Білім • 22 Мамыр, 2024

Географиядан ұлттық олимпиада қорытындыланды

88 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің әр өңірінен жиналған география пәнінің үздіктері Астанада жиналды. Олар мұнда тест сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, далада компас қолдану, бағдар табу сияқты практикалық тапсырмаларды да орындады. Кәсіби бағдар бойынша дәріс алып, әлемдік проблеманы шешудің жолын бірге іздеп, танымын арттыратын маңызды орындарға экскурсия жасады. Бұл – география пәнінен І ұлттық олимпиаданың
аясында көрген-білгеніміз.

Географиядан ұлттық олимпиада қорытындыланды

Бір пән 10-нан аса мамандыққа жол ашады

Біз барғанда балалар мектептегі сынып секілді жасақталған бөл­ме­де үнсіз ғана мұғалімді тың­дап отыр екен. Олимпиадаға кел­генін білеміз, сондықтан оларды сайыстың тапсырмаларын орындап отыр деп ойладық. Бірақ алдында қағаз, қаламы жоқ. Сөйтсек, ұйымдастырушылар дайындаған тренер-ұстаз олимпиада қатысу­шыларына кәсіби бағдарлау бағы­тында дәріс оқып, кеңес беріп жатыр екен. «Quantum STEM» мектебінің мұғалімі Мәди Қапания айтқан ақпараттың ішін­де тіпті біз білмейтін дүние­лер бар. Мысалы, бір ғана география пәнін ұлттық бірың­ғай тестілеуде бейінді пән ретін­де­ таңдаған талапкер кейін 10-нан аса мамандығының біріне тапсыра алады. Соның ішінде есімізде қалғаны – археология, табиғатты сақтау (табиғи апаттарды болжау), урбанизация, геология, демография, туризм, гидроморфология (тұщы су көзін табу, тұзды суды ауыз суға айналдыру), геотехнология (ғарыш арқылы жерді зерттеу, қоқыстардың, өрттің орнын анықтау), халықаралық қатынастар (дип­ломатия) мамандығы. Атал­ған мамандықтарды елде және ше­тел­де қай университеттерде оқытатынына дейін, толық гранттарды алудың жолдарын да тәптіш­теп берді. Осыған қоса тренер әлемдік география олим­пиа­дасының жеңімпаздары берген кеңес­терді, халықаралық білім бәйгесінде жеңіс тұғырынан көтерілуге қажет болған кітаптар мен сайттар тізімін ұсынды. Педа­гог­тің дәрісін тыңдап отырып, «Шіркін-ай, бізге оқушы кезі­мізде осын­дай жанашырлық жетіс­пеген екен-ау!» дедік іштей. Өмір­де қала­ған биігіңе, кәсіби тұрғы­да өрлеуіңе жастайыңнан бағы­тыңды білу, бағдарлап алу қан­шалықты маңызды еке­нін кейін ұқтық. Ал бұл балалар бола­шақ­та өкінбей, кәсіби карьерасын бас­тап­қы баспалдағынан дұ­рыс бас­та­уына мүмкіндік беретін ­дә­ріс ала алды.

 

География пәнінің сағаттары қысқарып кеткен

Дәрістен шыға берісте ұйым­­дас­­тырушылар өкілі «National Geographic Qazaqstan» журна­лы­ның жауапты редакторы Ай­бын Ша­ға­­лаққа балалардың олим­пиа­­д­аға құр келмей, пайдалы ақпа­­ратқа қанығып қайтатынына сүй­­сінгенімізді айтқанымызда, мұн­дай шешімді қабылдауға себеп болған орта білім саласындағы түйт­кіл­ді мәселенің шетін шығар­ды.

