Оқиға • 16 Мамыр, 2024

Қобда қазақтарының келіні

504 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Шайзада Әбдірахманқызының Қобда бетіне келін болып түс­кеніне 45 жылдың жүзі бопты. Уақыт-ай деші... кеше ғана же­легі желбіреп 22 жасында алыс елге ұзатылған жас ару бүгінде жапырақ жайған бәйтерек сияқты үлкен әулеттің тірегіне айналды. Жақында ғана ел жаққа барған сапарымызда құлақ естіп, көз көрмеген бейтаныс өлкеге келін болып түсіп, жартығасырлық ғұмырында адамгершіліктің туын жықпай, ағайын арасында «керемет келін» атанған апамызбен тілдесіп, шүйіркелесіп қайттық.

Қобда қазақтарының келіні

СУРЕТТЕ: Шайзада Сақтағанова мен жары Мұрат Пұшатайұлы. 1979 жыл. Бай-Өлке

– Осыдан жетпіс жыл бұрын қаңтар айында бұрынғы Торғай облысы Амангелді ауданы қазіргі Қабырға (бұрынғы Крупская) ауылында дүние есігін ашқан екем. Әкем Әбдірахман Сақтағанұлы ұзақ жыл орта мектепте тарих пәнінен сабақ берді. Кеңестік Қазақстанға еңбек сіңірген ұстаз атағын алды. Анам Мария Әбуқызы алты ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген абзал жан еді, – деп әңгімесін бастады Шайзада апамыз.

Сөйтіп, апамыз өзі туып-өскен ауылында 10 жылдық мектепті үздік бітіріп, сол тұста солақай сая­саттың әсерінен жоғары оқу орны бұ­йырмай кеңшардың жас шопаны болып шыға келіпті. Бұған себеп: осы жылдары мектеп бітірген түлектер түгелдей шұбартаулықтардың үндеуі бойынша қой шаруашылығын дамытуға үлес қосып жатқан тұс. Сөйтіп, қатар­ластарымен бірге апамыз да бір жыл бойы қой қоздатып, төл ауыздандырып әлекке түседі. Содан келесі жылы Алматыдағы ҚазГУ-дің филология факультетіне құжат тапсырып, оқуға қабылданады.

– Өз басым Мұратты кезіктіргенге дейін Моңғолияда қазақтар тұра­ды дегенді естіген де, білген де емес­пін, – дейді Шайзада апамыз. – Университетке қабылданған жылы оқу басталғанға дейін студенттерді жылдағы тәртіп бойынша Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Тескенсу ауылына темекі жинауға жібереді. Сонда қара жұмыс жасап жатыр едік. «Филфакта бізбен бірге оқуға Моң­ғолиядан алты қазақ келіпті» деген хабар жетті. Тың хабарды естіп, бәріміз аң-таң болдық. Содан улап-шулап жатақханаға да жеттік. Бәріміздің аңсарымыз әлгі Моңғолиядан келген қа­зақтарды көру. Әй, балалық-ай, жапа-тармағай жамырап жетіп барсақ, оларды жатақханаға орналас­тырып қойған екен, зоопарктегі аңды көргендей қараймыз кеп. Алыстан келген алты студенттің ішінде жалғыз жігіт Мұрат Пұшатайұлы да, қалған бесеуі қыздар. Олар: Ботакөз Уатқан, Қибадат Дәрел, Күнішай Рустем, Аралхан Көкен және Қобда аймағының тумасы Дәметкен Тоқтарбай екен. Қыздардың екі беті қып-қызыл, шаштарын қос бұрымдап өріп қойған сүп-сүйкімді. Өте тез тіл табыстық...

 

* * *

Алматыға оқуға барған Мұрат ағамыз көрікті де, көркем жігіт еді. Ауылда өсіп, қазақы тәрбиенің қайнар бұлағынан қанып ішкен, мінезі жайсаң жан-тын.

Қысқсы, «жақсыда жаттық жоқ» дегендей бірі сонау Қобда беті Бай-өлкеден, екіншісі қазақтың құйқалы топырағы Торғай жерінен келіп, ару Алматыда тағдыр тоғыстырған екі жас: Мұрат мен Шайзаданың жақын достығы 3-курста махаббатқа ұласады. Сөйтіп, бұлар жоғары оқу орнын бітіретін жылы үлкен ұлы Алматыда дүние келеді. Бұл баласының атын Мү­кең ақыреттік досы Әділғазының құр­метіне атын «Әділ» деп қойған екен.

