Таным • 18 Мамыр, 2024

Қазақы өлшем

107 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қиян шеттегі Бес­төбеге бет алғанбыз. Құ­далық жөнінен. Әу баста кежегем кейін тартып, барғым келмеген-ақ еді. Тым шалғай. Екі көлікпен жолға шықтық. Ақкөлдің тұсынан күре жолдан түсіп, дала жолымен жүрмекпіз. Айдау жол кеуіп қалыпты. Тап-таза. Биесауым уақыт жүрген соң жол шетінде көк бөтке кездесті. Әріректе бір отар қойын жайып қойшы жүр. Жол жөнін сұрап алайық дестік. Иен далада жалғыз өзі қой баққан қойшының іші пысқан болуы керек, әңгімелескісі келіп-ақ тұр. Ал біз болсақ «жол ақысы жүрсе бітеді» дегендей, аса көп кідіргіміз де келіп тұрған жоқ.

Қазақы өлшем

– Қара қостан дәм татып кетіңдер, – деді қойшы, – баратын жерлеріңе сосын да жетесіңдер ғой. Енді алыс емес. Құнаншаптырым жер қалды. Қазір осы жолмен тура жүріп отырсаңдар, қозыкөш жерден жол екіге айырылады. Сіздер оң жақтағы жолға түсіңіздер. Сол жолмен жүрсеңіздер, қой өрісіндей жерден ауыл көрінеді.

Жөнеп бердік. Дала жолы шым-шы­тырық. Оңы қайсы, соңы қайсы, айыра алмай қалғанбыз.

– Құнаншаптырым, қо­зыкөш жер дегенше, ша­қырымдап айтпай ма? – деп реніш білдірді ішіміздегі көп оқы­ған бір ағайын, – архаизм. Осындай сөздерді неге қолданады екен?

– Оныкі дұрыс, – деген Құнанбай ақсақал, – ескі сөздерді ешкім айтпаса, жо­ғалып кетпей ме? Қайта төл сөз­де­рімізді тірілтіп, қолданысқа енгіз­ген де дұрыс шығар.

– Құнаншаптырымын кім түсініпті? – деп же­ңістік бермейді әлгі ағайын.

– Құнаншаптырым шамамен 9-10 шақырым, – дейді Құнанбай ақсақал, – ілкідегі қазақ тайшаптырым деп 4-5 шақырымды, атшаптырым деп 20-25 шақырымды, күншілік жер деп 100 ша­қырымды, арақоным жер деп шамамен 200 шақырым қашықтықты айтқан. Ал бір бауыр жер дегеніңіз 5 ша­қырым. Дауыс жететін жері 300 метрдің төңірегінде, таяқтастамыңыз 10-15 метр, қолсозымыңыз 80 сантиметр шамасында.

Әңгімеге айналып отырып адастық. Әлден уақытта алдымыздан манағы көк бөтке қайта шыққан. Дала жолымен бір төңіректі шиырлап айналып жүре беріппіз ғой.

– Дәмнен аттап кеттіңдер, – деген қойшы, – жөн білетін қазақ олай жасамаса керек еді. Дәм жібермеді, жүріңдер қара қосқа.

Пісуі жеткен, дәмді қымыз­дан ауыз тидік. Нарттай болып қызарып піскен жұмсақ бауырсақ қолымызда.

Әлден уақытта қойшы далаға шыққан. Тобылғы сапты қамшысымен нұсқап көрсетіп:

– Анау электр бағана­ларының ас­тындағы жалғыз аяқжолмен төтелеп жүр­сеңдер, иек астынан өздерің іздеген ау­ыл­дың үстінен тү­сесіңдер, – деді қой­шы.

Бұл жолы табан жолымызды айнытпай таптық. Шынымен алғашқыда дәм жібермеген шығар-ау.

 

Көкшетау