Энергетика • 17 Мамыр, 2024

Тариф және талап

142 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елдегі инфрақұрылым мәселесі әлеуметтік жағдайға әсер ететіні анық. Әсіресе шалғайдағы ауылдар мен моноқалалардағы жағдай алаңдатады. Кейбір аудандардың инфрақұрылымы әбден тозған. Оларды жаңартуға, қызметкерлердің жалақысын өсіруге де қаражат қажет. Тұтынушылардан түскен қаражат нақты осы саланы жақсартуға жұмсала ма?

Тариф және талап

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Биыл наурыз айында ел бойынша коммуналдық қызмет тарифі өсіп, жарық, жылу құны қымбаттағаны байқал­ды. Алай­да бағаның өсуін «тариф­ті инвес­тицияға айырбас­тау» деп түсін­дірген еді. Яғни жеті жылға жоспар­ланған бағдар­лама аясында баға жыл са­йын осы қарқынмен өсе бер­мек. Үкі­мет бағдарлама аясын­да өңір­лердегі тозған инфра­құры­лым­ды жаңартып, Тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық саласын­дағы (ТКШ) жалақыны өсірмек.

Бұл ретте тозығы жеткен инфрақұрылым мәселесі өзекті болып отыр. Мәселен, былтыр Екібас­тұз қаласындағы жылу электр стансасын жөндеуге бөлін­ген қаражат талан-тараж болып, 1 млрд теңге жымқырылғаны анықталды. Бұған қоса ТКШ инфрақұрылымының көбі жекенің меншігінде екені тағы бар. Меңзеп отырғанымыз – халық ақша төлеуін төлейді, бірақ қаражаттың жұмсалу үдерісі халыққа ашық емес.

Коммуналдық қызмет бағасы барған сайын қымбаттап барады. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 30 қаңтардағы Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында биыл коммуналдық қызмет тарифі шамамен қаншаға өсетінін айтқан еді. «Тариф жыл сайын өседі, өйткені бағдарлама жеті жылға созылады. Орташа есеппен алғанда, кейбір субъектілер мен ТКШ түрлері бойынша тариф шамамен 10-15 пайызға өседі, сонда орта есеппен 20-30 пайызға қымбаттайды», деген еді ол. Бұған қоса ол су бағасын көтеру себептерін де түсін­діріп өткен-ді. Оның айтысына қарағанда, тариф қымбаттаған сайын азаматтар үнемдеуді де үйренеді.

Былтыр да Үкімет тарапынан коммуналдық қызметті 10 пайыздан 30 пайызға дейін қымбаттату – ұстам­ды тариф, онсыз коммунал­дық инфрақұрылымның сапалы жұмысын қамтамасыз ету, оны жаң­ғырту мүмкін емес екені айтылған. Сонымен қатар стансалар мен коммуналдық кәсіпорындар іс жүзінде 3 жылдан аса уақыт табыссыз жұмыс істегені, сондықтан жөндеу жұмысына қаржы салмағаны да мәселенің өзегі ретінде көрсетілді.

Айналып келгенде бұл қымбат­тау тұрмыс деңгейі төмен отбасы­лар­дың жағдайына әсер етпей қоймайтыны анық. Бірақ Үкі­мет бұған қатысты жергілікті бюд­жет қаражаты есебінен аз қам­тылған отбасыларға комму­налдық қызметке ақы төлеуге көмек берілетінін үнемі айтып келеді. Бұл көмек төлемі коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығыстар отбасының ай сайынғы орташа жиынтық табысының 10 пайызынан асып кеткен жағдайда төленетін болған. Алайда Мәжілістің жалпы отырысында депутат Құдайберген Бексұлтанов халық коммуналдық қызметтерге қатысты әлеуметтік көмекті уақтылы, тіпті мүлде ала алмай отырғанын айтып, нақты шағымнан дәлел ретінде үзінді оқып берген. Депутаттың сөзіне сүйенсек, тұрғындардың бірқатары коммуналдық қызмет ақысын төлеуге көп қаражат жұмсайтынын айтып шағымданған. Табысы орташадан төмен азаматтар, атап айқанда, халықтың әлеуметтік осал тобына жататын аз қамтылған отбасылар, зейнеткерлер, мүгедектер, қиналып көмек сұрап отыр.

