Спорт • 21 Мамыр, 2024

Абу-Дабиде де – Әбиба

151 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) астанасы Абу-Дабиде дзюдодан әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Бұл жарыста 109 мемлекеттен келген 675 спортшы бақ сынап жатыр. Солардың қатарында еліміздің белді балуандары да бар.

Абу-Дабиде де – Әбиба

Жарыстың алғашқы күні төрт жерлесіміз татамиге шықты. Солардың арасынан тек Әбиба Әбужақынованың жеңіс тұғырына көтерілуге шамасы жетті. 48 кг салмақта сынға түскен аруы­­мыз алғашқы айналымдарда түр­киялық Сила Ерсін мен словакиялық Маруса Станганрге сан соқтырса, ширек финалда бразилиялық Наташа Фе­рейрадан басым түсті. Жартылай финалда Әбужақынованың моңғолиялық Баасанхуу Бавуудоржге әлі жетпеді. Үшінші орын үшін тартыста Әбибаның жолы Түркияның тағы бір бұрымдысы Тугче Бедермен қиысты. Бұл белдесуде Әбиба қарсыласын «иппонмен» ұтты. Сөйтіп, қазақтың қайсар қызы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Әбиба осыдан екі жыл бұрын Ташкентте өткен дүниежүзілік додада да дәл осындай нәтижеге қол жеткізген еді.

60 кг салмақ дәрежесінде сайысқа түскен Елдос Сметовтің де үздіктер қатарынан көрінуге жақсы мүмкіндігі болды. Бастапқы бәсекелерде ол вьет­намдық Чу Ванг, оңтүстіккореялық Ким Вон Джин, бразилиялық Мигель Августодан айласын асырды. Ширек финалда ресейлік Аюб Блиевпен әбден тіресті. Басымдық біздің балуан жағында болды. Негізі уақыт тең аяқталып, «гол­ден-скорда» Елдос әдіс жасаймын деп, Блиевтің «қақпанына» түсіп қалды. Жұбаныш кездесуінде қазақтың атақты дзюдошысы франциялық Ромен Валадье-Пикарды ұтқанымен, үшінші орын үшін бәсекеде жапониялық Таики Накамураға жол берді.

Жарыстың алғашқы күні татамиге шыққан өзге екі балуанымыз жа­йында айтар болсақ, олардың өне­рі көрер­мендер көңілінен шық­пады. Тұсаукесер кездесуінде Ғалия Тын­баева (48 кг) Бразилияның мық­тысы Аманда Лиманы жеңгенде, жерлесіміз алысқа баратын шығар деп ойладық. Бірақ Тынбаева екінші айналымда испаниялық Лаура Мар­тинез-Абеле­надан айласын асыра алмады. Нұр­қанат Серікбаев (60 кг) та екінші кезеңде сүрінді. Оны Оң­түстік Кореяның оғы­ланы Ли Харим тоқтатты.

 

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Әйелдер.      48 кг: 1. Баасанхуу Бавуудорж (Моңғолия), 2. Ассунта Скутто (Италия), 3. Әбиба                                                            Әбужақынова  (Қазақстан) мен Тара Бабулфатх (Швеция).

                     52 кг: 1. Одетте Джуффрида (Италия), 2. Диора Келдиерова (Өзбекстан), 3. Амандин Бюшар                                      (Франция) мен Маша Балхаус (Германия).

Ерлер.        60 кг: 1. Георгий Сардалашвили (Грузия), 2. Янг Юнг Вей (Тайпей), 3.Таики Накамура (Жапония)                                    мен Ли Харим (Оңтүстік Корея).