Білім • 20 Мамыр, 2024

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған республикалық эссе сайысы өтті

234 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық музейлер күні қарсаңында Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Тарихи музейінің ұйымдастыруымен ғұлама ғалым Қ. Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған «Сан қырлы Сәтбаев» атты Сәтбаев мектептері арасындағы республикалық эссе сайысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған республикалық эссе сайысы өтті

Жастарымыздың тарихта өткен Ұлы тұлғаларға қарап бой түзеуі, олардың өнегелі өмір жолынан ғибрат алуы тәрбиеміздің басты құралы. Білімге құштар, арманшыл ұрпақ өз халқының жасампаз болмысы мен өміршең дәстүрімен қаруланып, ұлы тұлғаларын ұлықтап, соларды үлгі тұтса, ұлт рухының асқақтай беруіне серт бере аламыз.

Осы мақсатта өткізілген эссе және бейнебаяндар сайысы жастарымыздың білімге деген құлшынысын көрсетіп, отаншылдық, ұлтжандылық танымына қозғау салғанын көрсетіп берді.

Университеттің Тарихи мұражайы ұйымдастырған бұл танымдық сайысқа Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Сәтбаевтанушы-ғалым Аспандияр Әденұлы төрағалық етіп, жүзден жүйрік шыққандарды анықтады.

Марапаттау рәсіміне барлық аймақтардан эссе жазған талантты оқушылар мен олардың жетекші-ұстаздары қатысып, сөз сөйлеп, өз ойларын бөлісті. Эссе жазып, бейнебаян түсірген оқушылар зерттеу, жазу кезеңіндегі өз әсерлерімен бөлісіп ұлы ғалым туралы танымдық сұрақтарға да жауап берді.

Сайыс жеңімпаздары түрлі сыйлықтармен марапатталды. 

1-орын алған Жетісу облысы, Ақсу ауданының 11-сынып оқушысы оқу орнымыздың грантына ие болды.

2-орынды Ақтөбе және Түркістан қалаларының оқушылары алды. 

3-орынды Павлодар облысы, Екібастұз қаласы, Алматы облысы, Қаскелең қаласы және Түркістан облысы, Созақ ауданының оқушылары алды. Сонымен қатар барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен шығармашылық дарыны үшін номинациясы табысталды. Марапаттау барысында университетіміздің профессоры Байбатша Әділхан Бекділдәұлы сайыс жеңімпаздарын құттықтап, оларға алдағы уақытта да үлкен белестерді бағындыруына тілектестігін білдірді.

Сәулет және құрылыс институтының 4-курс студенті Аллаберген Бердібеков Қ.Сәтбаевтың А.Затаевичке жаздырған әндері ішінен халық әні «Обағанды» шырқаса,  өзге де талантты студенттер біртуар тұлғаға арналған жырларын оқыды.

Әсерлі өткен танымдық іс-шара жастарымыздың құштар көңіліне қозғау салып, техникалық білімнің қара шаңырағы Сәтбаев университетіне деген шынайы пікірлері мен айрықша әсерлерін паш етіп, кейбірі осы оқу орнына түсуге талпыныс жасайтынын аңғартты.

Заманауи техника мен технологияны еркін меңгерген жастарымыз осы мүмкіндікті еркін пайдаланып, әсерлі де тартымды бейнебаяндар жасағаны ұйымдастырушыларды бір сүйсінтіп тастады.

Айта кетейік, бұл  іс-шара Сәтбаев университеті ректорының бастамасымен еліміздегі барлық Сәтбаев  атындағы мектептермен ынтымақтастық меморандум жасау арқылы іске асырылуда. Алдағы уақытта да университет Республикадағы Сәтбаев атындағы мектептерді өз аясына алуға, түрлі іс-шараларды бірлесе отырып атқаратынына мүдделі екенін айқындады. Өйткені барлық білімнің бастапқы баспалдағы мектеп екені сөзсіз.

Сайыстың өз дәрежесінде өтуіне мұрындық болған, университет Тарихи  мұражайының директоры, әрі дарынды суретші Жеңіс Молдабековке қатысушылар тарапынан алғыс айтып, рақметін жаудырды.