Қоғам • 18 Мамыр, 2024

Чайлдфри беталысы демографияға қауіп төндіре ме?

123 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Заман көші ілгері жылжыған сайын қоғамдық құндылықтар ішінара өзгеріске ұшырайды. Бұл көп жағдайда заманауи адамдардың өмірлік көзқарасынан, ұстанымынан аңғарылады. Кейінгі толқынның ондай оғаш түсінігіне аға буын қанша кейігенімен, «тұқымың өскірден» асырып тіл тигізуден аулақ. Алайда тілек іспеттес осы «қарғыс» теріс мәнде айтылса да, селт ете қоймайтындар табылады. Өйткені бүгінгі таңда ұрпақ өрбітуді, бала тәрбиелеуді қаламайтын жастардың шоғыры пайда болып келеді. Осынау құбылыс әлемде «чайлдфри» деген терминмен сипатталады.

Чайлдфри беталысы демографияға қауіп төндіре ме?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

«Адамның бір қызығы – бала деген» дейтін хәкім Абай­дың сөзі өмірдің бұлжымас құндылығындай қабылданатын. Бірақ қалыптасқан түсінікке бас­қаша қарайтын буын байқа­ла бастағалы балталаса да бұзыл­майтын ұғымдарға селкеу түсті. Мысалы, балалы болудан саналы түрде бас тарту Батысқа тән құбылыстай көрінгенімен, біздің қоғамда да осындай түсінік­тегі жас­тар кездесіп жатады. «Чайлдфри» деп аталатын бұл суб­мәдениет, расында да, алғаш 70-жылдары Еуропада және АҚШ-та пайда болды, бірақ 90-жылдардан бастап кең таралды. Баласыз да өмір тамаша деп білетін көз­қарас біздің аймаққа, яғни ТМД елдеріне 2000-жылдары келе бастағанымен, тек 2010-жылдарға қарай чайлдфрилердің қарасы қалыңдады.

Ал енді елімізде чайлдфри жолын ұстанушылардың үлесі қаншалықты үдеп барады деген сауалға тоқталайық. Бірден айту керек, бұған нақты жауап болатындай статистика жоқ, яғни осы тақырып бойынша елімізде әлеуметтік зерттеулер жүргізілмеген. Бірақ түрлі алаңдарда, әсіресе БАҚ бет­терінде, әлеуметтік желілерде баласыз өмірді қолай көретінін, чайлдфриді қолдайтынын ашық білдіріп жүрген жастар байқалып қалады. Оның үстіне кейінгі он жылда елімізде баласыз өмір сүріп жатқан отбасылардың үлесі әлдеқайда көбейіп кеткен.

Ranking.kz сарапшылары Қазақ­стандағы кейінгі халық санағына сүйеніп, елімізде 656,5 мың жұп баласыз өмір сүріп жатқанын, 2009 жылдан бері мұндай отбасылардың саны 73,8%-дан асқанын айтады. 2021 жылы баласыз отбасылардың басым бөлігі қалада тұратыны анық­талған. Сондай-ақ елімізде жасы 30-ға толмаған, баласыз тұрып жатқан 92,9 мың ерлі-зайыпты тіркелген. Бұл алдыңғы халық санағындағы көрсеткішке қарағанда екі есе көп. Әрине, мұндай отбасылардың қатарында бедеуліктің кесірінен бала бақы­тын сезіне алмай отырғандар да баршылық. Ресми дерекке сүйенсек, 2021 жылы елімізде медициналық диагноздың салдарынан шамамен 21,4 мың азамат ата-ана атана алмай жүргені белгілі болған. Ал бұларды әлемде «чайлдлесс» деп атайды екен.

Дегенмен денсаулығында кінәрат болмаса да балалы болудан бас тартушылар аз емес көрінеді. Тіпті осындай идеология­ны алға тартатын топтар да пайда болған. Мысалы, елімізде баласыз өмірді құп көретін еріктілердің бірлестігі бар. «Childfree Kazakhstan» деп аталатын бұл қауымдастық 2018 жылы құрылған. Бұлар өз ұстанымдары мен ой-пікірлерін әлеуметтік желілер арқылы таратып отырады.

