(Эссе)
1967 жылы маусым айында Ұлы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына арналған Кеңес Одағы мен Моңғолияның ғалым, жазушы, өнер жұлдыздары қатысқан тұңғыш симпозиумда Кеңес Одағының жазушыларын бастап келген Сәбит Мұқанов пен Моңғолия жазушыларының құрамында болған осы жолдардың авторы.
Патшалық үстемдікке қарсы басын бәйгеге тіккен Алаштың аяулы ұландарының ұранына айналған мына бір сөзге көп мағына сыйғандай. Ер жігітке шешен де болар кез келер, көсем де болар кез келер. Сол қасиетің өзіңе кесел де болар кез келер! – дегендейін, қарақан басының қамы емес, қалың қауымның қайғысына алаштықтар үн қосыпты. Патшалықтың озбырлығы шектен шығып, Қазақ елі құлдыққа қарай құлдырап бара жатқан соң өздерін құрбандыққа шалып, отаршылдық пен озбырлыққа қарсы тұрыпты. Олар қолдарына қылыш-семсер ұстаған жоқ. Қалам ұстап, қызыл тілге дес беріпті. Бас кессе де тіл кеспек жоқ. «Оян, халқым!» – деп отқа оранғандай ортаға шыққан. 300 жыл билеген озбыр патшадан соң келген Кеңес өкіметі де қазақты оңдырған жоқ. 1938 жылға дейін созылған орыстандыру, отырықтандыру науқаны, әсіресе, қазақ халқына тым ауыр тиді. Малынан айырылған жұрт аштықтан қырылды. 3,2 миллион қазақтың аштан өлгені тек 1991 жылғы Тәуелсіздіктен соң ғана жария етілді. Кемелденген социализмге барамыз деп ұрандатқан 1960 жылдан 1980-жылдардың соңына дейінгі мерзімде мен Моңғолияның бетке ұстар газеті, ел өмірінің айнасы болған «Үнэн» («Ақиқат») газетінде тілші-шолушы болдым. Сол кездері социалистік елдердің көсемдері, ғалым, жазушы-журналистері, сөз зергерлерімен аралас-құраластым. Бүгінде өз тағдырыма риза болғандай екенмін. Екінші дүниежүзілік қанды соғыста «Правданың» тілшісі болған Илья Эренбург, Борис Полевоймен сыр шертіскен кездерім әлі көз алдымда. 1939 жылғы Халхин гол шайқасына орай Константин Жуков Моңғолияға кеңес армиясын бастап келгенде кілең қара көз, қара шаш адамдарды жасақтағаны сияқты, 1945 жылғы тамыздағы жапон самурайларын тізе бүктіргенде де осы қара шашты, қара көзді солдаттарды қалай жасақтағанын Моңғолияға соңғы келгенінде көсіле айтқан еді. Жапонның самурайлары қытайды қырғындап, қазақ пен моңғолдың құнарлы жеріне иелік ету үшін екі дүркін ойран салғанда миллион ғана халқы бар моңғолдар самурайларды кеңес әскерлерінің күшімен, әсіресе, қазақтардың ержүрек ұландарының арқасында тізе бүктіргенін ешбір жасырмай айтқанын естігенбіз. 1945-1949 жылдарғы Шыңжандағы Үш аймақ төңкерісіне Моңғолия тікелей араласып, кілең қазақтан «Дін әскер» жасағын құрып, 1949 жылғы Қытай төңкерісшілерінің жеңісіне үлкен үлес қосқандар тағы да Моңғолия қазақтары еді. Қытай төңкерісшілерінің Шыңжандағы жеңісін жебегенін бүгінгі ұрпақтар білмеуі әбден мүмкін. Әрине, мұны заман білдірмеген еді. Орыс төңкерісі де, Қытай төңкерісі де ұштасқан тарихтың ұтымды тұсы десек, қателеспейміз. Демек, Қазақ елі – өзінің 3000 жылдық тарихында ежелгі ұлан-байтақ жерінен айырылмай бес түлік малын өрбітіп, тілін, ділін, дінін, әдет-ғұрпын сақтаған әлемдегі аз елдердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елінің «Нұрлы Жол» бағдарламасымен төрткүл дүниені тәнті етсе, Ұлытаудағы ұлағатты сөзі арқылы Қазақстаннан алыс шалғайда тұратын зиялы қауым – біздерді де төтенше толғандырған еді. Қазақта «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл құлағы мен жағын жер» деген сөз бар. Халқы мұндай болғанда тарихшы-ғалымдары қандай болғанына дәлел келтірейік. Қазаққа аты мәшһүр Шоқан Уәлиханов ақ патша тұсында тарихшы-зерттеуші болғанымен, ол қазақ тарихы мен әдебиеті, мәдениетін паш еткен ұлы тұлға десек, Әлкей Марғұлан сол кеңестік қатаң тәртіп, әсіресе, тарихшылар еңбегін таразыға салып қарайтын заманда да қазақ ұлты 45 ру ұлыстан құралатын 3000 жылдық тарихы бар ұлы ел деуден танбаған. Қазақстаннан тысқары жерде жүрген қазақтарға қазақтың қара домбырасы мен қобызы, сыбызғысы мен саз-сырнайы ортақ болғаннан ба, қазақтың ән-күйін ақсақалдар радиодан еліте тыңдап, кейде егіле жылап та алатын еді. Бар қазақтың мақтанышы Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін, Ахмет Жұбанов пен Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиевтің әндерін, жезтаңдай әншілер Күләш пен Бибігүл, Роза, Ермек Серкебаев, Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов, Ескендір Хасанғалиевтің орындауында сүйсіне тыңдап, төтенше ләззат алып, қазақ болып туғанына шаттанатын-ды.Осы мақала авторының 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдығына орай оның толық шығармасын моңғол тіліне аударып, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке табыс ету сәті.
