Аймақтар • 21 Мамыр, 2024

Жаңа аудан жаңаша аталса

410 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Су тасқыны кезінде Қызылжар халқы ауызбірлігін көрсетіп, ешқандай дау-дамай мен үрейге жол бермеді. Бәрі де ТЖД қызметкерлерінің талаптарын орындап, эвакуацияға шығып, дүние-мүліктерін үйіндегі биік орындарға жинап кетуге тырысты. ПД қызметкерлері осындайды пайдаланатын суыққолдылардан сақтанып, су басқан жерлерге бөтен ешкімді кіргізбей, резеңке қайықпен күндіз-түні кезекшілікте жүрді.

Жаңа аудан жаңаша аталса

Жылы суы, жылуы бар жаңа жатақ­ханаларға көшіріл­ген­дер алғысын айтып жатты. Тұр­ғындар алғашқы көмек ре­тін­де 100 АЕК алғанда риза болып қалды. Одан әрі Үкімет үйіші мүліктерін алуға деп тағы 150 АЕК беретін болғанда тіптен қуанысты.

Енді су қайтып, апат еңсе­ріл­ген соң эвакуацияға шыға­рыл­ғандар өз үйі – өлең төсегіне қайта бастағанда жаппай болмаса да ішінара дау-дамай туып жатыр. Әрине, бұрынғы жаман үйлерінің орнына екі бөлмелі жайлы пәтер алғандардың қуа­ны­шында шек жоқ. Ал маңдай тер, табан ақысына хан сарайын­дай үй салып, оның несиесін бірнеше жыл бойы тірнектеп төлеп, әбден титықтаған жандар бір айға жуық тұрған мұздай су сол үйлерінің тас-талқанын шығарып кеткенде көңіліне кірбің кірмей, көзіне жас алмай тұра алар ма? Оның үстіне осындай кезде адам факторының кердеңді кеселі де болмай қалмайды. Өзі де қам көңілде жүрген кейбір адамдарды бұл да есеңгіретіп тұр. Біз бұл арада сарапшылар мен бағалаушылардың жұмысы туралы айтып отырмыз. Оларды келеді деп күні бойы тосқан жандарға кердеңдей кіріп, бар-жоғы 10-15 минутта барлық шығынды әділ бағаламай, жеңіл көріп, кеселді түйін жасап кетсе, жаны жаралы жандардың күйзелмесіне әдді жоқ. Тіпті осындайға шыдамаған бір азамат өзіне-өзі қол да салды.

Үйдің маңын жинап, тазалайын десе, бағалаушылар келмей, екі қолы жіпсіз байланып отырған тұрғындар наразылық білдіріп жатыр. Қала әкімі Серік Мұхамедиев осы тарапта шағым айтқандарға бағалаушыларды күтпей, тұрғындар үйдің ішін өздері фотоға түсіріп, шаруаларын жасай берсін дегенді айтты. Алайда жұрттың бетіне ащы шындықты тура айта алмайтын иі жұмсақ бастықтың айтқанына сену қиын. Өйткені ертеңгі күні бағалаушылар суретті көріп, «бұл сенің үйің емес, өтемақыны көп алу үшін барынша қираған үйдің фотосын көрсетіп тұрсың» десе, қарсы дәлел келтіру қиын.

С.Мұхамедиевтің айтуына қарағанда, бағалаушы мамандар өзімізде жетіспей, Қарағанды, Астана, Павлодар қалаларынан қосымша адамдар шақырылған екен. Тіпті Қызылордадан да бағалаушылар көмекке келмек. «Біз зардап шеккен әрбір шағын ауданға бағалаушылардың тобын белгіледік. Біреуін топтың басшысы етіп қойдық, олар барлық үйді бағалап, бізге қорытындыларын береді», деді ол.

Кейбір тұрғындарға ескі үйлер­ден пәтерлер сатып әпері­леді. Алайда олардың бір шаршы метрінің бағасы 328 500 теңгеден аспауы керек. Егер зардап шегуші «маған осы үйді әперіңдер» десе, әкімдік барлық құжатты дайындап, қордан ақша төлетеді. Сосын бұл үй әкімдіктің балансына алынады. Ал зардап шегушіге әкімдік келісімшартпен ол үйді береді, есесіне бұрынғы үйінің жерін әкімдіктің балансына алады.

Су тасқынынан облыс бойынша 3 898 үйге залал келтірілгені анықталды. Соның ішінде Петропавл қаласының су басқан үйлерінің саны – 2 156. Қазір бұлардан су кетті, тек 7 үй әлі суда тұр. Суы қайтқан 2 064 үй сарапталынып, оның 1 633-інде шығынның көлемі бағаланды. Сарапшылар әзірге 277 үйді қалпына келтіруге болмайды деп шешті. Петропавл қаласы әкімдігінің сайтында кімдердің үйі сүрілетіні көрсетілген тізім бар. Бұл тізім жаңартылып отырады.

Қаланың ең үлкен зардап шеккен шағын ауданы Ойқалада 1 383 үйге су кірген. Онымен көршілес Тері зауыты ауданында – 358, Заречный кентінде 239 үй су астында қалған.

Су басқан шағын аудан­дар­­дағы көше аттарының бәрі тегіс орысша екен. Бұрын жаз­ға­нымыздай, жарамсыз үй­лер­­­­дің орнына қазірдің өзінде «Солнечный-2» шағын ауданына 500 үйдің құрылысы салынатыны белгілі болды. Қаланың жергілікті тұрғындары сол жерде өсетін жаңа көшелер, мектеп пен алаңдар атауын мемлекеттік тілде атауды ұсынып жүр. «Сол­неч­ный-2» деген шартты атау­дың өзін де «Қызылжар» шағын ауданы деп ресми түрде атау ұсынылып жатыр. Өйткені «Солнечный» деген ат бұрын да бар болатын, мынау – екіншісі. «Ел қаражатына тұрғызылып жат­қан жаңа шағын ауданның мемлекеттік тілде аталуына еш­кім қарсы болмас деп ойлаймыз», деседі елжанды азаматтар.

 

Солтүстік Қазақстан облысы