныға түседі. Сол секілді менің жадым да шынықты ма екен, маған ұзын-сонар жырды жаттау, оны есте сақтау еш қиынға түскен жоқ. – Сағат жарым уақыт бойы «Айман-Шолпан» жырын демалмастан жырладыңыз. Қазақ халқында бұдан да бөлек ірі-ірі дастандар баршылық. Таңдауыңыз неге осы шығармаға түсті? – Біріншіден, жырды менің бірінші жырлауым. Үлкен жырларға қарауға жүрексіндім. «Жаттай алар ма екенмін» деген қорқыныш болғаны да жасырын емес. Екіншіден, осы жырда үлкен драмалық шиеленіс бар. Халық жалықпай тыңдайды. Тыңдап отырған халық сериал көріп отырғандай әсерде болады. Бұл жырды ең алғашқы рет күйтабаққа 1982 жылдары Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев ағамыз түсірген. Осыдан отыз жыл бұрын сол кісінің күйтабағынан тыңдап, осы жырды жаттасам екен деп армандап қойғанмын. Бірақ, өзің білесің, адамда жыр жаттап отыратын уақыт бола бермейді. Алпыс жасым жақындағанда: «Оркестрмен ән саламын, домбырамен айтып жүрмін. Енді халыққа не көрсетсем екен?» деп көп ойландым. Сосын таңдауым «Айман-Шолпан» жырына түсті. Бұл таңдауымды Алла тағаланың өзі дәл келтірді ме, жолым болғанда, сол жылы осы жырдың 200 жылдығы екен. «Егемен Қазақстан» газетінің сол жылғы 25 сәуірінде жарық көрген мақалада осы жырдың 200 жылдығы еш жерде аталып өтпей жатқандығы туралы жақсы жазылды. Шынында да, еліміздің түкпір-түкпіріндегі бір мәдени ұжым немесе филармония жақ ашқан жоқ. Тек біздің Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы осы жобамен аталмыш жырды өскелең ұрпаққа таныстыру, насихаттау, жалпы өнерімізді, мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында еліміздің аймақтарын аралап шықтық. – Осы жырды Сәбит Оразбаевтың түсірген күйтабағы бойынша жаттадым деп отырсыз. Яғни, Сәбит ағамыздың жырлаған мақамы бойынша. Өз тарапыңыздан жырды жырлау барысында мақам, саз, басқа жағынан болсын қандай да бір өзгерістер енгіздіңіз бе? – Сәбит ағамыздың жырлауы да сазға өте бай екен. Саз жағынан, мақам жағынан кейбір өзгерістерді енгіздім. Аздап Батыстың мақамдарын қостым. Кейбір диалогтарда, мысалы, Маман мен Көтібардың диалогында бірін-бірі әжуалайтын жерлері бар. Көтібардың Маманға: «Мінгізген ашамайға ұлың бар ма?» дейтін жерінде батырша образда ойнап күлемін. Маман байдың Көтібарды «кедейсің» деп күлетін жерінде де сызданамын. Осындай-осындай тұстарында өз тарапымнан өзгерістер енгіздім.Өнерпаздардан гөрі тыңдармандар жағы қатты қорқытады
– Аға, есімі алты алашқа әйгілі, ел таныған, қоғамға да, халқына да аянбай қызмет етіп, мәдениет саласында өз қолтаңбаларын қалдырған көзі көрмейтін төрт өнер өкілін халық әлі күнге дейін жақсы біледі, жақсы көреді. Солардың бірі – өзіңізсіз. Қалған үшеуі – мықты композитор, «Ақтамақ», «Жанерке» деген әндердің авторы Садық Кәрімбаев, әнші Мәкен Әлиасқаров, Жезқазғанның «Қаракөз» ансамблінде қызмет жасаған, «Ана туралы баллада», «Неге солай?» деген әндердің авторы Жақсыкелді Сейілов ағаларымыз. Менің сұрайын дегенім, ертеңгі ұрпаққа қандай аманат қалдырғыңыз келеді?! – Жалпы, адам баласының пешенесіне не жазылса, соны