50 жылда 120 спорт шебері мен сандаған чемпиондарды тәрбиеледі
Төр Алтайда туып-өсіп, төрт қиырды шарлаған бұрынғы спортшы, қазіргі спорт ардагері Жанәділ Атаевтың есімі елге ерен еңбегімен етене таныс. КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері, халықаралық дәрежедегі төреші, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры – еліміз бен өңіріміздегі осы атаулы құрметтің барлығы лайықты иесін тауып, Жанәділ ағаның спорт саласындағы жарқын жолынан хабардар етеді.
Жәкең – ерте жастан еңбек еткен адам. Шығыс өңірінің Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылында туған ол 8-сыныпты тәмамдаған соң кешкі мектепте оқып, күндіз жұмыс істейді. «Ауылда еңбекке ерте араластым, істемеген жұмысым жоқ. Әкем Әбдіраман балуан денелі, қайратты, сабырлы адам еді. Ұзақ жылдар бойы орманшы, шопан болып еңбек етті. Анам Мәрия екеуі сегіз бала тәрбиелеп өсірді. Ерінбей еңбек етуді әкемізден үйрендік», дейді Ж.Атаев.
Жарты ғасырлық еңбек жолында Жанәділ ағамыздың жігерлі, намысты адамды шиырлап, сиқырлап алатын спорт саласына келуі де қызық. Ауылда балалармен бірге зілтемір көтеріп, бокспен, күреспен айналысатын бала Жанәділ әскер қатарына алынғанда кездейсоқ бір бұрыштағы топ адамға кезігіп қалады. Германияда борышын өтеп жүрген жас жігіт онда жаңадан шақырылған сарбаздар арасында ауыр атлетикадан жарыс өтіп жатқанын көреді. Күш-қуаты бойын кернеген бозбала Поликарпов есімді капитанның рұқсатымен жарысқа қатысып, бірінші орын алады. Капитан одан күресетінін, разрядының барлығын сұрапты. «Ұялған тек тұрмас», жас жігіттің жалған айтуына тура келеді. «Екінші разрядым бар», деген Жанәділді ертеңінде күрестен өтетін жарысқа салады. Алты балуанмен белдескен қазақ жігіті бәрін таза жеңіп, бірінші орынға ие болады. Зайсандағы жауырыны жер иіскемеген балуан Төлеген Ержанов ақсақалдан іштен шалуды үйренгенінің пайдасы тиіп, бәрін бір әдіспен сұлатып шығыпты. Осылайша, бірден дивизия құрамасына алынып, армия біріншілігінде бокстан бірінші орынды, дивизияда самбодан екінші орынды жеңіп алған жас сарбаз аз уақытта Қызыл Армиядағы кәсіби спортшылардың деңгейін қуып жетеді. Ауылға спорт шеберлігінен үміткер болып оралған соң да үлкен спортқа деген іңкәрлігі басылмайды.
1970 жылы Өскемен педагогикалық институтының дене тәрбиесі факультетіне түскеннен кейін екі жылдың ішінде КСРО спорт шебері нормасын орындап, Қазақстан құрамасына қабылданады. Мәскеудегі кезекті бір жеңісінде, Ленинград пен Алматыдағы тәжірибелі бапкерлер шақырып қолқалаған екен. Өскеменді қимаған жас спортшыға өкпелеген бапкерлер көп ұзамай оны ірі жарыстардан шеттете бастайды. Талай тайталаста топ жарса да тілерсегі қиылған тарландай үйірге қоспаған соң, бапкерлікке бет бұруды қолай көрген Жанәділ Атаев ұзақ жылдар бойы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатта жастарды күреске баулыды. Түкпірдегі ауылдарды аралап, жас таланттарды іздеді, оларды қалаға әкеліп, тәрбиеледі. Шәкірттері шыққан шың – биік. Атап айтсақ, Талғат Ақтаев, Ержан Омарбаев әлем чемпионы атанды. Дзюдодан ел біріншілігінде Айдын Смағұлов, Жанат Нұртазина, Роман Удзулаури, Руслан Сейілханов есімді шәкірттері топ жарды. Үш шәкірті Вьетнамдағы Азия чемпионатында қола медальді иеленді. Айдын Смағұлов Сидней Олимпиадасында қола медаль алды. Спортқа арнаған жарты ғасырлық ғұмырында жаттықтырушы Жанәділ 120-дан астам халықаралық, одақтық және еліміздің спорт шеберін даярлады.
