Ұлттық спорт • 19 Мамыр, 2024

Ұлы дала жорығы: Үшінші маусым басталды

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Павлодарда әйгілі геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Ұлы дала жорығы»  республикалық марафон-бәйгенің үшінші маусымы басталды. Ашылу салтанатына «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, марафон-бәйгенің тең ұйымдастырушысы Әлібек Әлденей, «JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлы дала жорығы: Үшінші маусым басталды

Фото: Ultsport.kz. Tazhkuranov M.

«Ұлттық құрылтайда Президент Қазақстан Ұлы дала көшпелі өркениетінің тікелей мұрагері саналатынын және біз өзіміздің мәдени мұрамызды қорғап, ілгерілетуіміз керек екенін атап өтті. «Ұлы дала жорығы» бәйгесі «AMANAT» партиясының қолдауымен үшінші жыл қатарынан өткелі отыр. Марафон-бәйге отандастарымызды біріктіретін, ұлттық рухты нығайтатын жобаға айналды», деді AMANAT»-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Ұлтспорт кз

Осы жылғы 500 шақырымдық марафон-бәйге Павлодар – Астана бағыты бойынша өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен 19 команда қатысып жатыр.

«Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесін үшінші рет өткізіп отырмыз. Бұл – азаматтар мен арғымақтардың төзімі мен ерік-жігері сынға түсетін дода. Барлық спортшыларымыз осы күрделі сынақтан сүрінбей өтіп, жорытқанда жолдары болсын!», деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов. 

Ұлтспорт кз

Командалар бес күн бойы күніне 100 шақырым жол жүріп өтуі тиіс. Әр 50 шақырым сайын командаларға демалуға мүмкіндік беріледі. Аттарды тәжірибелі ветеринарлар бақылайды. Айта кетейік, әр команданың жолға шығу уақыты әртүрлі. Бірінші команда сағат 07.00-де, келесісі екі минут аралықтан соң жолға шығады. Нәтижесінде соңғы команданың сапары 07.36-да басталады. Командалар қандай нөмір тағатыны жеребе тарту барысында анықталды.

Қозғалыс уақыты әртүрлі болғандықтан командалар бір-бірімен жарыспайды.  Барлық қашықтықты ең қысқа уақытта еңсерген команда жеңімпаз атанады.

Еске салайық, «JORYQ» республикалық федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді. Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, көкпар, аударыспақ, асық ату, садақ ату, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және тағы басқа федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.