Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Шетелдік университеттің грантын иеленді
Тақырып төңірегіндегі сүйінші жаңалықтың соңғысы – отандық оқушылардың Regeneron ISEF халықаралық ғылыми-инженерлік көрмеде беделді марапаттарға ие болғаны туралы ақпарат. 11-17 мамыр аралығында Лос-Анджелесте оқушыларға арналған дүниежүзілік ғылыми-инженерлік Regeneron ISEF 2024 байқауы өткен еді.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, еліміздің үш оқушысы беделді марапаттарға ие болып, 100% нәтижеге қол жеткізді. Жобадағы жетістіктері үшін Әбілмансұр Рахметуллаев, Саяжан Жақсығалиева және Әлихан Жарболов түрлі санат бойынша үздік деп танылып, жобадағы еңбегін бағалау дипломдарын иеленді. Сондай-ақ дарынды жас ғалымдар Король Абдулазиз және оның серіктестері қоры атынан «Маухиба» арнайы сыйлықтарын олжалады. Оларға Сауд Арабиясындағы беделді мемлекеттік Король Фахд мұнай және минералдар университетінде оқу үшін толық қаржыландырылған білім гранттары табысталды. Арнайы сыйлық қатысушыларға қаржылық мәселелерге алаңдамай, оқуын жалғастыруға жағдай жасайды. Бұл олардың академиялық және ғылыми жұмыстарға назар аударуына мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Regeneron ISEF – 70-тен аса елден 2000-ға жуық қатысушының басын қосып, оларға өздерінің инновациялық әзірлемелерін көрсетуге, дүниежүзіндегі әріптестерімен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін ауқымды байқау.
Ел қоржынына 9 медаль салды
Жақында химия пәнінен оқушыларға арналған 58-Халықаралық Менделеев олимпиадасының қорытындысы шықты. Шэньчжэнь қаласында (Қытай) өткен жарысқа 29 елден 200-ден аса оқушы қатысып, өзара 15 алтын, 30 күміс, 45 қола жүлдені таласқа салды. Қазақстан құрама командасы 1 алтын, 2 күміс және 6 қола, барлығы 9 медаль жеңіп алды.
Тарқатып айтқанда, Павлодар қаласындағы №8 дарынды балаларға арналған лицейдің оқушысы Ринат Илюсизов халықаралық білім бәйгесінен ел қоржынына алтын медаль салды. Ақтау қаласының «Білім-инновация» лицей-интернатынан Әділжан Молдағұл мен Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен Кирилл Ким күміс медаль иеленсе, Астана қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен Абылай Қабдулхадыр, Haileybury Almaty халықаралық мектебінен Алихан Серікұлы, Алматы қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен Еңлік Бақытбекова, Павлодар қаласының химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінен Тамила Рахимбаева, Қарағанды қаласының м№1 «Білім-инновация» мектеп-интернатынан Санжар Қалиақбар, Ақтау қаласының «Білім-инновация» мектеп-интернатынан Әліби Мұғалім қола медаль олжалады.
Мықтылардың қатарына қосылды
Еліміздің оқушылары Балқан түбегіндегі ең мықты жас математиктердің үштігіне кірді. Осы айдың басында Болгарияның Варна қаласында математикадан 41-Балқан олимпиадасы (BMO) аяқталған еді. Оған 22 елден 130-дан аса оқушы қатысты. Білім додасында біздің оқушыларымыз жалпыкомандалық үшінші орынды жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 1 алтын, 2 күміс және 3 қола бар.
Аталған халықаралық білім бәйгесінде ел намысын Қостанай қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Жан Даутов, Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы Әмірлан Аманжолов, Алматы қаласындағы Haileybury Almaty халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Мирон Юркевич, Тараз қаласындағы «Білім-инновация» мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Марғұлан Шарел, Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы Тимур Мұрат, Алматы қаласындағы РФММ 10-сынып оқушысы Әмір Сахиповтан құралған құрама қорғады. Оларға KBTU-дің академиялық сұрақтар жөніндегі проректоры, PhD, профессор Асылбек Исахов пен математикадан республикалық, халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Қанат Сатылханов жетекшілік етті.
Енді математикадан 41-Балқан олимпиадасына қатысқан осы Қазақстан құрама командасы биылғы 11-24 шілде аралығында Ұлыбританияда өтетін математикадан халықаралық олимпиадаға (IMO) да барады.
Бірінші орынды иеленді
Өткен аптада озат оқушыларымыздың Қытайдың Шанхай қаласында 18-19 мамырда өтетін роботтехника бойынша «First Tech Challenge China» халықаралық чемпионатына аттанғаны туралы жазған едік. Осы материалды жазып жатқанда, аталған чемпионаттың нәтижесі шыққаны жөнінде хабар алдық.
«First Tech Challenge China» халықаралық чемпионатына Қытай, Жапония және Қазақстаннан жиналған 50 команда қатысып, 600-ден аса қатысушы бақ сынады. Абай облысының жаңадан құрылған «Tengri» құрама командасы Robot game аталымы бойынша ІІ орын алса, Motivate award аталымында үздік команда ретінде І орын иеленді. Жалпыкомандалық есепте үш елдің арасында ІІ орын алды. Команда құрамы Шәкәрім атындағы көпбейінді №5 гимназиясының оқушылары: Темірлан Абылхан, Радмир Жеңісбек, Осман Қуанышбеков, Балжан Найманғазина, Досжан Сабит, Нұртөре Мақсатұлы, Нұркен Төлеубек, Алан Ермекбаев. Команда жетекшісі – аталған мектептің роботтехника пәнінің мұғалімі Айдос Тұрсынбеков.
Ойын барысында аталған отандық команда автономдық режімде роботтарды жарыстырып, робот бақылау ойнында пиксель жинады. Соңғы 30 секунд ішінде робот дрон ұшырып, турникке тартылды.
P.S. Еске сала кетейік, 7 (IMO – математика, IphO – физика, IchO – химия, IBO – биология, IgеO – география, IOI – информатика және IOL – лингвистика) беделді пән олимпиадасының жүлдегерлеріне (алтын медаль үшін 1 500 АЕК – 5 млн 538 мың теңге, күміс медальға 1 000 АЕК – 3 млн 692 мың теңге, қола медальға 500 АЕК – 1 млн 846 мың теңге көлемінде) бір реттік ақшалай сыйақы беріледі. Осыған қоса олар ҰБТ тапсырмай-ақ отандық жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне де ие болады.