Инвестиция • 21 Мамыр, 2024

Тасымал саласында инвестиция ұлғайды

107 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жолаушылар теміржол көлігі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 83,1 млрд теңгеге жетті. Бір жыл бұрын көрсеткіш 4,7 млрд теңге болған. Айырмашылық жер мен көктей. Ал жүк теміржол саласындағы капиталды салым 28,5 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 49,3 пайызға төмен.

Тасымал саласында инвестиция ұлғайды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өңірлік бөлініс тұрғысынан жолау­шылар теміржол көлігі саласына тиесілі инвестицияның басым бөлігін – 45,3 млрд теңгені Астана иеленген. Жүк теміржол көлігі бойынша да елорда алда – 21,5 млрд теңге. Үштікке Алматы мен Қызылорда облысы кіреді.

Биылғы үш айда теміржол көлігі 5,2 млн жолаушыны тасымалдаған. Бір жылмен салыстырғанда көрсеткіш 8,1 па­йызға артқан. Сонымен қатар пойыздар 96,9 млн тонна жүк тасыған.

«Наурыздың қорытындысы бойынша пойызбен тасымалдау бағасы 5 пайызға өсті. Соның ішінде қала маңындағы пойызбен жүру бір жылда 8,6 пайызға қымбаттады. Жылдық өсім Алматыда (28,3 пайызға), Солтүстік Қазақстан облысында (15,8 па­йызға) және Ақмола облысында (15,2 па­­йызға) байқалды», деп мәлімдейді «Finp­­rom» талдау орталығы.

Ал пойызбен жүк тасымалдау көлемі – 96,9 млн тонна. Былтырғыдан 3,5 пайызға төмен. Бұл тұрғыда басым көрсеткіш Павлодар облысына (10,6 млн тонна), Астана қаласына (10,5 млн тонна), Ақтөбе облысына (8,8 млн тонна) тиесілі.

Ал әуе тасымалы саласына жіберілген инвестиция көлемі бірінші тоқсанда 14 млрд теңге болыпты. Былтыр көрсеткіш 2 млрд теңгеден әрең асқан-ды. Демек бұл бағытта да әжептәуір ілгерілеу бар деген сөз.

Сәуір айының қорытындысында әуе жолаушылар тасымалы бағасы 3 пайызға өскен (өткен жылдың сәуір айымен салыстырғанда). Билет қымбатшылығы, әсіресе Түркістан облысында (30,5 пайызға), Қостанай облысында (28,9 пайызға), Шымкент қаласында (22,7 пайызға), Шығыс Қазақстан облысында (19,1 пайызға), Солтүстік Қазақстан облысында (15,7 па­йызға) сезілген. Павлодар облысында аз ғана қымбаттаса (0,5 пайызға), Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Маңғыстау, Жетісу және Абай облыстарында керісінше баға төмендеген.

«Биыл әдепкіде үш айда әуе көлігі қызметі саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция 13,9 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6 есе көп. Капиталдық салымның барлық көлемі компаниялардың жеке қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Өңірлік бөліністе инвестицияның негізгі бөлігі Алматы қаласына (11,4 млрд теңге) тиесілі болды. Ал әуе компанияларының табысы 16,2 пайызға, 179,3 млрд теңгеге өсті. Соның ішінде, жүк пен багаж тасымалдау­дан түскен табыс 3,2 млрд теңгеге жетті. Жолаушылардан түскен табыс сәйкесінше – 176 млрд теңге», деп хабарлайды «Finprom».

Жалпы, биылғы үш айда әуе көлігі арқылы 3,3 млн жолаушы діттеген мекеніне жеткен. Былтырғыдан 20,2 пайызға көп, жыл санап жолаушы тасымалы ағыны артып келе жатыр. Өңірлік бөліністе ең көп тасымал үлесі Алматы қаласының еншісінде – 1,2 млн адам. Одан кейін Астана қаласы – 916 мың адам, Шымкент қаласы – 268,8 мың адам, Маңғыстау облысы – 233,1 мың адам, Атырау облысы – 189,9 мың адам.