«Зейнеткермін. Бір бөлмелі пәтерде тұрамын. Ол үшін 15 мың теңге сомасында коммуналдық қызметтің түбіртегі келеді. Өзім 56 мың теңге мөлшерінде ең төменгі зейнетақы аламын. Қарапайым арифметика бойынша табысымның 30 пайызын коммуналдық қызметке төлеймін. Қалған 40 мың теңгеге қалай өмір сүруге болады? Дәріге жеткізейін бе, әлде бағасы аспандап тұрған азық-түлікке ме?», дейді Геннадий Александрович.

Аталған санатқа жататын азаматтар коммуналдық қызметке ақы төлеу үшін жүйелі негізде мемлекеттен тұрғын үй көмегін алады. Әйтсе де тұрғын үй көме­гін тағайындаудың жаңа қағида­ларының күшіне енуіне байланысты министрлік аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету тәртібін өзгертті.

«Жаңа ережелерге сай төлем алушы өткен тоқсанда тұрғын үй көмегін тағайындау үшін шотын ұсынады. Яғни отбасы алдымен шығынды өтеуге тиіс, содан кейін ғана тұрғын үй көмегін әр тоқсанда өтініш берушінің шотын көрсету арқылы ала алады. Салдарынан тұрғын үй көмегін алушылар коммуналдық қызметті уақтылы төлей алмайды, өсімпұл төлеуге міндеттеледі», деді депутат.

Қ.Бексұлтановтың айтуынша, бір ғана Қарағандының өзінде мұндай төлем алушылардың саны бірнеше мыңға жетеді.

«Осы ережені дайындаған шенеуніктің не ойлағаны түсініксіз. Тұрғын үй жәрдемақысын алушылардың негізгі санаты – зейнеткерлер. Олар қызмет ақысын уақтылы төлей алмайтын егде жастағы адамдар екенін ескеру қажет еді», деді ол.

Сонымен қатар депутат бұл көмекті алар кезде қиындық барын баса айтты. Нақтырақ айтқанда, көмектің осы түрін алуға өтініш бергенде тетік күрделене түседі, салдарынан бас тартуға не қайта өтініш беруге тура келеді. Егер отбасында екі зейнеткер болса, тағайындауға өтініш берген кезде отбасының басқа мүшесі ЭЦҚ көмегімен өтінішке келісуге тиіс. Тұрғын үй көмегін тағайындау жөніндегі уәкілетті орган үшін қажеттілікті, есептерді қалыптастыру көзделмеген, төлеуге арналған арнайы функция жоқ. Депутат қолданыстағы ережелерге тұрғын үй көмегін тағайындау және ұсыну мерзімдерін түзету бөлігінде бұрын «мөлшері мен тәртібін жергілікті өкілді органдар айқындаған» өзгерістер енгізу және аталған мәселелер шешілгенге дейін министрліктің осы бұйрығын уақытша тоқтата тұруды ұсынды.

Бұл жағдай бір қарасақ, МӘМС жүйесіне өте ұқсас. Халық коммуналдық шығынды төлейді, бірақ инфрақұрылым талапқа сай ма? Өйткені расымен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығындағы инфрақұрылымның жағдайы өте күрделі. Оны былтыр Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында болған апаттан да анық байқадық. Апаттың салдарынан Маңғыстау, Атырау облыстары жарықсыз қалды. Екі өңірдегі ірі өнеркәсіп орындары айтарлықтай зардап шекті. Оның көбі екі тәуліктен артық жұмыс істемей тұрды. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты үшінші тәулікте ғана іске қосылды. Жел соқса, жарығы жалп ететін ауылдар тұрмақ, жақында Астананың өзі бір кеш бойы жарықсыз қалды. Өткен жылыту маусымы да шұғыл шешуді қажет ететін проблемалардың көп екенін көрсетті. Инфрақұрылымның көбі өткен ғасырдың ортасынан бері жұмыс істеп келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорынның тозу деңгейі 65 па­йыздан асқан. Желілердің тозуы 58 пайыздан 55 пайызға төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 6 кәсіпорын шығады деген жоспар да айтылды.

