Энергетика • 21 Мамыр, 2024

Қымбат тариф кәсіпкерлікке кедергі: Ақтөбеде жарық тапшылығы жоқ, бірақ баға аспандап тұр

53 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Облыстық кәсіпкерлер палатасында электр энергиясына тарифтің көтерілуіне байланысты туындаған шағымдар қаралды. Өткен жылдың соңында энергиямен жабдықтау саласындағы делдалдар қызметіне шектеу қою мақсатында Энергетика министрлігінің жанынан қуат таратушы бірыңғай оператор құрылды. Соның нәтижесінде биыл сәуірден бастап еліміздегі электр энергиясын тарату жүйесінің 18%-ын иеленген «реттелмеген» компаниялар нарықтан кетті.

Қымбат тариф кәсіпкерлікке кедергі: Ақтөбеде жарық тапшылығы жоқ, бірақ баға аспандап тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Монополияның мысы басады

Ақтөбе облысында ғана ірі компаниялардан электр қуатын сатып алып, қайтара сатумен айналысатын 500 серіктестік қызметі тоқтатылды. Алайда дел­далдар қызметіне тыйым салынса да, өңірде электр энергиясының тарифі тө­мен­демей, керісінше бір жылдың ішінде заңды тұлғалар үшін төлем 79,5%-ға өсіп кетті. Осы жағдайды реттеуді талап еткен кәсіпкерлер «Атамекен» палатасына келіп шағын және орта бизнес өкілдері үшін оңтайлы тариф бекітуді ұсынды.

«Биыл наурыздан бастап «Ақтөбе­энер­гожаб» ЖШС электр энергиясының тарифін жеке тұлғаларға – 18 теңгеден, заңды тұлғаларға 52,44 теңгеден бе­кіт­ті. Егер былтыр қазан айынан ірі кәсіпорындар әр кВт үшін 41,94 тең­геден төлеп келсе, наурыздан бастап ол 52,44 теңгеге көтерілді. Шағын және орта кәсіпкерлік нысаны мен ауыл шаруашылығы құрылымының тарифін ірі кәсіпорынмен теңестіру дауға себеп болып отыр. Тарифтің өсуі азық-түлік, қызмет көрсету бағасын, тасымал құнын өсіріп, жергілікті тауар өндірушілердің жағдайын қиындатады. Біздің алдымызда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментімен бірлесіп, арзандатылған тарифті бекіту мәселесі тұр. Мұның бір жолы – жергілікті жеке электр энергиясын өндірушілердің ішкі резервтерін пайдалану», деді өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы дирек­торының орынбасары Руслан Күйшінов.

Ақтөбе облысына электр энергиясы «KEGOC» компаниясы желі­лері арқылы Павлодар облысынан та­сы­малданады. Энергетика министр­л­ігіне қарасты бірыңғай оператордан «Ақтөбеэнергожаб» ЖШС әр киловатын 20 теңгеден сатып алады. «Ақтөбеэнергожаб» ЖШС директорының орынбасары Серік Түйтебаев «Біз «KEGOC» желілерінен әр киловатты 20 теңгеден сатып алғанымызбен, жеткізу бағасы мен қуаттылығы үшін төлемақы қосылып, Ақтөбе облысына келгенде әр киловаты 34 теңге болады. Тұрғындарға осы бағамен сата алмаймыз. Сол үшін жеке тұлғаларға арзан, ал заңды тұлғаларға қымбат тариф қоюға мәжбүрміз», дейді.

Монополист өкілі тарифтің жоғары­лы­ғын электр энергиясының тап­шылығымен байланыстырды. Бұл дұрыс емес дейді кеңеске келгендер. Қазіргі кезде Ақтөбе облысында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на қарасты Жаңа­жол газтурбина электр стансасы – 168 мВт, «Ақтөбе ТЭЦ» – 175 мВт, Ақтөбе ферроқорытпа зауыты – 137 мВт, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты 36 мВт көлемінде жеке электр қуатын өндіріп отыр. Қысқасы, облыста электр энергиясы тапшылығы жоқ. Мәселе басқада.