Жалпы, кейбір дамыған елдерде қалыптасқан қоғамдық пікірге қарсы тұруға тырысатын чайлдфридің ұлттық бірлестіктері, ірі қауымдастықтары бар. Ашық әлеуметтік зерттеулерге сәй­кес, Батыс елдерінде чайлдфри белсенді тарап жатыр. Бельгияда нағыз дер шағындағы, репродуктивті жастағы әйел­дердің 11%-ы, ерлердің 16%-ы балалы бол­ғысы келмейді. Бала­сыз бри­тандықтардан сауалнама ал­ғанда, респонденттердің 37%-ы дүниеге ешқашан бала әкелгісі келмейтінін, бала тәрбиелемейтінін, 19%-ы қазіргі уақытта ата-ана болуға ниет білдірмейтінін, бірақ болашақта ойын өзгертуі мүмкін екенін көрсетті. Нидерландтағы сауал­нама нәтижесі бойынша, 30 жастағы әйелдердің 10%-ының саналы шешімімен босанбағаны, болашақта мұны жасағысы кел­мейтіні белгілі болды.

Әлем елдеріндегі чайлдфриге ықпал ететін себептердің көптігі соншалық, Wikipedia.org онлайн-энциклопедиясында мұның тізімі 100 тармақтан асып түскен. Олардың ішінде медициналық (жүктіліктен қорқу және ұйқысыз түндердің ағзаға әсері), эконо­микалық (қолдаудың болмауы және бала тәрбиелеуге кететін шығындар) және психоәлеуметтік, философиялық (антинатализм, азғын адамды тәрбиелеуден қорқу) сияқты факторлар аталады. Сондай-ақ бұл қатарда бала болмағанда зейнетақы қоры­ның молаюы, қартайған кезде бала­сы­ның күтім жасайтынына сенім­сіздік, қайтыс болғанда ұл-қызы­на қайғы-қасірет әкелгісі келмеу, жаһан халқының шамадан тыс көбеюіне жол бермеу сияқты қисын­сыз себептер де көрініс тап­қан.

Ал еліміздегі чайлдфридің, яғни ата-ана болудан бас тартудың себебі ретінде экономикалық және әлеуметтік жағдайлар жиі айтылады. Олардың арасында әл-ауқаты нашар отбасынан шыққан азаматтар да бар. Ата-аналарының материалдық жағ­дайы қаншалықты қиын бол­ғанын көріп өскен мұндай адамдар өз тағдырының балаларында қайталануын қаламайды. Сон­дықтан да олар мансап құру­ды, барынша табысқа жетуді жөн көреді. Сондай-ақ бала ке­зінде кішкентай бауырларына қарап, күтім жасаған әйелдер де болашақта бала бағудан беті қайтып қалады екен.

Жоғарыда еліміздегі чайлд­фри­­лердің ауқымын бағам­­дайтын сауалнамалар жоқ­тың қасы екенін айттық. Бірақ кейбір порталдар кейіпкер ретінде бірнеше азаматты сауалнамаға тартып көрген екен. Сол қатарда «Esquire Kazakhstan» редакциясының сұрақ­тарына Ернұр есімді жалпы практика дәрігері жауап беріпті. 21 жастағы ол азамат қалай чайлдфриге айналғанын айтқан.

– Бала кезімнен бастап қазіргі әлем шындығына дейін мұндай ұстанымды қабылдауыма көптеген фактор әсер етті. Негізінен мен білетін немесе естіген қырықтан асқан ер адамдардың бала тәр­бие­сіне қосар үлесі шамалы. Бұл жастағы отағасы күні бойы жұ­мыста болады және балаларын көрмейді. Ал үйінде балалары үшін әкесінің образы «қорқытушы» ретінде көрінеді, онымен психологиялық байланыс әлсіз. Отбасылық инс­титутта ерлердің қатысы аз. Осын­­дай шынайы жағдайды түй­сін­гендіктен, мен қалыпты отбасы болу үшін балалы болудың қажеті жоқ деген байламға келдім. Әлбетте, балаң болғаны – нығмет, бірақ бұл өте қымбатқа түседі. Бұған толық жауапкершілікпен және аса сақтықпен қарау керек. Ертең не болатынын ешқашан білмейсің. Мүмкін, біраз жылдан кейін кедейленіп, баланың бүкіл балалық шағын бүлдіресіз. Оның үстіне еліміздің экономикасы, орташа жалақы мен шығындар көрсеткіші оңып тұрған жоқ, – дейді Ернұр.

Осы тақырып төңірегінде бірқатар маманмен сөйлесіп, пікіріне де құлақ түріп көрдік. Психо­соматолог Айсұлу Қадыра­лие­ваның айтуын­ша, елі­мізде чайлдфри ұста­ны­мын­дағы жастар саны көбейіп келеді.

