Фото: zakon.kz
Қаржы министрі баяндамасында Қазақстан шет мемлекеттерге қанша қарызы бар екенін мәлім етті.
Өткен жылы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңгені құраған. Бұл нәтиже жалпы ішкі өнімнің 2,6 пайызын құрайды. Бюджет тапшылығы ішкі көздерден, оның ішінде, қарыз түсімдері 5 348,1 млрд теңге, бюджет қаражатының қалдықтарын пайдалану 222,3 млрд теңге, қарыздарды өтеу 2 449,6 млрд теңге есебінен қаржыландырылған.
2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 22,8 пайызын (119 251,1657 млрд. теңге) құрады. Оның ішінде Үкіметтің борышы - 24,9 трлн теңге екені белгілі болды.
«Мемлекеттік борыштың жоғарғы шегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер үшін жалпы ішкі өнімге 50%-дан аспайтын деңгейде белгіленген. Қазіргі уақытта Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасында белгіленген борыштық индикаторлар рұқсат етілген мәндер аймағында тұр. 2024-2028 жылдарға арналған болжамдар мемлекеттік борыш көрсетілген жылдары лимиттен аспайтынын және жалпы ішкі өнімге 25%, ал үкіметтік борыш жалпы ішкі өнімге 21% деңгейінде болатынын көрсетті», деді Мәди Тәкиев.
«Сыртқы қарыз» деген ұғымға елімізге кірген барлық инвестициялар, фирмааралық ақша қатынастары, біздегі шетелдік компаниялар бас кеңселерінің Қазақстандағы филиалдарына жіберген қаржысы, үкімет пен квазимемлекеттік компаниялар алған қарыз және т.б. берешектер кіреді.