1967 жылы Қазан төңкерісінің 50 жылдығына орай Кеңес Одағының ғалым, жазушы, өнер жұлдыздары мен мемлекет қайраткерлерінің Моңғолияда болған тұңғыш симпозиумында Сәбит Мұқанов бастаған Кеңес Одағының жазушылары мен орыстың жезтаңдай әншісі Людмила Зыкина және қазақ домбырашысы Бақыт Қарабалина моңғол жұртын дүр сілкіндірген еді. Сонда Сәбит Мұқанов Бай-Өлке қазақ аймағында болғанда: «Сендердің үш түрлі ерекшеліктерің мені тәнті етті. Біріншісі – қазақ ұлттық музыкалық драма театрында Құрманғазы күйлеріне үн қосқан қазақтың асыл мұрасы сыбызғы оркестрде ойналады екен. Екіншісі – Абылайдың ақ ордасының көзі қазақтың алты қанат киіз үйін жаз жайлауға тігіп, үй сыртында бүркіт, қаршығаларын қолға қондырған ата-бабаларымыздың әдет-ғұрып, салт-санасын сақтап қалыпсыңдар. Үшіншісі – мұндағы қазақ шетінен оқып, тоқыған, тіпті, Мәскеу, Прага, Париж, Берлинге дейін барып білім алып, әртүрлі мамандық иеленгенін көзіммен көріп, көңілім толды», – деп түйе келіп, «Қарағым, саған айтарым, бір елдің бетке ұстар көсемдері де, шелек ұстаған сауыншысы да оқитын үкімет пен партияның бас басылымында істейді екенсің. Біз орыс тілін 250 жыл үйрендік, бірақ «Правда» газетінде бір қазақ жұмыс істеген емес. Мен алыптар елі Қытайда да болдым, оның «Жэнь минь Жибао» (халық газетінде) газетінде істейтін де қазақ болған емес. Сөз өнері – қасиетті әрі қастерлі өнер. Әлем тарихшылары моңғол тарихын көп зерттеді. Сен қазаққа қатысты тарихты зерттей біл. Шоқан осы моңғол жерін бір көруді аңсапты. Бірақ, ол Қашқардан әрі бара алмаған ғой. Ал енді сен болсаң, сол елдің сөзін сөйлеп, үкіметке танылыпсың, бізге де тілші бол. Қос тілмен қосарлана сөйлеп, екі елге де елші, тілші бол», – деп ескерткен еді. 1974 жылы Моңғолия тәуелсіздігінің 50 жылдық тойына КСРО басшысы Леонид Брежнев, Сыртқы істер министрі Андрей Громыко, Қорғаныс министрі, маршал М.Малиновский мен Орталық Азиядан Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев келіп, Моңғолияның байрағына Ленин ордені тағылған еді. Сол жиында Қонаев сөз сөйлеп, моңғол жұртын шешендігімен тамсандырған болатын. Мен сол Димаш атамыздың үйінде 3 мәрте, Әлкей мен Нұрғисаның үйінде екі реттен қонақта болдым. Нұрғиса Тілендиевтің төрінде 16 домбыра ілулі тұрса, «17-шісі жеңешең Дариғаның домбырасы» деп күлдіріп, маған соның бірін сыйласа, Әлекең 60 жасын тойлағанда ма, әйтеуір көп домбыра сыйға