Бокс • 21 Мамыр, 2024

14 боксшымыз – жеңімпаз

84 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл Астана төрінде үшінші мәрте ұйымдастырылған бокстан ересектер арасындағы «Елорда кубогі» турнирі мәресіне жетті. Бір аптаға жалғасқан байрақты бәсекеде отандастарымыз өте жоғары нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.

14 боксшымыз – жеңімпаз

12 мамыр күні басталған III Elorda Cup турнирі 18 мамырда мәресіне жетті. Жарыс қо­рытындысы бойынша 24 сал­мақта же­ңім­паздар анықталып, сегіз боксшы был­тырғы чемпиондық атағын қорғап қалды.

Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жарысқа алыс-жақын елдерден келгендердің арасында 10 әлем чемпионы, 20-ға жуық Па­риж Олимпиадасы жолдамасының иегер­лері жүлдеге таласты. Алты күнге жалғас­қан бәсекеде 14 боксшымыз алтын медаль жеңіп, ел боксшылары (ерлер және қыздар) командалық есепте топ жарды.

– Халықаралық жарысқа жерлестеріміз бірнеше құраммен қатысты. Париж Олимпиадасында ел намысын қорғайтын боксшыларымыз төртжылдықтың маңыз­ды додасы алдындағы соңғы дайындық жекпе-жектерін  өткізсе, жас боксшыларға үлкен тәжірибе алаңы, бапкерлік құрамға өздерін дәлелдеу үшін зор мүмкіндік болды. Халықаралық сайыста топ жарған был­ғары қолғап шеберлерін жарқын жеңісімен құттықтаймын, – деді Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Дүбірлі додада 155 жекпе-жек өткізіліп, 13 айқас техникалық нокаутпен аяқталды. Төрт кездесуде нокаут тіркелді. Сондай керемет нокауттың бірін 75 килодағы Тимур Нұрсейітов жасады. Жерлесіміз өзбек бокс­шысы Сардор Шомуродовты сұлатып, жарысты ерте аяқтады. Ал жартылай финалда былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алохон Абдуллаевтан басым түсті.

– Бұл доданың танымалдылығы уақыт өткен сайын артып жатыр. Осы жолы да қарсыластарым өте мықты. Бірінші жекпе-жегімде Өзбекстан спортшысын нокаутқа жібергенім әлеуметтік желіде кең тарады. Жартылай финалда былтырғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Алохон Абдуллаевтан айламды асырдым. Бұған дейін наурыз айында Әзер­байжандағы «Жібек жолы» жарысында алғашқы айналымда өзбек боксшысына жол беріп едім. Міне, енді сол кеткен есе­ні қайтардым. Финалдағы қарсыласым Ар­мат Арманұлымен Ақтаудағы турнирде есе жібергенмін. Осы жолы реванш болды, – деді Т.Нұрсейітов.

Аталған турнирде 11 жекпе-жекте қар­сылас рингке шықпады. Нәтижесінде, Сәкен Бибосынов, Карим Серкебаев, Махмұд Сабырхан, Қамшыбек Қоңқабаев финалда жұдырықтаспай-ақ чемпион атанды.

– Біздің басты мақсатымыз – Олим­пиа­да. Сондықтан құрамадағы боксшыларымыз жарақат алып қалмау үшін фи­налда өнер көрсетпеді. Тек Нұрбек Орал­­бай ғана финалда сынға түсті, жеңіске жетті. Жігіт­терге көңілім толады. Алдағы уақытта құ­­­рама жаттығуында кемшіліктермен жұ­­­­мыс іс­теп, Олимпиадаға дайын болып ба­­ра­мыз, – де­ді бокстан Қазақстанның құ­ра­­ма­сының бас бапкері Мырзағали Айт­жанов.

Бір қызығы, Олимпиада жолдамасы­ның иегерлері Нұрбек Оралбай, Айбек Орал­бай жаңа салмақта өнер көрсетті. Нұрбек 86 кг сал­мақта чемпион атанса, Ай­бек аса ауыр сал­мақта күміс жүлдені қана­ғат тұтты.

Былтыр Өзбекстан чемпионатын өз көзімізбен көрген едік. Сонда 71 кг сал­мақтың жартылай финалында қан­дасымыз Аман Қонысбеков әлем чемпионы Асадхожа Муйдінхожаевты қуып жүріп сабаса да, тіпті, нокдаунға жіберсе де төрешілер жеңісті Асадхожаға берген еді. Сол жарыстан кейін Аман бізге төрешілердің шешіміне риза емес екенін айтып еді. Енді, міне, Аманды Elorda Cup турнирінде қайта жолықтырдық. Ол атажұртына біржола келіпті. Бүгінде Мырзағали Айтжановтың шәкірті. Аман турнирде үздік үштіктен көрінді.

Ерлер:

Қазақстан – 9 алтын, 8 күміс, 14 қола

Өзбекстан – 1 алтын, 2 күміс, 2 қола

Қытай – 1 алтын, 1 күміс

Әйелдер:

Қазақстан – 5 алтын, 5 күміс, 11 қола

Қытай – 4 алтын, 1 қола

Үндістан – 2 алтын, 2 күміс, 4 қола

Чемпион атанған жерлестеріміз

Ерлер:

51 кг. Сәкен Бибосынов

54 кг. Карим Серкебаев

57 кг. Махмұд Сабырхан

60 кг. Талғат Сырымбетов

67 кг. Нұрбек Мурсал

75 кг. Тимур Нұрсейітов

86 кг. Нұрбек Оралбай

92 кг. Сағындық Тоғамбай

+92 кг. Қамшыбек Қоңқабаев

Әйелдер:

57 кг. Карина Ибрагимова

60 кг. Виктория Графеева

63 кг. Аида Әбікеева

70 кг. Мадина Нұрышева

+81 кг. Елдана Талипова

Ең үздік боксшылар:

+92 кг. Қамшыбек Қоңқабаев

54 кг. Юан Чанг