Таяуда табиғат жанашырлары қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Бурабай баурайын, бір шөкім гауһардай мөлдіреп жатқан күміс көлдердің жағалауларын тазалауға қатысты. Жалпақ жұртты жұмылдырған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қыруар жұмыс тындырылды.
– «Мөлдір бұлақ» акциясына студенттер мен еріктілер, медицина және білім мекемелері қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатысып жатыр. Тіпті өздерінің жүрек қалауы бойынша туған жердің өңін келтіруге атсалысып жатқан былайғы адамдар да аз емес. Бурабай баурайына жаз маусымында миллионнан астам адам келеді, – дейді Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, – мұншама адам жүрген кезде тазалық сақтау да оңай емес. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы 12 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Биыл 400-ден астам жаңа контейнерлер орнатпақпыз.
Жадыраған жаз айларында бұл өңірде сәл ғана әсірелеп айтқанда, ине шаншар жер таба алмайсыз. Туризм табыс көзі болғанымен, жергілікті жұрт тұмса табиғаттың ай жүзіне кіреуке түспей, балауса күйінде сақталып қалғандығын қалайды.
– Әсіресе Бурабай өзендері мен көлдерінің жағалаулары тазалауды қажет етеді, – дейді «Оқжетпес» демалыс үйінің бухгалтері Айсұлу Нұрқанова, – демалыс маусымына әлі біраз уақыт болғанымен, қазірдің өзінде мұнтаздай тазалап, жарқыратып қойған жөн. Ең бастысы, Бурабайдың саф ауасын жұтып, мөлдір суына шомылғысы келетін демалушылардың өздері тазалық мәселесіне көңіл бөлсе дейсің.
Акцияға Бурабай баурайының тұрғындары ғана емес, облыстың өзге өңірлерінен де келген табиғат жанашырлары ортақ іске жұмыла кірісіп, көп-көрім еңбек етті.
Мұндай шаруа Көкшетау қаласында да ұйымдастырылды. Қаланы қақ жарып өтетін Шағалалы өзенінің жағалаулары, Қопа көлінің жиегі тазартылды. Ал Атбасар ауданындағы Новосельское аулының тұрғындары Жыланды өзенінің жағалауын тазартса, Сергеев селолық округінің тұрғындары Есіл өзенінің қос қапталын мұнтаздай етті. Аршалы ауданында да Кіші және Үлкен Сарыоба, Анаркөл көлдерінің маңайы тазартылды. 12 шақырым қашықтық көрер көзге бір жасарып қалды. Табиғат жанашырлары алпыс тоннадан астам тұрмыстық қалдықтарды жинап, полигонға жеткізді.
Демалыс күндері 250 мыңнан астам ақмолалықтар тазалық жұмысына қатысты.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы