Қоғам • 20 Мамыр, 2024

Ел ақындарының ерекше көктемі

153 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қара өлеңнің қағбасы саналған Қарағандыда екі күн бойы өлең-жырдың рухы желпіді. Биыл елімізге белгілі айтулы ақындардан бастап, талантты жас шайырлардың басын қосып, бүгінгі әдебиеттің даму бағытын айқындау һәм талқылау мақсатында қолға алынған республикалық «Қарағанды көктемі» поэзия фестивалі екінші мәрте желкен керді. Алқалы жиынның ашылу салтанаты Қарағандыдағы Достық үйінде өтті. Ауқымды іс-шара облыс және Қарағанды қаласы әкімдіктерінің қолдауымен, Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының ұйымдастыруымен дәстүрге айналып келеді. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов қатысып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтауын жеткізді.

Ел ақындарының ерекше көктемі

Суреттерді түсірген – Ерасыл БАЗЫЛОВ

Ермек Алпысов Ерлан Қа­риннің құттықтау хатын ақын, Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филалының төрағасы Жанат Жаңқашұлына арнайы тапсырды. Ол хатта: «Қазақ қашанда сөз өнерін жоғары бағалаған. Біз – «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, жыр қадірін жете түсінген елміз. Руханиятымыздың алтын қазығы іспетті жыраулар дәстү­рін, сондай-ақ ұлы Абайдан бастау алатын әдебиет алыптары­ның дара жолын бүгінгі ақында­ры­мыз лайықты жалғастырып келеді. Мәдениетіміздің өресін кеңейтіп, оны барынша дамыту – мемлекеттің маңызды ба­сымдықтарының бірі. Осы орайда шығармашыл зиялы қауым өкілдері ерекше рөл атқарады. Бұл фестиваль ақындардың аға буыны мен жас толқынның арасындағы рухани сабақтастықты сақтауға және төл әдебиетімізді жан-жақты насихаттауға зор үлес қосады деп сенемін», делінген.

п

Фестивальға Ұлық­бек Есдәу­­лет, Серік Ақсұңқар­ұлы, Оңайгүл Тұр­жан, Сұраған Рах­мет, Қасымхан Бегман, Свет­қали Нұр­жан, Гүлнәр Салықбай, Жанат Әскер­­бекқызы, Маралтай Райым­бек, басқа да елге танымал ақын­дар арнайы келді. Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өз кезегінде:

«Қарағандының ақындары­на алғысым шексіз! Екінші жыл қатарынан қаламгерлердің басын қосып отыр. Осындағы фи­лиал директоры, ақын Жанат Жаңқашұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Фестивальда бүгінгі қазақ поэзиясының бір­шама мәселесі көтеріледі. Мұн­дай іс-шара ақындарға ауадай қа­жет. Одақ төрағасы Мереке Құл­кеновтің ыстық сәлемін қабыл алы­ңыздар», деді.

Сонымен қатар Серік Ақсұң­қарұлы, Ұлықбек Есдәулет те ар­найы сөз сөйлеп, ізгі тілегін білдірді.

Ашылу рәсімінен кейін қа­лам­герлер дөңгелек үстелге жай­ғасты. Дөңгелек үстелді Жанат Жаңқашұлы тізгіндеп, оқырман, жалпы, кітап мәселесі жайында сөз қозғады. Бекітілген спикерлер баяндама жасап, қазіргі қазақ поэзиясындағы түрлі мәселені ортаға салды. Баяндамашылар қатарында қарағандылық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Салтанат Қайырбек те бар. Ол кітап сатылымы тақырыбын қозғады.

Сонымен қатар дөңгелек үс­тел басында Ұлықбек Есдәулет аудар­машылар хақында өз пікірін айтты.

«Шығармаларды шет тіліне аудару жолдарын табу әсте қиын емес. Қиындық тудырмайды да. Тек, мәселе мынада. Бізде кәсіби талантты аудармашылар жоқ. Сондай аудармашылар табу қиын», деді ақын.

Бұдан бөлек Светқали Нұр­жан, Ақберен Елгезек, Дәурен Берік­қажы сынды айтары бар ақын­дар ойын ортаға салып, бас­пахана мәселесі жайында сөз қозғады.

«Қарағанды көктемі» поэ­­зия фестиваліндегі дөңгелек үстел­ден соң, арқалы ақындар Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қа­зақ академиялық драма театры­на ат басын тіреді. Ресми бөлі­мінен соң, Алаштың аяулы ақын­дары арқаланып өлең оқыды. Қа­бырғалы қаламгерлердің қасиет қон­ған Қасымның топырағын са­ғынып келгендері ерекше сезілді.

ап

Кештің шымылдығын «Қазақ­тың екінші Әміресі» атанған Сержан Мұсайын Қасымның «Ақсәулем» әнімен ашқанын па­расатты поэзияға жасалған құр­мет десе де болатындай. Жалпы, фестивальдың лайықты деңгейде өтуіне ұйытқы болған Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Ләззат Төкенқызы әдеби кештің ортасында болып, бірқатар ақынға қала әкімі Мейрам Мұратұлының құттықтау хат табыстады.

Алматыдан арнайы келген Жа­зушылар одағы бас­қарма төр­­ағасының орынбаса­ры, ақын Қасымхан Бегманов Қара­ғандыны «қара өлеңнің өз өлкесі» деп, фестивальдың жоғары деңгейде өтіп жатқанын айта кетіп, өлең оқыды.

Ақ­ын Ұлықбек Есдәулет те сөз алып, Қасым топырағының қасиетін, қазақ поэзиясындағы Қарағандының орнына айрықша тоқталып өтті. Содан соң ақын Светқали Нұржанға, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары Серік Ақсұңқарұлына, Гүлнар Салық­байға Түрксой-дың «Алтын меда­лін» тақты.

Поэзия фестивалінің екінші күнінде ақындар Майқұдық­тағы кеншілер мұражайына ат басын бұрды. Содан кейін руханият орта­лығына айна­лып келе жат­қан Е.Бөкетов атын­дағы Қараған­ды зерттеу уни­верситетінде жас буын өкілдері­нің поэзия кеші дүркіреді. Жас ақындар өлеңдерімен тұғырға қон­ған классиктердің алдында ар­қырады. Поэзия кеші басталмас бұрын Ұлытау облысының үкілеген үміті Абзал Мақаш пен ару Алматыдан келген талантты ақын Роза Аспанқызы сахнаға шақырылды. Сахнада кітаптарының тұсауы кесілді. Роза Аспанқызы өзінің алғашқы кітабын «Өзін оятқан адам», ал Абзал Мақаш «Мәжнүн мұ­нарасы» деп атапты. Бұл кітаптың жарыққа шығуына Е.Бө­кетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің басқарма төр­ағасы, ректоры Нұрлан Дулат­беков қолдау көрсеткенін атап өткен жөн. Екі кітап – былтыр­ғы фес­тивальдің шарапаты. Сол ­фестивальда қос ақын таңдалған.

Сахнада ақындардың аты­­нан Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі. «Ең ұлы ақын – жас ақын!». Бұл Маралтай Райымбекұлына жазған өлеңім еді. Алғашқы жыр жинақтары дүние есігін ашқан екі жас ақында арман жоқ. Бүкіл елдің назары сендерде. Алаш ақындарының алдында тұрсыңдар. Мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді. Қарағандының қашанда жөні мен құрметі біз үшін бөлек. Қазыбектің, Бұқар жыраудың, ер Мәдидің, Қасымның, Әлихан бастаған Алаш элитасының басқан топырағына келіп тұрмыз. Қазақ қаламгерлерінің, оқырмандары­ның назары Қарағандыда! Келе­шекте қазақ әдебиетіне үл­кен олжа әкелулеріңе тілектеспіз. Жарқыраңдар, жайнаңдар!» деді Ұлықбек Есдәулет.

Ұлықбек Есдәулеттің сөзінен кейін ақындар өлеңнен өзен ағызды. Гүлнар Салықбай өлең оқығанда залдағы көрермен де бірге күбірлеп отырды. Ал Маралтай Райымбекұлы «Ар» өлеңін оқып бастап еді, залдағы жұрт әрі қарай оқи жө­нелді. Ақын болса, баладай қуа­нып, қолындағы микрофонды халық жаққа бұрды. Ақын үшін бұл үлкен бақыт емес пе?

Ақындардан кейін Шыңғыс Сәр­сенбаев ән шырқады. Ән­нен кейін сахнаға кейінгі тол­қын өкілдері шықты. Алма­тыдан Бекзат Смадияр, Роза Аспанқызы, Шымкенттен Арай­лым Мұратәлиева, Павлодар облысынан Жоламан Әйткен, Түркістаннан Еламан Төлеутай мен Рысгүл Досжанова, Қара­ғандының атынан Әділет Шопен, Ерік Нарын, Ералы Ғани мен Нұрдәулет Бақыт­ұлы шықты.

Фестивальдың екінші күні Же­ңіс саябағындағы серуенмен түйінделді. Ақындар Қарағанды көктемінің ауасымен тыныстап, әдебиет төңірегін­де өрелі әңгіме өрбітті. Өлеңсүйер қауым аяулы ақындарын риясыз қоше­мет көрсетіп, қимай шығарып салды.

 

Қарағанды облысы