келген деп соның бірін маған тарту еткен еді. Мен үйімнің төріндегі осы екі домбыраны күні бүгінге дейін ерекше қастер тұтамын. Қонаевқа Брежневтің өзі телефон шалып: «Мен Моңғолияның Конституциясы қабылдануының және тәуелсіздігінің 50 жылдық тойына сені де ерте барайын деп отырмын. Сол елдің алғашқы негізгі заңын жазысып, тәуелсіздігін жариялауға Тұрар Рысқұловтың атсалысқанын өзің де білесің. Және ол елде қандас қазақ бауырларың тұрмай ма, қарсы болмасаң бірге барсақ қайтеді», – деген соң 1974 жылы 24 қарашада сол 50 жылдық мерейтойдың қонағы болып қайтып едім, деп еді Димаш Ахметұлы. Сол салтанатты құрылтайдың төрінде, президиумда отырған тақиялы қазақпен сөйлесіп, қазақтар туралы хабар-ошар алу үшін көмекшімді үзілістен соң оның жанына отырғызсам: «Ойбай-ау, президиумда ел көзінше сөйлесуім ұят болмай ма? Мен – моңғолша да, орысша да білмейтін шопан адаммын. Кешкісін қонақ үйдегі бөлмеге келіп сөйлесіңіз», – депті. Ол кезде Моңғолия Ұлы құрылтайы (парламенті) төрағасының орынбасарлығына Еңбек Ері не саңлақ малшылар қазақ депутаттар ішінен таңдалып, президиумға қоқитып отырғызып қойылатын және Ұлы құрылтай төрағасының орынбасары деп дәріптелетін. Бұл жолы президиумда отырған Бай-Өлкенің Көк көл (Ногооннуур) ауданынан сайланған халық депутаты Х.Сембай деген қойшы еді. Ол бастауыш мектептен әрі оқымаған, саңлақ малшы, айтулы шопан болғанымен, моңғолша да, орысша да білмейтін-ді. Қысқасы, Димекеңнің көмекшісін орыс деп түсінгеннен бе, онымен тіл табысып сөйлесе алмапты. Тұрар Рысқұлов пен Дінмұхамед Қонаевтан кейін Моңғолияға үш дүркін атбасын тіреп, қазақ ағайындар тарихында өшпес із қалдырған Нұрсұлтан Назарбаевты да осындағы ұрпақтардың ұмытпайтыны сөзсіз. Айтпақшы, онан соң Әлкей Марғұлан Моңғолияға келгенде: «Қазақтың ру-ұлысындай ел болған емес. Сендердің ата-бабаларың Сәнбилер, одан тараған мынау Тоныкөк абызды қуалай тектесек, Керей мемлекетінің астанасы оның кесенесінен жиырма шақырымда ғана тұр емес пе?! Сен қазақтың бір тайпасы – керейлерді түгендесең, қазақ тарихы анағұрлым айқындала түсер еді», деп кеңес берген еді.Моңғолиядағы әлемге әйгілі Орхон ескерткіштерін қалпына келтіріп жөндеу үшін осы жолдардың авторы Франциядағы «ЮНЕСКО» мен Түркия астанасы Анкара арасына алма-кезек шауып жүріп, Түркия Президенті Сүлеймен Демирелге ТИКА агенттігін құру бағдарламасын ұсынған ұмытылмас кездесу кезінде.