көреді деп жатады. Менің басында көзім көрді. Бірақ, осы көзімнің әлсіз екендігін, бір күні кететіндігін басынан біліп жүрдім. Соған өзімді-өзім дайындадым. Көзім көрмей қалған жағдайда өзімді мойымауға үйреттім. Өзімізден кейінгі ұрпаққа айтарым, ешқашан қиындыққа мойымай, өзінің алға қойған мақсатына жету жолында соңына дейін күрессе екен деймін. Қиындық деген – міндетті түрде көзі көрмей қалу емес қой. Өмірде басқа да түрлі жағдайлар кездесіп жатады. Ең бірінші – алдарына мақсат қоя білулері керек. Сол мақсатқа қалай жететінін таразылап, соған ұмтылса алынбайтын қамал жоқ. Бұл – жеке тұрғыдан алғандағы мәселе. Ал ұлт болып, қоғам болып қиыншылыққа мойымау, алдыға мақсат қою – бұл бөлек дүние. Қазіргі заманды біз өмір сүрген заманмен салыстыруға мүлдем келмейді. Біздің тіліміз, діліміз, әдебиетіміз бен мәдениетіміз сияқты асыл құндылықтарымыз бар. Мен келер ұрпақты осыларды сақтауға, қорғауға, басқа ұлттың жетегінде кетпеу жолында күресуге шақырамын. – Сізді не толғандырады? – Мені өнерпаздардан гөрі тыңдармандар жағы қатты толғандырады. Дәстүрлі әнге деген көрерменнің ықыласы азайып барады. Қазір колонкадан дүңкілдеген дыбыс шықса, орнында отырып, ауру адам секілді селкілдеп билей бастайды. Бірде-бір тойда Майра Ілиясова келіп «Бурылтайды» айтты. Осы әннің бір тұсына әнді әрлеуші ырғақ қосқан екен. Әннің сол жеріне келгенде отырған халық орынан тұрды да, билей бастады. Ән жолдары: Таңбасы жоқ, ені жоқ Бурылтайдың, Сағасы өткел бермейді өзен-сайдың. Құба жолға шоқытып шыға келсе, Өзі жатыр, жұрты жоқ қалқатайдың, – деп келеді. Кездесуге келіп, кездесетін ғашығын таба алмай жігіт мұңайып тұрса, оған халық мәз болып билеп жүр. Мұңды әнге билеп жүр. Майра ән аяқталған соң: «Көп-көп рахмет, отырып тыңдаған адамдарға», деп астарлап жеткізді. Сол сияқты, біздің кейбір тыңдармандар әннің құрылысын, айтайын деген ойын, мазмұнын, сөзін түсінбейді. Тек билеуге келетін ән болса болды, билей жөнеледі. Қазір консерваторияны тәмамдаған мықты жастарымыз – дәстүрлі орындаушылар бар. Ән мен сөз түзеліп келе жатыр. «Сөз түзелді, тыңдаушым, сенде түзел» деп Абай айтпақшы, енді тыңдаушы тарап түзелсе екен деймін. – Бір әңгімеңізде: «Дәстүрлі әншілер шеруі» дейтін бір дертке шалдықтық. Төрт-бес әншіні сахнаға шығарып, бір-бір шумақтан ән айтқызады. Одан да бір ғана әншіге екі-үш ән орындатқан жөн. Ұлттық өнер өкілдерін мазақ еткендей нәрсе ғой. Дәстүрлі әншілер ән айтты деген аты ғана болмаса, заты жоққа тән. Осындай келеңсіздік қазақ әнінің бағасын түсіреді. Осыны ойлап тапқан режиссердің көзін ойып алу керек», деп алаңдаушылық танытқаныңызды білеміз. Бұл дертті жою үшін не істеуіміз керек? – Расымен де, «Дәстүрлі әншілер шеруі» дейтін дерт дендеп барады. Қарап отырсаңыз, мұндай жағдайлар тек мемлекеттік деңгейдегі концерттерде орын алып жатады. Режисссер уақыт үнемдейміз дейді де, әлгіндей жағдайға салады. Ал мемлекеттік концерттен басқа концерттер үлгі алады емес пе? Осылай жалғасып кете барады. Сондықтан мемлекеттік концерттерді ұйымдастырып жүрген министрлік бұл жағдайды түзеуі, халық әндерінің жанашыры болуы керек.Облыс пен облысты