Сөйтіп, бұлар 1978 жылы оқу бі­тіреді. Шетел азаматы Мұраттың мұнда қалмайтыны хақ. Таңдау біреу – Шайзада туған жеріп тастап, таңдап алған жарының етегінен ұстап, кетуі тиіс.

Бұл оқиға туралы, екі жаспен бірге оқыған белгілі қаламгер Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділқазы Қайырбек өзінің естелігінде: «Досым Мұрат оқуын бітіріп, еліне қайтарда Торғайдың аруы Шайзадаға үйленетін болды. Шекара жабық кез. Туыстарынан ешкім келе алмады. Қыздың әке-шешесінен рұқсат алу үшін бас құда әрі күйеу жолдас болып мен, қыз жолдасы болып курстасымыз Ботагөз екеуіміз Шайзаданың ауылына барған едік. Қызы шекара асып кетпекші... «Бұдан соң көреміз бе, көрмейміз бе?» деп ата-анасы қатты толқыды. Заман ол кезде басқа еді. Әзер дегенде келісімдерін берді» («Egemen Qazaqstan» газеті, 5 желтоқсан, 2023 жыл) десе, аталған оқиғаның тағы бір куәсі Ботакөз Уатқанқызының 2013 жылы жарық көрген «Атажұртқа жеткен көш» атты публицистикалық туындысында: «Оқу бітіретін 1978 жылы сәуір айында Мұрат пен Шайзада үйленетін болып, бұрынғы Торғай облысының Амангелді ауданының Крупская ауылына бардық. Бізді жеткізген көлік жүргізушісі Қайыржан Ордабаев деген жігіт «қазақ» екенімізге сенбей, «Сонау қиырдағы Моңғолияда қайдағы қазақ, сендер қазақтың тілін үйреніп алған моңғолсыңдар» деумен болды... Әйтеуір ауылға зорға жеттік. Шайзаданың анасы Мәрия Әбуова қызын жылап қарсы алды. Тегі алысқа кетеді деп уайымдаса керек... Ақыры батасын берді» деп жазыпты.

 

* * *

– 1978 жылы күзде 22 жасымда Моңғолияға табаным тиді. Расын айтсам, бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жат өлке, таныс емес тірлік... оның бәрін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Әсіресе Алматыдан аттанып, Семейді басып өтіп Барнауылға аз аялдап, ұзақ жол жүріп, Қосағашқа келгенде туған ел, мәпелеп өсірген ата-анам көз алдыма елестеп, «құдай-ау мен қайда келе жатырмын» деп ағыл-тегіл еңіредім. Мұраттан басқа сенерім де, тірегім де жоқ. Қазір ойлап отырсам, қалай келіп қалғаныма өзім де таң­мын. Мұкеңнен ата-анаң кім, ағайын-туыстарың бар ма, деп бірауыз сұрамаппын, – дейді Шайзада апамыз.

Осылай деп апамыз бір сәт үнсіз қалды. Одан кейін ұзақ жыл ішіне бүккен шемен сыры болса керек: «Жел­кілдетіп өсірген ата-анамды тастап кеткенім, олардың қарыз-парызын өтей алмауым, осы дүние өзегіме өксік болып мәңгі байланып қалды, маған өмір бойы өкініш болды» деп ауыр күрсінді де әрі қарай сөзін жалғады: «Алғашқы жылдары бұл жерге үйрену маған оңай болмады. Екі жылдай құлазып та жүрдім. Келген бетте ең­бек жолымды аймақ орталығындағы Кәсіптік училищеден бастадым. Көп кешікпей 10 жылдық мектебіне ұстаз болып орналастым да, осы жерде тапжылмай 30 жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, 2005 жылы уақытынан бұрын көпбалалы ана ретінде жеңілдікпен зейнет демалысына шықтым. Оған тағы бір себеп, жан жарым Мұрат 1999 жылы мамыр айының 29 күні қайтыс болды. Оның бастап кеткен шаруасын қолға алу қажет болды».

Жалпы адам тағдырында әрқилы сәйкестіктер болып жатады. Соның бірі Шайзада апамыздың да басынан өткен. Ресей шекарасынан асып, Бай-Өлкеге барар жолда Ақкөл атты шағын ауыл бар. 1978 жылы күзде Қобда бетіне табаны тиген Шайзада тұңғыш рет осы жол үстіндегі ауыл­да тұратын Мұраттың апайының босағасын аттаған екен. Енді мына сәйкестікті қараңыз: 1999 жылы 28 мамыр күні жары Мұрат екеуі осы шаңыраққа немерелі болғаны үшін апайын құттықтауға барады. Апайы жібермей жата жабысты. Ол кісінің көңілін қимай қонып қалады.

