Байқау • 17 Мамыр, 2024

Нұртілеу турнирі мәресіне жетті

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жазу-сызудың айналасындағы және өнер адамдарының бір сыпырасы бильярд ойынына құмбыл келеді. Бұл өзі – сиқырлы таяғын асынып, жасыл шұғалы алқапқа ақ бөкендей жосыған ақ шарларды үркітпей, біртіндеп ұяшыққа тоғытудан ләззат алатын қауым. Тіпті арасында жүлгесі үзілмеген, жүлдесі қомақты дәстүрлі турнирлер кәсіби бәсекелерден бір кем өтпейді.

Нұртілеу турнирі мәресіне жетті

Астана қаласында белгілі тележурна­лист, қоғам қайрат­кері Нұртілеу Иман­ға­ли­ұлын еске алуға арналған журналистер арасында бильярдтан республикалық дәстүрлі турнир өтті. Тележурналистика тарланының есімін ұлықтауға және жастар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған бұл игі іс-шара осымен қатарынан төртінші жыл өткізіліп отыр. Бұған дейінгі турнирлерде Нұрділдә Ораз, Мақсұт Ержан, Оңдасын Мейірбаев қатарлы журналистер қанжығасын майлап, үздік атанған еді.

Журналистикада да, бильярдта да «Кейкі мерген» атан­ған телевизия дарабозы Нұр­тілеу Иманғалиұлы талай жас­қа үлгі. Өнердегі достары оның тек сөзтапқыш, шешендігін ғана емес, бильярд, волейбол іс­петті ойындарда ұтқыр, мерген, шебер ойыншы екенін де мойындаған.

Нұртілеу Иманғалиұлы – Жетісу облысы Ақсу ауданы Діңгек ауылында дүниеге келген. Отбасындағы 14 баланың кенжесі. Жастайынан спортқа, сөз өнеріне бейім болыпты. Қанаты қатайып, жарты ға­сырға жуық тележурналистика қазанында қайнап, өзінің ерекше болмысымен, мәнерімен көрермен көзайымына айналды.Телегей тер шүмектетіп еңбек еткен ұлт перзенті мұхит­тан маржан сүзгендей мың­жылдықтардан бергі құнды­лықтарды журналистік қарымы мен дарынына ұштастырып, қоғамның ащы шындығын жеткізе білді. Ол тізгіндеген «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Діңгек», «Қолтаңба», т.б. хабарлары – әлі күнге дейін көрермен жадында. Қарашаңырақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясының төр­ағасы лауазымына дейін өсті.

«Іс-шараның бас демеушісі – «Tas Group» компаниясының құрылтайшысы, «Assyltas» қо­ғамдық қорының президенті, Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мының вице-президенті, меценат, өнер жанашыры Дулат Тастекеев. Кәсіпкер өнер мен спортта жүрген талай саңлаққа демеушілік көр­сетіп келеді. Төрт жыл қатарынан ұйым­дас­тыры­лып келе жатқан Нұр­тілеу Иманғалиұлы атын­дағы дәстүрлі турнирдің тұрақты, бас демеушісі», дейді турнирді ұйымдастырушылар.

Іс-шараның шымылдығы Нұртілеу Иманғалиұлының рухына арнаумен ашылды. Қаты­сушыларға ағамыздың өмірлік ұранына айналған «Бай қуатты болайық!» деген жазуы бар сувенир сыйлықтар мен бейсболкалар таратылды. Түскі аста Нұр­­тілеу Иманғалиұлының ру­хы­на құран бағышталып, естелік бейнеролик көрсетілді. Тур­нир қорытындысы бойынша жеңім­паз атанғандар мен үздік ойын көрсеткендерге қаржылай сыйлық табыс етілді.

Жиыны 40 ойыншы қатысқан бәсекеде бас жүлдені «Қазақстан» телерадиокорпорациясының қызметкері, ақын, журналист Тұрмағамбет Кенжебаев ен­шіледі. 2-орын жас режис­сер Асылхан Манапқа бұйырды. Ал 3-жүлдені белгілі тележурналист, «Хабар» мен «Қазақстан» телеарнасында талай жыл табан аудармай қызмет еткен Әлімжан Сабыржанұлы жеңіп алды. Бұған қоса турнирге сенатор Алтынбек Нұхұлы, белгілі журналистер Несіп Жүнісбай, Сәдібек Түгел, Шархан Қазығұлов, Талғат Ешен  қатысты. Актерлер қауымынан Айболат Жаудыр, Қуандық Қыстықбай, Нартай Сауданбек сынды барша қауымға белгілі тұлғалар бақтарын сынады.

Іс-шара барысында қазақтың сый-сияпаты да қатар жүрді. Алматыдан арнайы келген Ар­дагер Уайдин есімді азамат Нұр­тілеу Иманғалиұлының жары Қарлығаш апамыздың иы­ғына қазіргі заманға сай қамзол жапты.