айтыстыратын дәстүр қайта жанданбай, айтыс оңбайды
– Бір сұхбатыңызда «Айтыс – футбол ойыны сияқты. Әрбір жақсы футболист өзі уақыты келгенде, жасы келгенде стадионнан кетеді» депсіз. Сіз де өз уақытыңызда сол «стадионның» мықты ойыншыларының бірі болдыңыз. Қазір айтыстан алыстап кеттіңіз. Десе де, бүгінгі күнгі айтысқа көңіліңіз тола ма? – Айтыс өсті, айтыс жақсарды. Бір кездегі сөз құрауларға қарағанда қазіргі сөз құраулар әдемі. Мазмұны да келелі. Бірақ, менің бір көңілім толмайтын жайт бар. Бір кездері облыс пен облысты, аудан мен ауданды айтыстыратын. Кезінде руға, жүзге бөлгендей, облыс пен облысты бөлу үшін емес, ел мен елдің жетістігін, кемшілігін айту үшін. Осы дәстүр жойылып кетті. Бұл дәстүр қайта жанданбай, бір жолға қойылмай, айтыс оңбайды. Дайын бір тақырыпқа ғана айтысып, біреу алатын, енді біреуі қалатын төңіректен шықпайды. Жаңағы дәстүр жанданса, елдің жетістігі де көрініп, кемшілігі де айтылады. Ел намысқа шабатын болады. Бір ауданның кемшілігі айтылса, сол кемшілік міндетті түрде түзеледі. Екіншіден, бұрынғы кездері басылым бетіне сын шықса немесе айтыста сын айтылса – облыстың, ауданның немесе белгілі бір мекеменің басшылары сыннан қорытынды шығаруға, жөндеуге тырысатын еді. Бүгінгі таңда екі күннің бірінде газетке сын шығып жатса да, мыңқ еткен басшыларды көрмейміз. – Сіздің айтысыңызды халық әлі күнге сағынады. Кейде «неге айтыспай кетті?» деген заңды сауал туады? – Айтыстан өз уақытым келген соң кеттім. Екіншіден, менің мамандығым – әншілік. Мен айтысқа баспалдақ болсам, екінші бір қырымнан көрінсем деп келдім. Бірақ, мен дәстүрлі әншілігімді айтыстан әлдеқайда жоғары қоямын.Ұлы адамдардың қателігі де ұлы болады екен
– Ән, күй, жыр өнерінің ұлы тұлғалары елеусіз қалып жатқаны мәлім. Сізді жұрт Мұхит ән мектебінің үзігін жалғастырушы ретінде біледі. Мұхит бабамыздың 170 жылдық мерейтойы болғаны мәлім. Бүгінде Мұхит бабамыздың мұралары қаншалықты зерттелген, қаншалықты танымал? – Мұхит бабамызды нақты зерттеген адам – Ахмет Жұбанов. Одан кейін бабамызды оңды-солды зерттеп жатқандар баршылық. Кейбіреулер бабамыздың бір әнін біреуге беріп жатыр, біреулер әкеліп қосып жатыр. Десек те, Мұхит бабамыздың өзінің стилі белгілі. Қазіргі таңда Мұхиттың 20 әні айналымда жүр. Оның бер жағында кейде Мұхиттың әндері болып кететін әндер де бар. Бірақ, Ахаңның (Ахмет Жұбановтың – Н.М.) зерттеуі ғана нақты деп ойлаймын. Былайғы зерттеушілер бабамыздың әндерінің шығу тарихын бұрмалап жүр. Мысалы, Мұхиттың «Үлкен Айдай», «Кіші Айдай» әндерін бір зерттеушілер Айдай, Таңдай атты қос қызға ғашық болып шығарғаны деп жүр. Бұл енді қып-қызыл өтірік. Бұл әнді Мұхит ұстазы Бала Ораз деген әншіге арнап шығарған. «Бала Ораз» әнінің атауы «Кіші Ораз» делініп, ақырында «Кіші Айдайға» өзгереді. «Айдай» деген – әннің қайырмасында кездесетін одағай сөз. Кейіннен халық «Бала Ораз» қашанғы бала болып жүре береді, ол өсті ғой» деп, қолқа салған соң «Үлкен Ораз» әнін шығарыпты. Бұл – «Үлкен Айдай» әні. Бұл дәлелденген нәрсе. – Орыс әндерінің саратовтық, еділдік, сібірлік деген тәрізді ерекшеліктері бар. Бірақ олар оны бір орыстың ортақ мұрасы ретінде қарайды. Тағы басқа елдерде де солай. Бізде де әр аймақтың мақам-саз ерекшеліктеріне байланысты дәстүрлі мектептері бар. Бірақ, соңғы кездері осы мектептерді алалау өршіп тұрған секілді ме, қалай? – Әр мектептің өзінің стилі, тарихы, өкілдері бар, соған қарап бөлген дұрыс нәрсе. Жасырын емес, кезінде осы мектептерді алалау деген болды. Ұлы адамдардың қателігі де ұлы болады екен. Бұл – сол кездегі «ұлы» адамдарымыздың жіберген қателігі. Кезінде стилін білу үшін мектеп-мектепке бөлді, кейіннен алалады. Алалау дегенге қарсымын. Айналып келгенде барлығы бір қазақтыкі емес пе? Ендігі үмітім, кейінгі өсіп келе жатқан жастар осы алалауды тоқтататын шығар деп ойлаймын.Тойға шапқылаған адам кәсібилікке мән бермейді
– Осыдан 20 жыл бұрын айтыс алғаш бой көтеріп, ұлттық намысты жанып, қазақтың санасына сілкініс әкеліп жатқан тұста, қалың орыстың ішінде жүрсеңіз де айтыстың көрігін қыздырып едіңіз. Қазіргі таңда Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияда шәкірт тәрбиелеп жүрсіз. Қандай шәкірттеріңізбен мақтана аласыз? Жалпы, жас әншілердің кәсіби біліктілігіне көңіліңіз тола ма? – Оралда 18 жыл бойы музыка колледжінде дәстүрлі әннен сабақ бердім. Осы 18 жылдың ішінде көптеген шәкірттерді баулып, қияға қанат қақтырдым. Бүгінде Қайрат Кәкімов, Ерлан Өмірәлі, Күләш Қуанышқалиева деген шәкірттеріммен мақтана аламын. Бүгінгі таңдағы жас әншілердің кәсіби біліктілігіне келсек, әу баста өнерді сүймесе олар бұл жолды таңдамас еді. Бірақ отбасы, бала-шағаның қамымен жүріп, кәсіби жақтарын ақсатып алып жатқандары да жасырын емес. Өзің білесің, өнер адамдарының жалақысы мәз емес. Сондықтан да, көбісі күнкөрістің қамын күйттейді. Егер өнер адамдарына полиция қызметкерлерінің жалақысын берсе, онда олар кәсіби жақтарын ақсатпай, тек шығармашылықпен ғана айналысар еді. Өздерін өзі күткен болар еді. Тойға шапқылаған адам кәсібилікке мән береді деп айта алмаймын. – Кез келген саланың кәсіби мамандары ел орталықтарында әзірленеді. Бұл – музыка саласына да тән құбылыс. Алайда, өзіңіз сияқты нағыз өнер майталмандарының аймақтарда елеусіз қалып отырған жайы бар. Астана мен Алматы сияқты қалаларда дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуді жоспарлап па едіңіз? – Біріншіден, оған жас келді. Екіншідей, жағдай жоқ. Пәтерден пәтерге көшіп жүретін жастық шақ келмеске кетті. Мәселен, біздің мықты шәкірттеріміз бар, соларды шақырып дәріс бергізуге әбден болады ғой. Оларға да пәтер бермейді. Осы мәселені жолға қою керек. Жастарды қолдау керек. Ал өзіме келетін болсам, баяғыда бір кісі: «Ауылда туып, Кеңсайда өлу міндет емес қой» деп айтқан екен. Сол секілді Оралда жүріп-ақ, республикаға танылдық. Ел құрметтейді. – Соңғы кездері халық әндерін де, күйлерді де эстрадаға салып орындау белең алып кетті. Осыған қалай қарайсыз? – Эстрадаға салып орындауға келетіндері де, келмейтіндері де бар. Кейбір әндерді «зорлап» салып жүргендерін де көріп жүрміз. «Маусымжан» секілді ырғақты әндер эстрада жанрымен айтуға келеді. Ал енді Мұхиттың «Зәурешін», Ақан серінің «Құлагерін», Біржанның «Теміртасын» эстрадаға түсіріп айту деген – обалдың обалы. Бұл әндердің өзіндік тарихы, айтайын деген ойы, мұңы бар. Сондықтан тыңдарманға даңғырлаған эстрадамен емес, табиғи күйінде жеткені жөн.Жанарымдағы мүкістікке бола еш тоқтап қалған жоқпын
