Сенат • 17 Мамыр, 2024

Көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған - сенатор

110 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны мәлім. Осы орайда Сенат депутаты Амангелді Толамисов Facebook әлеуметтік желісінде пікір қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған - сенатор

Фото: senate.parlam.kz

Сенатордың жазуынша, аталған маңызды Заңның негізгі тұстары мыналар:

  • кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін сотталған шетелдіктерге Қазақстан Республикасына кіруді және елдің азаматтығын алуды шектеу;
  • экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатыстылығы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу;
  • көші-қон саласындағы заңнаманың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру тәртібін айқындау;
  • егер жеке басын куәландыратын құжаттарды және қолданылу мерзімі өткен басқа құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаса, оларды төтенше жағдайларда пайдалану мәселесін реттеу. Мұндай құжаттар қолданылу мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады;
  • қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда ҚР-ның азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізілді.

«Сонымен бірге Заңда ҚР-ның Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін алуға жағдай жасауға бағытталған түзетулер ұсынылды. Осы Заңға сәйкес, қоныс аударушыларға Үкімет айқындаған өңірлерде шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін жер учаскелері конкурстан тыс тәртіппен 5 жылға дейінгі мерзімге уақытша қысқа мерзімді ақылы жер пайдалану (жалға алу) құқығымен берілетін болады», деп жазды Сенат депутаты.

Амангелді Толамисовтың сөзінше, ерікті қоныс аударған адамдарға және олардың отбасы мүшелеріне бюджет қаражаты есебінен көшуге, тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге, тұрғын үйді сатып алуға төленетін субсидияларды банктер мен басқа да қаржы ұйымдары алдындағы кредиттік міндеттемелері бойынша өндіріп алудан қорғауға бағытталған нормалар бекітіледі. Атап айтқанда, аталған материалдық көмекті пайдалануда тыйым салынбайды және өзге де шектеулер қойылмайды.

«Заңмен қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға үміткерлердің жеке басын куәландыратын немесе ұлтын растайтын басқа да құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда, оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылады. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі бекітіледі. Осы мәселе бойынша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия құру арқылы қабылдайды», деп жазды А.Толамисов.

Сондай-ақ Сенат депутаты аталған маңызды Заңда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде бейнебақылау жүйесінің компонентін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілетінін атап өткен.

«Қорытындылай келе, бұл Заң ұлттық және қоғамдық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге, көші-қон саласындағы мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттыруға, тиімді көші-қон бақылауын қамтамасыз етуге, қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге бағытталған», деп түйіндеді сенатор.