Жастар • 20 Мамыр, 2024

Жастарды жігерлендірген жарыс

62 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде «Aqyl Battle CUP – 2024» дәстүрлі республикалық зияткерлік сайысына тіркеу басталды. Білім мен бірлік арқылы мемлекеттік тілді насихаттауға арналған сайыстың алғашқы кезеңі 21-23 мамыр аралығында өтеді. Игі істі Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болуымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы аясында «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық студенттік бірлестігі ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жастарды жігерлендірген жарыс

Фото: elorda.info

 

Сайыстың І кезеңі «Aqyl Battle» мобильді қосымшасында өтеді. Бүгінде бұл мобильді қосымша жасөспірімдер мен жастар арасында қазақ тілінде оқу бағдарламасын меңгеру құралына айналып үлгерді. Онда азаматтардың ойлау өрісін кеңейту мақсатында қазақтың салт дәстүрі мен әдебиеті, тарихы насихатталады. Оған қоса жас буынның бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған. 

- «Aqyl Battle CUP-2024» Қазақстанның мәдениеті мен тіліне тереңірек үңілудің жаңа стилі. Мұндай зияткерлік ойындар рухани құндылықтар мен патриотизмнің қалыптасуына ықпал етеді. Біздің жобада қатысушылар тек жеңіс үшін ғана емес, жаңа білім үшін де сайысқа түседі. «Aqyl Battle» мобильді қосымшасында 35-тен астам категория бойынша 12 мыңнан астам сұрақ бар. 14-35 жас аралығындағы жастарға арналған интеллектуалды командалық ойынның алғашқы іріктеуі осы мобильді қосымшада онлайн өтеді. Келесі кезеңге, әр аймақтан тиісті ұпай жинаған 30 қатысушы (жалпы 600 жас) жолдама алады. Екінші кезең төтенше жағдайлар (ТЖ) орын алған аймақтарда онлайн, ал басқа аймақтарда офлайн quiz форматында ұйымдастырылып, республика бойынша жеңімпаз 20 команда Гранд-финалға жолдама алады, – деді «Болашақ Қазақстанға» ҚҚ төрағасы Бибінұр Шербаева.

Жобаның шешуі кезеңі елордада ұйымдастырылмақшы. Сайыс барысында жобаның танымалдығын арттыру мақсатында командалар арасында «Креативті команда» сайысы да қосылады. Жалпы жүлде қоры 3 600 000 теңгені құрайды.