Осы кезге дейін Ақтөбе, Түркістан, Қарағанды облыстары, Астана және Шымкент қалалары электр энергиясы тарифі қымбат өңірлердің қатарында тұрса да, мамырдан бастап арзандады. Мәселен, 1кВт үшін Қызылорда облысында – 22,75 теңге, Батыс Қазақстан облысында – 26,40 теңге, Жамбыл облысында 28,70 теңге төлейтін болса, керісінше Ақтөбе облысында 52,44 теңгеге қымбаттады. Аймақтар арасында электр қуатын тарату бағасындағы сәйкессіздік орталықтағы таратушы бірыңғай оператордың әр өңірге әртүрлі баға белгілеуінен туындайды.

 

Тариф өссе, табыс төмендейді

Жеке кәсіпкер Мұрат Сексенбаев  –тарифтің өсуінен зардап шегіп отыр­ған­дар­дың бірі.

«Санитарлық-эпидемиологиялық қыз­мет талабы бойынша аумағы 50-60 шаршы метр болатын дүкенімде шұжық пен сүт өнімдерінен бөлек сақтауға арналған екі мұздатқыш, сусын мен тез бұзы­латын тамақтарға арналған үш тоңазыт­­­қыш тұр. Жаңа тарифпен әр кило­ватқа 58 теңгеден төлеймін. Бір тоңазыт­қыш тәулігіне 3 мың теңге шамасында электр тоғын жағады. Мамыр айы­нан бас­тап бес тоңазытқыш үшін 240 мың теңге төлеймін. Оған қоса газ, су, қоқыс үшін төлемдер, үш дүкенші мен бір күзетшінің еңбекақысы бар. 60 шаршы метр азық-түлік дүкенінің шығыны осындай. Мен амалсыздан нан мен сұраныстағы азық-түлік бағасын көтеремін. Алайда әлеуметтік кәсіпкерлік санатына кіретін болғандықтан, дүкенімдегі тауар баға­сына 25%-дан артық қосуға рұқсат жоқ. Соған қарамастан нан бағасын 30%-ға көтердім», дейді азық-түлік дүкенінің иесі.

Ақтөбе облысындағы барлық аурухананы оттегі баллонымен жабдықтап отырған Мәртөк ауданының кәсіпкері Самат Сабландин де қымбатшылықпен бетпе-бет келді. Оның қызметі пан­демияның кезінде өте пайдалы бол­ға­нымен, қазір ауруханалардан сұра­ныс азайған. Коммуналдық шығын­дар орнын толтыру үшін кәсіпкер қызмет көрсету бағасын қымбаттатқысы келсе де, әлеуметтік серіктестік шартына қол қойғандықтан рұқсат жоқ. Енді ол басқа кәсіпке ауысатынын айтады.

«Ақтөбе облысы электр энергиясын сатып алуға мемлекеттен дотация алып отырған жоқ. Рас, қазір «KEGOC» желілері арқылы келетін қымбат электр энергиясын алып отырмыз. Бұрын жергілікті шағын электр стансаларынан тасымалдадық. Мәселен, Жаңажол газ-турбина стансасынан электр энергия­сын арзанға алдық, бірақ тасымалдау қиын болды. Қазір «KEGOC» желі­ле­рі арқылы кедергісіз аламыз, бірақ баға қымбат. Тұрғындардан түскен тө­лемдер орталықтағы оператордың есеп­шотына кетеді. «Ақтөбеэнергожаб» серіктестігі тұтынушыларының 49%-ы – жеке адамдар, 40%-ы – заңды тұлғалар, 10%-ы – бюджеттік мекемелер. Оларға әртүрлі тариф қойылды. Тұрғындар үшін орташа тарифті көтерсек, онда заңды тұлғалар арзандау төлейді», дейді «Ақтөбеэнергожаб» компаниясының өкілі.

 

Көптің пікірі неге ескерілмейді?

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұрлан Рахметов өңірде заңды тұлғаларға жоғары, ал жеке тұлғаларға арзан тариф қойылғанын растады.

