Таным • 17 Мамыр, 2024

Мың сан өнер бар болса...

97 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сан түрлі тағдырлы адамдар­дың қарым-қабілеті де, қызы­ғу­шылығы да, өнерлілігі мен өнер­­­сіздігі де әртүрлі. Әсіресе шы­ғар­­машыл жандар өнерден бас­қа ештеңеде ісі жоқтай кө­рінеді. Десек те жазудың клас­сикалық үлгісін көрсеткен қа­ламгерлер де спорттан кенде емес екеніне әдебиетте мысал көп.

Мың сан өнер бар болса...

Суретте: Мұхтар Әуезов – үшінші қатарда, оңнан санағанда – екінші

Мәселен, Мұхтар Әуезов Се­мейде семинарияда оқып жүргенде 1913 жылы тұңғыш құрылған «Ярыш» («Жарыс») футбол ко­ман­дасының жартылай қор­ғаушысы болып ойнағанын білеміз. Кейінірек ат бәйгесіне ерекше жанкүйер болыпты. Бұдан бөлек жазушының бильярд, тоғызқұмалаққа да қызығушылығы артқан. Аң­шылыққа шығуы екібастан. Сондай-ақ ұлы Елдармен шахмат ойнап отырғаны деректі фильмде де көрсетіледі. Ал Мұ­қағали Мақатаев пен Жұ­матай Жақыпбаевтың бокспен шұғылданғаны да ел аузында әлі айтылады.

Орыс классиктеріне келер болсақ, Максим Горький шаңғы тепкенді ұнатқан екен. Ал Лев Толстой спортқа өте құ­мар болған. Ол 67 жасында велосипед айдауды үйреніпті. Лев ақсақалдың бұл талпынысын көрген жұрт, әрине күлген. Алайда жазушы күнделігінде: «Кейінгі кездері манежде велосипед теуіп үйреніп жүрмін. Менің оған қызығуым, әрине біртүрлі. Евгений Иванович (дәрігер) мені бұл ісімнен айнытып, оған қоса ренжіді. Ал маған түк ұят емес. Керісінше, мұнда бір табиғи диуаналық бар екенін сеземін», деп жазады.

Мәскеулік велосипедшілер қо­ғамы өз қатарларының 67 жастағы қаламгермен толық­қанына ерекше таңғал­ды. Сөйтіп, Толстойға ағыл­шын­ның «Rover» маркалы вело­сипедін сыйға тартты.

Бұдан бөлек Толстой ақсақал коньки тебуден де құр алақан емес, атқа мініп, са­ғаттар бойы жаяу жүруден де жалықпапты. Кей күндері балық аулап, аңға шығатын: тіпті аю атқан деседі (әрине, вегетариан болғанша). Алек­сандр Куприн де құмар атлет атанып, циркте өнер көр­сетіпті. Ол әуе шарымен көте­ріліп, сүңгуір костюмімен су астына түскен.

Ал әуесқой саятхатшы кім де­сеңіз, ақын Николай Гуми­левті айтамыз. Ол бірнеше рет Африкада әрі саяхатшы, әрі экспедиция жетекшісі ретінде болған.

Спорттың ең тыныш әрі сабырлы түрімен Иван Тур­генев айналысқан. Шахматты өте жақсы ойнаған ол, тіпті ха­лық­­аралық турнирлерге де қа­­тысып, жүлделі болған деседі.