Саясат • 17 Мамыр, 2024

Өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласында Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының алғашқы отырысы өтті. Жиынға Қазақстан тарапынан Қазақстан Республикасы Қауіпсіз­дік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов қатысты.

Өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері

Іс-шарада жиынға қатысу­шылар қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық өзекті мәселелері, соның ішінде су-энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде жан-жақты пікір алмасты.

Сөз басында Ғизат Нұрдәу­летов Орталық Азия мем­лекеттері президент­терінің мақсаткерлік күш-жігерінің және бірізді қадамдарының арқасында ортаазиялық ық­пал­дастық жаңа деңгейге көтеріліп отырғанын атап өтті.

– Бұл елдеріміз арасында орнаған сенім, достық пен татукөршіліктің санғасыр­лық дәнекерін нығайтуға деген ұмтылысты білдіреді. Қа­рым-қатынасымызды те­рең­д­етуде Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының консультативтік кездесуі маңызды рөлге ие. Бірлескен өзара іс-қимылдың бұл үлгісі сауда, өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықтың дамуына айтарлықтай серпін берді, – деді Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы.

Ғизат Нұрдәулетов сон­дай-ақ қазіргі таңда алдағы та­мыз айында Астанада болатын VI Саммитті ойдағы­дай өткізудің дайындық жұмыстары қызу жүріп жат­қанын айтып өтті.

Бұдан бөлек, тараптар Орталық Азия елдерінің көлік қауіпсіздігі және көлік-логистика әлеуетін дамыту аспектілерін талқылады.

Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы әріптестеріне атал­ған мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізді. Трансшекаралық өзен ресурстарын тиімді бас­қару, тең және әділ су пайдалану қағидаларына негізделіп, шоғырландырылған су саясатын әзірлеу және жүзеге асыру, өзара міндеттемелерді мүлтіксіз орындау бойынша ынтымақтастықты дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс енгізді.

– Геосаяси және геоэконо­­ми­калық турбулентті­лік өңіріміздің қауіпсіздік жағ­дайына теріс әсерін тигізеді. Бүгінгі бізбен болған кездесуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Орта­лық Азия елдері Қауіп­сіздік кеңесінің хатшылары деңгейіндегі кездесулер сыртқы және ішкі қауіп-қатер­лерге қарсы тұруда күш-жігерді біріктіру алаңы болуға бағытталған. Соны­мен қатар біздің өзара іс-қи­мыл форматымыз саяси және сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты дамыту­дағы оң динамиканы нығай­туға септігін тигізбек, – деген Ғ.Нұрдәулетов осы мүм­кін­дікті пайдаланып, еліміздегі су та­сқыны кезінде туыстық тілек­тестігін білдіріп және гума­ни­тарлық көмегін көрсет­кен ортаазиялық бауырлас елдерге шынайы алғысын білдірді.

Сондай-ақ ол мемлекет­теріміздің мүдделерін ескере отырып, бүгінгі кездесудің күн тәртібі бекітілгенін атып өтті.

– Біз бастапқы кезеңде үш тармаққа басымдық бе­ріп, оларды жүзеге асыру үшін дәйекті түрде іл­гері­леуге уағдаластық. Бірін­ші, су-энергетикалық қауіп­сіз­дігі, екінші, азық-түлік қауіпсіздігі, үшінші, Ор­та­лық Азия елдерінің қауіп­сіз­дігі мен көлік-логистика­­­лық әлеуетін дамыту. Көр­се­тіл­ген барлық бағыт ор­­нық­­­­­ты әлеу­­меттік-экономика­­лық

да­­муға өзекті әрі маңыз­ды болып отыр. Сондықтан олар өңірдегі стратегиялық тұ­рақтылықты қамтамасыз етуді ескере отырып, үй­лестірілген салааралық тәсіл­дерді талап етеді, – деді Ғ.Нұрдәулетов.

Маңызды жиында Орта­лық Азия азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етудің ортақ стратегиялық тәсілдерін қалыптастыру, сондай-ақ экономикалық байланысты нығайту мақсатында көлік дәліздерін одан әрі дамыту қажеттігі атап өтілді.

Бірінші кездесудің қоры­тындысы бойынша тараптар өңірлік қауіпсіздікті ны­ғайту саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғас­тыруға дайын екендерін білдірді.