16 Маусым, 2010

АЛАҢДАУШЫЛЫҚ БІЛДІРІЛДІ

686 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
14 маусым күні ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев АҚШ Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында әңгімелесуші тараптар Қырғызстандағы жағдай туралы толыққанды пікір алмасты. Тараптар көптеген адам құр­бан­дықтарына әкеліп соқтырған зор­лық-зомбылықтың қайта өрбіп отырған­дығына терең алаңдау­шы­лықтарын білдірді. АҚШ Мемле­кет­тік хатшысы Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың көр­шілес мемлекеттің басшысы ре­тін­де және ЕҚЫҰ төрағасы ретінде жұм­сап отырған күш-жігеріне жоға­ры баға берді. Әңгімелесуші тараптар Қырғыз­стан­ды ауыр дағдарыстан шығару үшін көмек ұйымдастыру мақ­са­тын­да ЕҚЫҰ мен БҰҰ-ның күшін біріктіру қажет деген келісімге кел­ді. Со­нымен қатар, олар Уақытша үкі­мет­ті қақтығысқа байланысқан та­рап­тармен белсенді әрі тиімді жұмыс жасауға, жалпы Қырғызстан халқы­ның мүддесі үшін ұлтаралық төзім­ділік, сенім және келісімге қажетті жағдай ұйымдастыруға шақырды. Әңгіме қорытындысы бойынша тараптар Қырғызстандағы жағдай­ды реттеуге бағытталған іс-әрекет­тер­ді үйлестіру мақсатында жағ­дайды әрі қарай бақылауда ұстап, кеңестерді жалғастыруға келісті.