Алматы • 19 Мамыр, 2024

Алматыда жер сілкінісін ескерту жүйесі қашан іске қосылады?

93 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің баспасөз қызметі Алматыда 1 маусымға дейін жер сілкінісі туралы хабарлау жүйесін пилоттық режимде енгізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда жер сілкінісін ескерту жүйесі қашан іске қосылады?

- Төтенше жағдай туындаған кезде азаматтарды уақтылы хабардар ету үшін биыл 1 маусымға дейін "Жаппай дабыл" жүйесі пилоттық режимде енгізіледі, – делінген хабарламада.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алматыда сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өткізді.

- Ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Ол сейсмикалық деңгейі 7-9 балл болатын учаскелерде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салу үшін міндетті сейсмикалық оқшаулау жүйесін енгізу туралы баяндады. Нормативтік-техникалық құжаттарға тиісті түзетулер дайындалды, – деді баспасөз қызметі.

Бозымбаев халықаралық, соның ішінде жапондық тәжірибені ескере отырып, жер сілкінісі қаупі бар аймақтардағы нысандарды жобалау стандарттарын қатайту бойынша жұмыстарды жүргізуді, аккредиттелген зертханаларды пайдалана отырып, құрылыс нормаларының сақталуына қадағалауды күшейтуді тапсырды.

- Халықты хабардар ету желіге қосымша жүктемені тудырмайтын және базалық станция антенналарының қамту аймағындағы барлық абоненттерді дереу және жаппай хабардар етуге мүмкіндік беретін Cell Broadcast технологиясы арқылы жүзеге асырылады, – деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Вице-премьер халықты төтенше жағдай туралы хабарлау жүйесін енгізу үдерісін жеделдетуді тапсырды. Бұл жүйе еліміздің жер сілкінісі қаупі бар барлық аймақтарында болуы және үздіксіз жұмыс істеуі керек.

- Сонымен қатар Қанат Бозымбаев мемлекеттік органдардың жер сілкінісі кезіндегі әрекет алгоритмін де тыңдады. Бұл халықты ақпараттандыруға, құтқару және эвакуациялау шараларын ұйымдастыруға, далалық және жылжымалы ауруханаларды орналастыруға қатысты. Вице-премьер Төтенше жағдайлар министрлігіне маусым айының бірінші онкүндігінде "Жер" республикалық оқу-жаттығуы кезінде алгоритмді сынақтан өткізуді тапсырды, – деп толықтырды министрлер кабинеті.

- Жаттығу аясында тартылған техниканың жай-күйін және оның шешілетін міндеттерге сәйкестігін тексеру де маңызды. Бұл ретте төтенше жағдайларды жоюға жеке ұйымдардың техникасын тарту мәселесін пысықтау қажет, – деді Бозымбаев.

Үкіметте түсіндіргендей, отырыс қорытындысы бойынша тиісті министрліктерге елдегі сейсмикалық жағдайға тұрақты мониторингті қамтамасыз ету және жер сілкінісі кезінде тұрғындардың іс-әрекеттерін тәжірибе жүзінде жүзеге асыру бойынша оқу-жаттығуларды жүйелі түрде өткізу тапсырылды.