Ал электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорынның тозу деңгейі 70 пайыздан асады. Оның ішінде 16 кәсіпорынға инвестициялық бағдарламалар бекітілген. Аталған салаға былтыр 92 млрд теңге инвес­тиция құйылатыны айтылды. 2023 жылы желілердің тозуы 64 пайыздан 62 пайызға дейін төмендейді деген болжам болды. Сонымен қатар сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорынның тозу деңгейі 70 пайыздан асады. Оның ішінде инвестициялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бекітілген. Салаға былтыр 29,5 млрд теңге инвестицияланған. Су бұру саласында да 26 кәсіпорынның тозу деңгейі 70 пайыздан асады. Оның ішінде 23 кәсіпорынға арналған инвестициялық бағдарламалар бекітіліп, 15,3 млрд теңге инвес­тиция құйылған. Былтыр KPMG компаниясының халықаралық консультанттары да электр стансаларына техникалық аудит жүр­гізген еді. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев министрлік электр стансаларының техникалық аудитін аяқтағанын, халықаралық консультанттар барлық электр стансасына барғанын айтқан.

«Өткен жылы аудит жобасын аяқтадық, тіпті біздің қатысуы­мызбен осы мәселе бойынша ресми баспасөз мәслихаты да өтті. Онда электр стансаларының техникалық жай-күйі, оларды қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі шаралар туралы, ЖЭО техникалық аудитінің қорытындылары жөнінде ақпарат бердік. Негізгі міндет Үндістандағы әріптестерімізге жүктелді, біз оларды үдерістерді ұйымдастыру тұрғысынан қолдадық», деді компанияның баспасөз қызметі сұрағымызға берген жауабында.

Сарапшылар бағдарлама аясында бөлініп жатқан қаражатты қадағалауда барынша қырағылық керек екенін айтады. Себебі тариф қаражатынан бөлек, жыл сайын салаға айтарлықтай қомақты ақша бөлінеді. Энергетика саласының сарапшысы Абзал Нарымбетовтің айтуынша, жемқорлықтың жолы кесілмесе, мәселе шешілмейді.

«Жемқорлықтың жолы кесіл­месе, қанша ақша бөлінсе де, тиімсіз жұмсалады. Негізі, жылына 180 млрд теңге бөлінеді. Қателеспесем, биыл 316 млрд теңге – ТКШ-ға, 180 млрд теңге ЖЭО-ны жаңарту және жаңғыртуға бөлініп жатыр. ЖЭО-ге онсыз да жылына осынша ақша бөлінеді. Бұған қоса 316 млрд БЖЗҚ қаражаты бөлініп жатыр. Мәселе ақшада емес, мәселе – қанша ақша бөлінсе де, ақаудың азаймауы. Жылда қағаз жүзінде жаңғырту жасадық, ауыстырдық дейді. Бірақ жылда бір мәселе шығады. Неге? Себебі біріншіден, ақша өзінің мақсатты бөлінген жағына жұмсалмайды, екіншіден, тиімсіз жаратылады, үшіншіден, қағаз жүзінде аяқталды деп ресми құжат тапсырады. Ақшаның жұмсалуын бақылайтын, қадағалайтын, сапасын тексеретін бір орган болуы керек. Ақшаны бөлетін – Қаржы министрлігі, Үкімет, оны игеретін жергілікті әкімдіктер, ал тексеретін кім? Міне, осы мәселеге көңіл аудару керек», дейді сарапшы.

Түйткілді түйіндеп айтқанда, тариф пен талап тең болуға тиіс. Жыл сайын құжаты жақсарған ифрақұрылым қырағы қадағалауды қажет етеді.