Қоғам • 20 Мамыр, 2024

Азия «Нобелі»

78 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ең үлкен еңбек – ақыл-ой еңбегі. Дамыған елдер ақыл жұмысын алтынға балап, дарындыны дүние үшін алаңдатпай, өз ісіне бас қоюға мей­лінше мүмкіндік жасап отыр. Ал талантты ерге ынта қосар Нобель сый­лығының дабылын адақтап жатудың өзі артық.

Азия «Нобелі»

2023 жылғы әдебиет саласы бойын­ша Нобель лауреаты норвегиялық ақын, жазушы Юн Фоссе ұлттық теңгеге ша­ққанда 441 миллион 685 мың теңгені қанжығасына байлады. Міне, мәдениет мөрі, талант қадірі. Бірақ осы бір ал­пауы­т сыйлық саясиланып бара жатқандай көрінеді. Сөзіміз негізсіз емес, берісі, алғандардың көбі елінен кеткен эмигранттар болса, әрісі, ішінде ұлтына қарсы сөз қылышын сермегендер басым.

Әлқисса, 2019 жылы елордада өткен Азия қаламгерлері форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындауды ұсынды. Осы ұсыныс жүзеге асып, сыйақысына Нобельден кем емес қомақты қаржы бөлінсе, еліміз үшін зор абырой, толассыз бедел болмақ. «Су кетеді, тас қалады» десек, мыңжылдықтармен серік болар сөз өнері – ұлттың барлық тамырына қан жүгіртуші, рухының шырағы. Азия алыптары екі жыл сайын бас қаламызда марапат иеленіп, шығармасы талқыланып жатса, бұл әдебиетіміз бен мәдениетіміз үшін зор қозғаушы иінтірекке айналмақ!

Жақында жазушы, Еңбек ері Әкім Тарази Түрксой ұйымының Алтын медалімен марапатталды. Бәрекелді дегенімізбен, Түрксой тарапынан қарымы мен беделі басым марапат түрін көріп отырғанымыз жоқ. Түркі фольклоры, бүгінгі Түркі әдебиеті еуропалық ешбір әдебиеттен төмен емес. Бірақ ірі іс-шараларды қолға алу, өзара сый­ақы тағайындау, аударма ісін дамыту тұрғысынан Еуропадан кейін келеміз. Егер «Көрұғлы» немесе «Манас», Қор­қыт атындағы халықаралық Түркі сыйлығы тағайындалса, бұл түркі халықтарының ынтымақтастығына, мәдени бірлігіне ұшан-теңіз пайда келтірері талассыз ақиқат.

Иван Бунин Нобель сахнасындағы сөзінде: «Өнерге және әдебиетке деген сүйіспеншілік әрқашан Швед корольдігі үшін, сонымен қатар асыл швед халқы үшін дәстүрге айналып отыр. Даңқты жауынгерлері негізін қалаған швед әулеті әлемдегі ең шоқ­тығы биік әулеттердің бірі», деген бо­латын. Иә, өнерді төбеге көтерген ұлттың даңқы да биік. Талай саңлақ сардарлар сөз арнаған 10 миллион халқы бар швед жұрты әлем назарын өзіне бұрып отыр. Бұл – біз үшін ең абзал үлгі, жаһандық ғылым мен өнерге ашар айқын жол.