Фото: azh.kz
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Ол тұрғындардың ұсыныс-талабын тыңдап, су тасқынынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.
Әкімнің айтуынша, үйі апатты деп танылған тұрғындарға өтемақы нарықтағы құнына сәйкес төленеді. Алайда су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыны нысаналы мақсатқа – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсауға тиіс. Тұрғындардың нысаналы есепшотына бүлінген үйдің әр шаршы метрі үшін 200 000-240 000 теңгеден қаржы аударылады.
«Қазір бірінші кезекте су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар бағалау және мүлікті техникалық сараптау қорытындыларымен танысып, ақшалай қаражатты төлеуге келісімін беруге тиіс. Төлем екі апта ішінде жүргізіледі», деді С.Шәпкенов.
Атырау облысының жедел штабының мәліметінше, 15 мамырда Құлсары қаласында жылжымайтын мүлікті бағалау және техникалық сараптау қорытындыларын жариялау бойынша мобильді топтардың жұмысы басталды. Жылыой ауданының 100-ден аса тұрғыны бағалау парағын алып отыр. Енді олар екі күн ішінде ақшалай өтемақыға өтініш бере алады. Су тасқынынан бүлінген барлық үйді бағалау жұмысын 10 күнде аяқтау жоспарланып отыр.
«Жылыой ауданында 3 613 отбасына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Төленген қаржының жалпы сомасы – 1 млрд 387 млн теңге. Келтірілген материалдық залалға өтемақы төлеу үшін құжаттар дайындалады. Жылжымайтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізіліп жатыр. Қазір тұрғындардан 2 950 өтініш қабылданды. Оның ішінде 2 697 өтініш қарауға жіберілді», деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Аудан әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, Құлсары қаласы ауызсумен толық қамтамасыз етілген. Электр қуатына 2 870 үй қосылды. Тасқын су басқан аумақтарда орналасқан 3 084 үй табиғи газбен жабдықталды. Енді су тасқынынан зардап шеккен үйлердің иелері сәуір, мамыр, маусым айларында коммуналдық қызметтер үшін төлемнен босатылады.
«Тұрғындарға наурыз айына қатты тұрмыстық қалдық, электр энергиясы, газ және ауызсуға коммуналдық төлемдерін төлеуге түбіртектер таратылады. Алайда қала тұрғындары төлемді өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта өтей алады», деді Ж.Қаражанов.
Оның айтуына қарағанда, Құлсары қаласында коммуналдық қызметтерге тариф көтерілген жоқ. Осы кезге дейін тарифтерді көтеру дерегі тіркелмеді.
Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Қалиқызының айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мектеп жасындағы балалардың «Балдәурен» оқу-сауықтыру лагерінде демалуына қолдау көрсеткен. Қазір Құлсарының 146 оқушысы демалыс лагеріне жіберілді. Олар 20 күн демалады. Оқушылар Түркістан, Балқаш, Щучинск қалаларында және Бурабайда әрі демалып, әрі оқуын жалғастырып жүр. Маусым айында тағы 35 оқушыны аталған демалыс орнына жіберу жоспарланып отыр. Су тасқынынан зардап шеккен және эвакуацияланған отбасылардың балаларын оқу-сауықтыру, демалу лагеріне жіберу жалғасын табады.
Атырау облысы