– Сіздің отбасыңыз жайлы сөз қозғалғанда, өзіңіз қызмет ететін оркестрдегі домбырашы ұлыңызды ғана білеміз. Отбасыңыз жөнінде айтып берсеңіз? – Үйде Бәтима деген жеңгең бар. Аңсар, Нұрғиса деген қос ұлым, Айза, Ботакөз атты келіндерім бар. Екі ұлымнан Амандық, Гүлсана, Нығмет, Нұрсана деген немерелер сүйіп отырмын. – Жеңгеміздің өнерге қатысы бар ма? – Бәтима жеңгең – мықты тыңдаушы. – Жеңіл автокөлікті жақсы көретініңізден хабардармыз. Бос уақытыңызды көлігіңізге арнайды екенсіз?! – Жеңіл автокөлікті ұнататыным рас. Бала кезімде, көз бар кезде көлік жүргізгенмін. Техникаға құмартып өскен жандардың қатарынанмын. Қазір елімізге келіп жатқан көліктер – шетелде 10-15 жыл жүрген машиналар ғой. Солардың ескілеу біреуі менің қолыма түсті. Бос уақытымызда соның бұзылған жерлерін жөндеймін. Бір жерін жөндесең, екінші жері кетіп жатады. Хоббиім сол болғандықтан, көлігімді жөндеуден жалыққан емеспін. – Сізді білетін адамдар: «Алпысқа келсе де сүліктей. Баяғыда студент кезімізде сахнадан көріп, өнеріне тәнті болған Қатимолла ағамыз әлі қаз-қалпында» деп жатады. Бір жағынан асқақтатып, шарықтатып салатын халық әндері айрықша бап пен қажыр-қайратты, күш-қуатты талап етеді. Жастық жалын мен жігердің орнын да ешкім жоққа шығара қоймас. Жас келген соң да дауыс та тая бастайды. Бірақ, сіздің бабыңыз әлі орнында. Қатаға, дауысыңызды, денсаулығыңызды, жалпы өзіңізді қалай күтесіз сонда? – Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Жас кезімізде автоклубта шыныққан жігіттерміз ғой. Ол кездің клубтары салқын. Салқын сусындар мен салқын тағамдар. Жас келген сайын, бұрынғыдай «салқындарды» ысырып тастауға тура келді. Тамаққа салқын тигізуге болмайды. Жылы ұстау керек. Салқын тие қалған жағдайда, емделудің қамын жасау керек. Ең бастысы – жүйкені көп жұқартуға болмайды. Мен өзім «күйгелек» адаммын. Мені жұрт психологтардың тілінде «холерик» деп атайды. Айтса айтқандай, тез ашуланып, тез басылатын адаммын. Құдайға шүкір, үйдегілер жүйкеме қатты жүк түсірмейді. Көп шаршатпайды. Солардың арқасында, әлі күнге дейін «сүліктей» болып жүрген шығармын деп ойлаймын. – Көз жанарыңыздағы мүкістік сізге көп кедергісін келтіретін шығар? – Ол кедергілердің бәрінен өттім. Көз бар кезінде оқып алдық, білім алдық, отбасын құрдық. Әрине, жанарыңның көргеніне не жетсін! Бірақ, оған бола тоқтап қалған мен жоқ. Жүріп-тұра аламын. Жеке көлік жүргізушім бар. Сахнаға шығып-түскенде ғана қиналамын. Ол кездерде біреуге байланысты болып қаласың. Міндетті түрде екінші адамның көмегі қажет болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ, журналист. АСТАНА.