Көптеген шетелдерді аралап жүріп, Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатуға әркез даяр тұрды. Вьетнамда өткен құрлық біріншілігінде ардагер ағамыз Қазақстан делегациясының атынан сөз сөйлеп, «Арыс жағасында» әнін шырқаған болатын. Сонда бүкіл 45 мемлекеттен келген өкілдер ортаға шығып, Шәмші әнімен би билеген екен. Сондай-ақ, Жапонияда, Канадада тұратын қазақ отбасыларын әдейілеп іздеп барғанының өзі ұлтжандылықтың, отаншылдықтың белгісі емес пе?!
Бүгінде Атаевтың аталы шаңырағында өсіп келе жатқан жас буын да спорт тәрбиесіне ден қойған. Яғни, Атаевтарды спортшылар әулеті деуге болады. Үлкен ұлы Әділ самбодан спорт шебері, бес жыл бойы Қазақстан құрамасында шетелдік жарыстарға қатысты. Кіші ұлы Алмас 15 жылдан астам ұлттық құрамада өнер көрсетті. Әлем кубогы мен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Алмастың қазақ және орыс тілдерінде өлең жазатыны да бар. Сондай-ақ, студент кезінде шәкіртақысын жинап, Қарттар үйіне түрлі қайырымдылық көмектерін көрсетіп жүретінін естідік. Осыдан біршама жыл бұрын немересі Олжас ел чемпионы атанып, спорт шебері нормасын орындады. Олжас пен Мәлике қосылып, ән салғанды ұнатады. Мәлике гимнастикамен шұғылданып жүр. Екінші немересі Мәди спорт шеберлігінен үміткер. Ал Жәкеңнің өмірлік қосағы Риза шағын кәсіпкерлікпен шұғылданады.
Биыл Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келгенде, Өскеменде салынған спорт кешендерінде өңірдегі спортшылармен, спорт қайраткерлерімен кездескен болатын. Сол кездесудің бел ортасында Жанәділ Атаев та болды.
– Елбасы – елдіктің еңсесін көтеруге еселеп қызмет етіп жүрген тұлға. Өскеменге келгенде, бізбен емен-жарқын әңгімелесті. Елбасының қамқорлығымен облысымыздың орталығында бірегей кешендер бой көтерді. Оның барлығы ұрпағымыз үшін зор игілік. Президент халық денсаулығына өте мән береді. Отандық телеарна тілшілеріне берген сұхбатында да осы мәселеге тоқталды. Ата тегінен берілген мықты денсаулық барлығын, тауда ойнап шыныққанын айтты. Кейін келе спортқа құмартқанын, оған өзгелерді де ерте білгенін жеткізді. Адамның өзін әрдайым бабында ұстауы үшін спорт – таптырмас серік. Сонымен бірге, едәуір тер төгуді қажет ететін еңбек. Елбасы еңбек жөнінде осыған дейін де көп айтқанын білеміз. Тұжырымдамасын да ұсынды, Еңбек күнін де белгіледі, ерен еңбек еткен жандарды үлгі де етті. Былтыр «Мерейлі отбасы» байқауына бастамашы болды. Онда еңбегімен ел алдына шыққан әулеттердің мерейі өсті. Сондықтан, барлық барақатты дүниеге тек тынымсыз еңбектенудің арқасында қол жеткіземіз. Еңбек етсек, нан да, сән де, даңқ та – бәрі болады. Ең бастысы, отбасымыздың алдында жүзіміз жарқын болады, – деді ардагер спортшы Жанәділ Атаев.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.