Қираған Орхон ескерткіштерін қалпына келтіру үшін Олжас Сүлейменов екеуі әлемге жар салып, дабыл қаққанының арқасында 1984 жылы Моңғолия Ғылым академиясының жанынан Қазақ-түркі зерттеу орталығы құрылды. Жақсыдан шарапат дегендей, содан кейін ЮНЕСКО мен Түркия басшылары ерекше құлшыныс танытты. Қазақ халқы – қатпар-қатпар тарихы бар, өнер-мәдениеті мен рухани байлығы ешкімге ұқсамайтын түркі тектес халықтың өзегін құраған алтын белгі екені ақиқат. Алайда, соңғы 300 жыл аясында орысқа ойысқанда, олардан шет-шалғайда өскен ағайындары ата жауларымен шайқаса отырып, екіге бөлінді. Соның соңғы 170 жылында «Алтай ат тұяғымен тозады екен. Қобда беті тоқтығымен озады екен. Мұнда қалып аш мұсылман болғанша, онда барып тоқ кәпір болсақ та, ұрпағымыз үзілмесін», деп біздің батыр бабаларымыз осында бастап келіпті. Ал бүгінгі Еуропаға ауып барғандар сол 1916 жылғы дүрбелеңде кеткен Алаш ағайындарымыз болса, Шыңжандағы «Үш аймақ» қазақтары мен Моңғолиядағы қазақтар орыстың бостандығынан, жоңғарлардың жойқын соғысынан ауа көшкен ағайындар әулеті болып табылады. Ежелгі моңғол әулеті беске бөлінеді. Халқа моңғол, ішкі моңғол, қалмақ моңғол, буриад моңғол, ойрат моңғол немесе алтайлықтар. Ал Моңғолия деп отырғанымыз – халқа моңғолдар. Бұлар XIX ғасырда әлем тарихынан аты өшіп, құруға шақ қалған еді. 1921 жылы небәрі 500 мың адамның 40 пайызы лама-монах болып, еркектері бала сүюден, әйелдері ерге шығып ұрпақ өсіруден қалған Будда дінінің шырмауынан тек 1921 жылғы революцияның нәтижесінде құтылған болатын. Ал сырттағы қазақтардың тағы бір бөлігі туралы айтсақ, Түркия, Иран, Арабия, Пәкістанда жүргендер ел басына күн туған 1930-1950-жылдары ауа көшкен ағайындарымыз. Бірақ, үш елдің құрамында отырса да, олар тілінде, дінінде ешбір айырма жоқ қандастар. Қытай елі 56 тілде сөйлесе, бір ханзу тілінің өзінде батысы мен шығысындағылар түсінісе алмайды. Үндістан 72 тілде сөйлесе, Кавказдағы кішкентай ғана Дағыстанның 6 тілде сөйлейтінін ескерсек, Қазақстан мен Шыңжан, Моңғолиядағы қазақтардың тілінде ешбір дерлік айырмашылық жоқ. Бұл да ойландыратын мәселе болса керек. Осы арада айта кететін бір жайт – моңғол әулетінде Шыңғыс ханнан ешбір ұрпақ қалмаса, қазақтың «төре» деген руынан Шыңғыстың – 23, Жошының 22 ұрпағы бар. Шот-Аман Уәлихан бастаған қазақ зиялылары 1993 жылы Моңғолияға қонаққа келгенде моңғолдар жерден Мәу шығып, көктен Қайса түскендей таңданып қана қоймай, ұлы Абай мен Мұхтар дүниеге келген Шыңғыс деген тау барын естіп, Ұлытау деген қасиетті мекенде – адамзат алғаш рет ғарышқа ұшқан Байқоңыр ғарыш айлағының өкпе тұсында 1226 жылы тұрғызылған Жошы хан кесенесін сегіз ғасыр сақтаған қазақ деген ел қандай қасиетті ел деп, оның кереметіне тәу еткен-ді. Ал қазақтар ерте заманда тәңірге табынса, Шыңғыс хан да дінге бас имесе де олардың үшеуін де қудаламай «көк тәңіріне» тәу етіп, сол Шыңғыс тауында соңғы 10 жылын өткізгенін жұрттың көбі біле бермесе керек. Сондай-ақ, арабтың құрайыш тайпасынан шыққан, жастайынан жетім қалған Мұхаммед пайғамбардан араб әулетінде ұрпақ қалмаған, ал жалғыз қызы Бәтимадан тараған 36 ұрпағы қазіргі Иранда тұрады. Солардың бірі Иранның рухани көсемі аятолла Хаманей екенін елдің бәрі білмейтіні анық. Осман империясы 500 жыл дәуірлеп тұрғанда Мекке, Мединеге де иелік еткені белгілі. Шыңғыс ханның тасасында қалғаны болмаса, қазақ қызынан туған Юань ұлысын құрған Құбылай мен Батый хан «Алтын Орда» тұсында Еуразияны 300 жыл уысында ұстағаны баршаға мәлім... ...Бүгінгі қазақ жұрты қандай бақытты десеңізші. Бабалардың ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігі кезеңінде өз саясатын өзі жүргізіп, өз проблемаларын өзі қарап шешіп, «Мәңгілік Елге» қарай нық қадаммен адымдап барады. Бұл арада Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар екенін қазақ жұртын айтпағанда, бүкіл әлем халықтары мойындаған. Сондықтан, біздер алыс шалғайда жүрсек те Нұрекең көрсеткен Нұрлы Жол Қазақ елі тарихының мәңгілік парағына алтын әріппен жазылатынына кәміл сенеміз. Ислам ҚАБЫШҰЛЫ, Моңғолиядағы Қазақ-түркі зерттеулер орталығының президенті. Моңғолия, Улан-Батор.