Энергетика • 21 Мамыр, 2024

Қарағанды облысында кәсіпкерлер үшін электр қуатының тарифі арзандады

82 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шахтинск қаласы, Абай мен Бұқар-Жырау аудандарында қызмет көрсететін «Расчетный сервисный центр» ЖШС ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифті 1 кВт/сағатына 45,85 теңгеден 41,26 теңгеге дейін яғни 10%-ға төмендету туралы хабарлама берді, деп жазады Egemen.kz Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қарағанды облысында кәсіпкерлер үшін электр қуатының тарифі арзандады

фото: gov.kz

Осындай хабарламаны Саран қаласында қызмет көрсететін «Энергоуголь ХХІ» ЖШС де берді, ол 1 кВт/сағатына 47,90 теңгеден 43,13 теңгеге дейін 10% - ға төмендетті.

Комитеттің хабарлауынша, төмендетілген тарифтер 2024 жылғы 22 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.

«Тарифті төмендету ҚР ҰЭМ ТМРК аумақтық департаменттері реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды электр энергиясымен жабдықтау жөніндегі қызметтерге лицензиялардың қолданылуын жақында тоқтатқаннан кейін мүмкін болды», деп хабарлады ведомство. 

Еске сала кетейік, бұл жұмысты Үкімет Мемлекет басшысының делдал ұйымдарды, оның ішінде тұтынушыларды электрмен жабдықтау тізбегіндегі өнімсіз делдалдарды жою жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізді.

«Тарифті төмендетудің алғышарты тұтынушылардың (қаланың заңды тұлғалары мен бюджеттік ұйымдарының) реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан электр энергиясын кепілді жеткізушіге («Расчетный сервисный центр» ЖШС және «Энергоуголь ХХІ» ЖШС) ауысуына болды, бұл кепілді жеткізушінің көрсетілетін қызметтерінің көлемін ұлғайту жағына, тиісінше тарифті төмендетуге әсер етті», деп түсіндірді комитет. 

Электр энергиясы қызметтерін үздіксіз алу үшін бұрын реттелмейтін жеткізушілерді пайдаланған Шахтинск қаласының, Абай және Бұқар-Жырау аудандарының заңды тұлғаларының «Расчетный сервисный центр» ЖШС-мен жедел түрде тиісті шарттар жасасу мүмкіндігі бар.

Саран қаласының заңды тұлғаларының «Энергоуголь ХХІ» ЖШС-мен сол сияқты тиісті шарттар жасасу мүмкіндігі бар.