«Біз жеке кәсіпкерлер үшін бағаны түсіруді ұсындық. Бұл жерде тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Бірыңғай оператор электр энергиясын Қызылорда мен Қостанай облыстарына – 10-11 теңгеден, Ақтөбе облысына 15 теңгеден беріп отыр. Өткен жылы Ақтөбе облысының электр қуаты үшін шығыны 3-4 млрд теңгені құрады. Назар аударарлық жайт – 2030 жылы елімізде электр энергиясын тұтынушы жеке және заңды тұлғаларға бірыңғай тариф енгізіледі. Қазір оны кезең-кезеңімен іске асыру жоспары бекітілді», дейді.

Кәсіпкер Марат Бауыржанұлы жер­гілікті монополист мекеменің орта­лық­тағы оператордан электр энергиясын 15 теңге 50 тиыннан сатып алып, жеке кәсіпкерлерге 57 теңгеден сату себебін сұрады.

«Шағын кәсіпкерлік нысандарын ірі өндіріс орындарымен бірдей тарифке кіргізу дұрыс емес. Өйткені шағын дүкен, монша, шаштараз, көлік жөн­дей­тін орын, аяқкиім шеберханасы сияқты кәсіпкерлік нысандарының табысын бірнеше миллиард доллар тауар айна­лы­мы бар кәсіпорындар табысымен са­лыстыруға келмейді. Әрбір шағын кәсіпкер кем дегенде үш-төрт адамды жұмыспен қамтып, өте үлкен сомада әлеуметтік сақтандыру жарнасын төлеп отыр. Бірақ мұны ешкім есепке алмайды. Ашығын айтсақ, біз Ресейдің қымбат электр энергиясын сатып алып отырмыз. Бағаның өсуі осыдан», деді.

Кәсіпкер Асхат Айтжанов энергиямен жабдықтаушы саладағы басы артық құрылымдарды алып тастау қажет деп ұсыныс тастады. Облыстық прокуратура өкілі энергиямен жабдықтау саласында жұмыс істеп келген, лицензиясы тоқтатылған бірнеше кәсіпкердің сотқа шағымданып отырғанын жеткізді.

Жаңажол газтурбина электр стан­сасының директоры Сәбит Наурызбаев жеке электр стансалары алдындағы ке­дер­­гілер туралы айтты.

«Біздің зауыт 168 мВт электр энергиясын өндіріп келді. Осы кезге дейін бағаны көтерген жоқпыз. Алайда бізге босатылатын газ кө­лемі қысқартылғандықтан, толық қуатымызбен жұмыс істей алмай, Ресейден жеткізілетін электр энергиясын қымбатқа алып отырмыз. Екінші мәселе – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі энергиямен жабдықтаушы мекемелерді лицензия­дан айырды. Бірақ осы «реттелмеген» мекемелер кәсіпкерлер үшін электр қуатын нарықтағы бағадан арзанға сататын», дейді.

Қоғам белсендісі Александр Мандры­кин тарифтің қымбаттауына байланысты жұртшылықтың қатысуымен қоғамдық тыңдау өтпегенін айтты.

«Ақтөбе қаласының жан-жағында 428 бау-бақша ұжымы бар. Біздің есебіміз бойынша осы аумақтарда шамамен 140 мың адам тұрады. Олар тұрғын үй салып алған. Алайда бау-бақша ұжымдарында иесі жоқ желілер көп деген сылтаумен коммуналдық мекемелер жеке тұл­ғаларға есепшот ашпады. 428 бау-бақша ұжымының тұрғыны су, электр энергиясы және газ төлемін бекітілген тарифпен емес, бірнеше есе жоғары ақымен төлеп келеді. Біз осы үйлерге коммуналдық төлем үшін жеке есепшот ашылуын сұрап прокуратураға арызданып, жауап ала алмай отырмыз. Сонда 140 мың адам­ның электр энергия­сы үшін төле­мі қайда кетіп жатыр? Бұл да – үлкен мәселе», деп түйіндеді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында талқыланған тариф саясатына қатысты ұсыныстар Бас прокуратура мен Энер­гетика министрлігіне жолданды.

 

Ақтөбе облысы