Кино • 17 Мамыр, 2024

«Ұлы дала жорығы»: Астанада бірегей ат марафоны туралы фильмнің тұсаукесері өтті

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада «Ұлы дала жорығы» ат марафон-бәйгесі туралы деректі фильмнің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Бұл марафон 2022 жылдан бастап жыл сайын «AMANAT» партиясының, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар – Ұлттық спорт қауымдастығы мен оның құрамына кіретін «JORYQ» ат спорты федерациясы, деп жазады Egemen.kz.

«Ұлы дала жорығы»: Астанада бірегей ат марафоны туралы фильмнің тұсаукесері өтті

Фото: «JORYQ» ат спорты федерациясы

Фильмде 2023 жылы өткен «Ұлы дала жорығы» марафоны туралы баяндалады. Осы жорыққа қатысушылар Астанадан Түркістанға дейін 1300 шақырым жол жүріп өткен еді. Марафон 14 кезеңге бөлініп, оған еліміздің 19 өңірінен бір командадан қатысты.

Екінші марафонның қорытындысы бойынша 1300 шақырым жолды 93 сағат 47 минут 43 секундта жүріп өткен Жетісу облысының командасы абсолютті чемпион атанды. Сонымен қатар Маңғыстау облысының шабандозы Мағжан Абдолұлы 50 шақырымды 1 сағат 33 минутта жүріп өтіп, әлемдік рекорд жасады.

ш

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек теңдесі жоқ «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі аз уақыттың ішінде халқымыздың сүйікті жарысына, көзайымына айналғанын атап өтті.

«Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Ұлы дала жорығы» бәйгесі ұлттық спорттың дамуына ғана емес, ұлттық болмысымыз бен тарихымызды тануға, ұлттық рухтың оянуына зор қозғау салып отыр. Бәйге-марафонға «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов та үнемі қолдау көрсетіп келеді. Біз де әрдайым осы игі шараның басы-қасында бола береміз. «Ұлы дала жорығынан» кейін қоғамда, әсіресе жастардың арасында жылқыға, ұлттық спортқа деген қызығушылықтың еселеп артқанын көріп отырмыз. Қазіргі уақытта жылқы ұлттық брендімізге айналды деуге болады. Сондықтан бүгінгі деректі фильмді болашақта жылқы туралы түсірілетін өнер туындыларының, көркем фильмдердің ізашары деп білемін», деді Дәулет Кәрібек.

Кинокартинада шабандоздардың жарысқа дайындығы, олардың қиындықтарды қалай жеңгені және жеңіске деген ұмтылысы көрсетіледі.  Фильм қазақ халқының өткен көшпелі өмір салты мен қазіргі Қазақстанның келешек көкжиегін біріктіре отырып, ұлттық рухты жаңғыртады.

п

Фильмде ат марафонына қатысушылар сапар барысында басынан өткен оқиғалары туралы әңгімелеп, шынайы эмоциясын бөліседі. Олар Ұлы дала төсін көктей өтіп, көшпенділердің шынайы әлеміне енуге мүмкіндік алғандарын айтады.

«Біз осы бірегей жобаны қатарынан үшінші жыл өткізгелі отырмыз. «Ұлы дала жорығы» күзде елімізде өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасына енгізілді. Яғни, жорық халықаралық деңгейге көтерілді. Осы жобаның арқасында елімізде ұлттық спорт және ат спорты өнері дами түседі деп үміттенеміз», деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов.

Деректі фильмнің тұсаукесеріне келген қонақтардың қатарында өткен жылы осы марафон-бәйгеге қатысушылар, спорт саласының өкілдері, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, шетелдік дипломатиялық корпус өкілдері және т.б. болды. Айта кетейік, осы жексенбіде Павлодар-Астана бағыты бойынша үшінші «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталады.

«Ұлы дала жорығы» деректі фильмін «Black&White» компаниясы түсірді. Жобаның серіктестері – «Самұрық-Қазына» АҚ және «Sport Qory» спортты қолдау қоры.

Еске сала кетейік, Республикалық «JORYQ» федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, құсбегілік, садақ ату, асық ату және т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.