– Дәл осы түні Мұраттан мәңгіге айырылдым. Қысқасы, алғаш келін болып аттаған шаңырақтан жесір атанып қайттым. Бұл күндердегі менің қайғы мен шерім күллі әлем көміліп өлердей күйде болды. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. «Көнбеске тағдыр көндірдің, Сенбеске тағдыр сендердің...» деген осы екен, – дейді Шәкең. – «Мұрат дүниеден озды, Шайзада енді несіне қарайлайды еліне кетпей қайтеді» деген сөзді де құрғыр құлағым шалып жүрді. Бірақ менің жан дүниемде не барын, жүргімнің түкпірінде нендей арман-мұрат жатқанын көлденең жұрт қайдан білсін. Оларға да сын жоқ. Менде жалғыз ғана ой болды: «Құл­пырған қыз кезімде жігіттің төресі деп танып, етегінен ұстап алып, ұшқан құстың қанаты жетпейтін мына қиырға мен бекер келдім бе, сол Мұратымның шаңырағын өзінің туған жерінде құлатпай ұстап тұру менің міндетім». Менде бұдан басқа ой да, арман да болған жоқ.

Жеңгемнің жоғарыдағы сөзін естіп отырып, жанарымнан жас шығып кетті. Шәкең осы мақсаттан айнымады. Қобда бетінен Сарыарқаны бетке алып, дүркіреп ел көшкенде, сыңарынан айырылған аққудай сынық қанатын жарға тіреп Бөкен таудың бөктерінде қалып қойды. Әлі сонда. Мұраттың түтінін өшірмеді, үш ұлын ұяға, жалғыз қызын қияға қондырды. Кеше ғана жылай-жылай, босаға аттаған жас келін қазір ел сыйлайтын ене, жұрт ардақтайтын ана, әлеумет әлпештейтін әже. Тағдырдың жазуы­мен 2013 жылы үлкен ұлы Әділ де әкесінің артынан аттанды.

 

* * *

Жеңгей екеуіміздің әңгімеміз осылай аяқталды. Сөз соңында ол: «Менің Қобда беті қазақтарына деген алғысым шексіз. Жығылғанда тұрғызды, қисайғанда сүйеді. Қажет кезде жетеледі, қайғымды көтерісті, қуанышымды бөлісті. Бұл қазақпен біте қайнасып, бірігіп кеттім. Осы топырақта 45 жыл ғұмырым өтті. Елімнен кеткелі міне, 50 жыл болды» деп бір қайырды.

Одан кейін айтқаны: мен бейбақ төркін деген дүниенің қадіріне жете алмадым. Мұнда келгеннен кейін талдықорғандық апайым Роза Бекбосынованы төркін тұттым. Ал жарым Мұрат мен үшін – өмір мектебі болды. Әбден әудем тартқанда туған жерімді сағынатын болдым. Қазір менің тұла бойымды сағыныш кернеп алған. Туған жеріме деген, Мұрат пен Әділіме деген, Алматы да өткен бұла күндерге деген, бал жаласып бірге өскен достарға деген таусылмас сағыныш баурап алған.

 

* * *

Шайзада апай рас айтады. «Қарар еді онда әлем де маған көз қанбай,

Сағыныштардың керуеніндегі саз қандай!» деп үлкен ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай, туған ел мен жерді сағыну мына біздің де басымызда бар. Сөз соңында айтарым: Шайзада жеңге сіз табан аудармай 30 жыл ұстаздық етіп бай-өлкелік балғындардың бойына қазақ әдебиетінің рухани нәрін сіңірдіңіз. Моң­ғол елі еңбегіңізді бағалап мем­лекеттік жоғары наградалар: Алтын Жұлдыз және Еңбек Қызыл Ту ор­денімен және екінің бірінің маң­дайына бұйырмаған «Ұстаз даңқы» арнайы медалімен сыйлаған екен. Баянды болсын! Ұлдарыңыз Ғалымбек пен Әмір, жалғыз қызыңыз Ақботадан туған немерелеріңізге бәйтеректей сая болып аман-есен жүріңіз.