– Мұндай жолды білімді, табысты, іскер қыз-келіншектер таңдайды. Өйткені олар мансабын алдыңғы қатарға қойып, балалы болуды еңбек жолындағы кедергі деп біледі. Ал ерлер жағына келсек, керісінше, жұмысы тұрақсыз, табысы мардымсыз жігіттер өз баласы болғанын қаламайды, яғни балаларын жеткілікті көлемде қамтамасыз ете алмаудан қор­қады. Бұл қатардағы үшінші топ – материалдық жағдайын көте­­руді мақұл көретін, мансап қуған ерлі-зайыптылар. Сонымен қатар чайлдфри мәселесіне басқа қырынан да қарауға болады. Бұл жағдайдың психологиялық себептері болуы да мүмкін. Айталық, өздерін чайлдфри санайтын азаматтардың ішінде бала кезінде санасын сансыратқан «жарақаты» барлар да табылады. Мысалы, эгоист, менмен адам кішкентайынан өзіне ғана көңіл бөлініп өскен соң, балалы болғанда ата-анасының, жұбайының назарынан айырылып қалғысы келмейді. Я болмаса, көп балалы отбасында өскен, бала қараудан ығыр болған үйдің үлкені болашақта өз баласының болуын қаламауы мүмкін. Жалпы, балалық шағы өте ауыр өткен кейбір азаматтар да саналы түрде чайлдфриге айналып жатады. Қазір ой еркіндігіне басымдық берілетін заманда бұл мәселе қалыпты құбылыстай көрінетін шығар. Бірақ түптің түбінде мұның салдары ауыр болады. Сондықтан осындай мәселенің барын ескеріп, өсіп келе жатқан жасөспірімдермен, тіпті чайлдфрилермен де психо­­­ло­гиялық жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын, – деді А.Қадыралиева.

Бұл ретте дәстүрлі таным-түсіні­гімізбен, құндылық­та­ры­мыз­бен үйлесе қоймайтын чайлдфри мәселесі ел демографиясына кері ықпалын тигізе ме деген сұрақтың тууы да заңдылық. Осы жөнінде демограф Аяулым Сағынбаева пікір білдірді.

– Шын мәнінде, чайлдфри еліміздегі бала туу көр­сеткішіне, сәйкесінше, демо­графиялық дамуымызға айтар­лықтай әсер ете алмайды. Елі­міз­де жүргізілген кейінгі халық санағында 92 мың отбасы баласыз өмір сүріп жатқаны көрсетілді. Бірақ олардың бәрі чайлдфри деген сөз емес қой. Мұнда мына нәрсеге мән беру керек, мәжбүрлі түрде, амалсыздан, медициналық себептерге байланысты чайлдфри болатын азаматтар бар. Екіншіден, өз қалауымен, саналы түрде осы жолды таңдайтындар табылады. Егер біріншісін физикалық жағынан чайлдфри деп білсек, екіншісі – әлеуметтік, психологиялық жағ­дайдың нәтижесі. Яғни мұндай адамдар кез келген уақытта көзқа­расын өзгертуі мүмкін. Ал де­могра­фиялық ахуалға келсек, Қазақстандағы жағдай кейбір елдермен салыстырғанда әлдеқайда жақсы. Мәселен, туу деңгейі бо­йынша әлемде соңғы орында тұрған Оңтүстік Кореяда, ғалым­дар­дың болжауынша, 2072 жылға қарай ел халқының саны 20 мил­лионға азаюы мүмкін екен. Негізгі себептердің бірі – балаларды қамтамасыз етудің қымбаттығы. Сонымен қатар корей әйелдері көбінесе мансап үшін ана болудан бас тартады, – деді А.Сағынбаева.

Расында, чайлдфри субмә­дение­тінің еліміздегі туу көрсет­кішіне қаншалықты әсер ететінін бағамдау қиын. Нақтырақ айтсақ, жаңа туған нәрестелер санының динамикасы 2018 жылдан 2021 жылға дейін айтарлықтай өсіп отырған. Пандемия кезінде бұл көрсеткіш тіптен артып, елімізде «бэби-бум» болды. Тек кейінгі жылдары ғана аталған динамиканың сәл бәсеңдегені байқалды. Былтыр елімізде 388 мың сәби дүниеге келді, бұл – кейінгі бес жылдағы ең төменгі көрсеткіш.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ сарапшыларының болжамына сәйкес, туу көрсет­кіш­терінің шамалы төмендеуі елде тағы бірнеше жыл бойы, 2027 жылға дейін тіркелуі мүмкін. Әрі қарай репродуктивті жасқа 2000-жылдардың көптеген буыны еніп, елдегі туу көрсеткіші қайтадан көтеріледі.

«Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» дейді қазақ. База­рымыз тарқамау үшін, бола­ша­ғымыз баянды болуы үшін дәстүрімізге жат мұндай дүдәмал құбылыстың қанат жаюына жол берілмегені жөн.