Туризм • 21 Мамыр, 2024

Туризмнің өлшемі – тазалық

153 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Бура­бай баурайында ты­ны­ғушылардың саны кө­бейіп келеді. Туристер легі мо­лай­ған сайын жер­гі­лікті жерде тазалық мә­селесіне қатысты са­уал­дар да туындап жүр.

Туризмнің өлшемі – тазалық

Таяуда табиғат жанашырлары қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген Бурабай баурайын, бір шөкім гауһардай мөлдіреп жатқан күміс көлдердің жаға­лауларын тазалауға қатысты. Жал­пақ жұртты жұмылдырған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында қыруар жұмыс тындырылды.

– «Мөлдір бұлақ» акциясына студенттер мен еріктілер, медицина және білім мекемелері қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатысып жатыр. Тіпті өздерінің жүрек қалауы бойынша туған жердің өңін келтіруге атсалысып жатқан былайғы адамдар да аз емес. Бурабай баурайына жаз маусымында миллионнан астам адам келеді, – дейді Бурабай ауданының әкімі Арай Садықов, – мұншама адам жүрген кезде тазалық сақ­тау да оңай емес. «Таза Қазақ­стан» экологиялық акциясы бас­талғалы 12 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Биыл 400-ден астам жаңа контейнерлер орнатпақпыз.

в

Жадыраған жаз айларында бұл өңірде сәл ғана әсірелеп айтқанда, ине шаншар жер таба алмайсыз. Туризм табыс көзі болғанымен, жергілікті жұрт тұмса табиғаттың ай жүзіне кіреуке түспей, балауса күйінде сақталып қалғандығын қалайды.

– Әсіресе Бурабай өзендері мен көлдерінің жағалаулары тазалауды қажет етеді, – дейді «Оқжетпес» демалыс үйінің бухгалтері Айсұлу Нұрқанова, – демалыс маусымына әлі біраз уа­қыт болғанымен, қазірдің өзінде мұнтаздай тазалап, жар­қы­ратып қойған жөн. Ең бастысы, Бура­байдың саф ауасын жұтып, мөл­дір суына шомылғысы келе­тін демалушылардың өздері та­за­лық мәселесіне көңіл бөлсе дейсің.

Акцияға Бурабай бау­райы­ның тұрғындары ғана емес, облыстың өзге өңірлерінен де келген табиғат жанашырлары ортақ іске жұмыла кірісіп, көп-көрім еңбек етті.

Мұндай шаруа Көкшетау қаласында да ұйымдастырылды. Қаланы қақ жарып өтетін Шаға­лалы өзенінің жағалаулары, Қопа көлінің жиегі тазартылды. Ал Атбасар ауданындағы Но­восельское аулының тұр­ғын­дары Жыланды өзенінің жа­ғалауын тазартса, Сергеев село­лық округінің тұрғындары Есіл өзенінің қос қапталын мұн­таздай етті. Аршалы ауданында да Кіші және Үлкен Сарыоба, Анаркөл көлдерінің маңайы тазартылды. 12 шақырым қа­шықтық көрер көзге бір жасарып қалды. Табиғат жанашырлары алпыс тоннадан астам тұрмыстық қалдықтарды жинап, полигонға жеткізді.

Демалыс күндері 250 мыңнан астам ақмолалықтар тазалық жұмысына қатысты.

 

Ақмола облысы,

Бурабай ауданы