Аймақтар • 20 Мамыр, 2024

Кегенде кәсіпкерлер көбейіп келеді

240 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Он мыңға жуық халық тіршілік ететін Кеген ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы ай аунап, жыл өткен сайын артып келеді десек асыра айтқандық емес. Көшелері көріктеніп, түнгі шамдар самаладай жарқырап көңіл қуантады.

Кегенде кәсіпкерлер көбейіп келеді

Ауыл орталығы уақыт талабына сай дамып келеді. Мысалға айтсақ, бірер жыл бұрын ашылған «Жастар» стадионында серуендейтіндер қатары көбейген. Биылғы жылы пайдалануға берілген «Жастар ресурстық орталығы» ғимараты да ауылға ажар қосумен қатар, жастардың еңсесін тіктеп, еселі еңбек етуіне оң әсерін тигізген. Ауылдың гүлдеп, көркейе түскеніне тұрғындар да дән риза.

«Жоғары оқу орнын бітіріп, ауылыма келіп еңбекке араласудамын. Сән-салтанаты жарасқан «Жастар ресурстық орталығында» аудан жастары жұмысқа орналасу, кәсіп бастау, мемлекеттік бағдарламалар бойынша да кеңестер алады. Көрмелер мен шеберлік сабақтары, кездесулер ұйымдастырылып, танымдық көкжиектерін кеңейтіп келеді», дейді орталықтың жас маманы Әділ Тельман.

Аудан орталығында іргетасы көп жылдар бұрын қаланған қосқабатты тұрғын үйлер бар. Биылғы жылы көпқабатты 5 тұрғын үйдің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 135 млн теңге қаражат қаралып, мемлекеттік сатып алудың ашық конкурсы жарияланып, жеңімпаз компания жөндеу жұмыстарын бастаған.

Сонымен қатар ауыл іргесіндегі полигонның қоршауына 60 млн теңге қаражат бөлінгенін және көктемгі абаттандыру жұмыстарының да ұйымшылдықпен жүзеге асырылғанын атаған Кеген ауылдық округінің әкімі Руслан Кеңесжанұлы ауылда мал басының артып келе жатқанын айтты.

Кеген ауылында кәсіпкерлік кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылған. «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтінім берген азаматтар алдағы уақытта жиһаз жасау орталығын, жылыжай өндірісін іске қосуға ниетті.

Ал 80-нің сеңгіріне шыққан Әбілжан Әрішов ақсақал жетекшілік ететін «Ерсін» шаруа қожалығы 121 млн теңгеге лизингке 1357 бас «Еділбай» қойын алып, өсіруде. Қой төлдету науқанын сәтті аяқтаған.

Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық несие алып, жұмыс жүргізу үшін ауылдық округ әкімінің аппараты мамандарының көмегімен 4 кооперативтің несие құжаттамалары дайындалып, «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолданған. Нәтижесінде 3 кооперативке 86 млн 500 мың теңге несие мақұлданған.

Соның бірі «Кеген АгроМаш» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі қуаты жоғары 2 «YUTO» тракторын алды.

«Көктемгі, күзгі дала жұмыстарында техника жетіспеушілігін айқын сезінеміз. Сол себепті, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 27 600 000 теңгеге 2 тракторды жер жырту, өңдеу, шөп шабу, тырмалау агрегаттарымен алып, банк қаражаты есебінен ауылымызға инвестиция салып отырмыз. Десе де, техника алынғанмен игеретін жер тапшылығын жасырғымыз жоқ. Егер шабындық пен егістік жердің көлемі ұлғайса бұл техниканың қыруар пайдасын көретін боламыз», дейді кооператив басшысы Сырым Сағынбеков. 

Кеген ауылдық округінде көктемгі дала жұмыстары бойынша жоспар 635 гектар жаздық арпа мен бидайды құрайды. Бүгінгі күнге арпа-бидай егу үшін 658 гектар жер жыртылып, яғни жоспар 104 пайызға орындалып,  дәнді-дақылдар себілуде.

 Алматы облысы.