«Әлемде география пәніне ерекше назар аударады, мұхит географиясы, ғарыш география­сы деп салаланып, салмағы артып кетті. Соған сай білім аясы да кеңейді. Айталық, «National Geographic» қоғамы өзінің 135 жылдан аса уақыт ішінде жинаған ауқымды ғылыми ресурсын, жиған білімін жалпы орта мектептерге ыңғайлап, «National Geographic Education» платформасын әзірлеген. Аталған платформа – баршаға тегін, қолжетімді. Ағылшын тілін білетін кез келген мұғалім сондағы материалдарды сабағын байытуға, қызықты етуге пайдалана алады. Бұл – кітапхана қоры жұтаң ауыл, қала мектептері үшін зор мүмкіндік. Біздің арнау­лы тренерлер пән мұғалімдері мен балаларға осы ресурсты қалай пайдалану керегін үйретеді. Ал елімізде, өкінішке қарай, мектептердегі география­ пәнінің сағаттары қысқарып қалды. Ал география пәнінің мұға­лімдері қысқартудың кесірінен маңызды тақырыптардың оқы­тылмай қалатынын жиі айтады. Осыған орай біз «Шеврон» ком­паниясының қолдауымен «EcoForming» экология және білім қоры болып аталған олимпиаданы ұйымдастырдық. Олимпиададан тыс кезде балаларға арнаулы спикерлер климат өзгерісі, табиғат апаттары, кәсіптік бағдарлау, экология және пластик тақырыптары бойынша танымдық һәм тәжіри­бе­лік дәрістер оқыды. Елдегі ең заманауи жоғары оқу орны қан­дай екенін көріп, осы бастан ойлана жүрсін деп, Nazarbaev university-мен танысу экскурсия­сы­­ ұйымдастырылды. Мұның бә­рін жас ұрпақтың география сала­сына қызығушылығын арттыру, мектептегі география пәнінің мәртебесін көтеру мақсатында іске асырдық», деді А.Шағалақ.

Ұйымдастырушылардың ай­туын­ша, география пәнінен­ І ұлт­тық олимпиада 7–8 сыныптар арасында «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдістемелік сүйелдеуімен өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен бұған дейінгі облыстық кезеңнен өткен 46 оқушы қатысты.

 

Географияда да есептер шығарады

Олимпиадаға қатысушылар бір-бірден партаға жайғасып, қаз-қатар тізіліп отыр. Дәріс тың­даған пайдалы, Астананы аралап, қызық жерлерді көзбен көрген керемет, бірақ олимпиада – өз алдына бас­­ты миссия. Көптен күткен сәт те жетті. Қорытынды кезең тест және мультимедиалық, далалық тапсырмаларды қам­титын екі бөліктен тұрады. Бұған дейін саябақта балаларды градус, азимут өлшеу, карта сызуды көрсету, палаткаларды уақытқа жинап жарыстыру арқылы дәл осы далалық тапсырмаларды орындауға дайын­даған еді. Тапсырмаларында іші­нара «National Geographic Qazaqstan» журналының мате­риалдарынан дайындалған сұ­рақ­тар да болды. Бірінші тестілеу турында балалардың алдындағы парағына үңілгенде, онда бір суреттің тұрғанын және оның жоғары жағында қай қала екенін, қайда орналасқанын табу туралы тапсырмаға көзіміз түсті. Ал далалық турда қатысушылар ғарыштық түсірілімді қолдана отырып, жергілікті жердің жоспарын сызуға, азимутты табуға, ең қысқа жолды анықтауға, Астана қаласындағы 16.05.2024 күнгі күннің ұзақтығын көкжиектегі градустық өлшем бірлікпен табуға тырысты. Олимпиадада орынды жеңіп алған ақмолалық 8-сынып оқу­шы­сы Ерсұлтан Төлегенов олимпиада кезінде далалық есептер шығарғанын айтты. «Бірінші тур жазбаша және мультимедиалық сұрақтардан тұрды. Екінші турда компас пен транспортир сияқ­ты құралдарды қолдана отырып, далалық жағ­дай­да есептер шы­ғарып, берілген жер бедерінің кар­тасын сыздық. Жазбаша тур­да қалалар, Каспий көлі­нің физикалық географиясы, геология туралы сұрақтар да кез­десті. Негізінен жарыс қиын болды. Дегенмен олимпиададан өзіме қызық естеліктер, пайдалы кеңес алдым», деді ол.

Осылайша, әрбірі өзінің қабілет-қарымына қарай ұпай жинап шықты. Нәтижесінде, 7-сынып оқушылары арасынан 1, 8-сынып оқушылары арасынан 1 бала жүлделі І орын алды. Ал ІІ орынды әр сыныптан 2 оқушы, ІІІ орынды әр сыныптан 6 адам иеленді. Жеңімпаздарға демеушілер тарапынан оқуға қажетті заманауи техникалық құралдар (І орынға ноутбук, ІІ орынға apple IPad, ІІІ орынға Samsung планшеттері, орын алмаған барлық қатысушыға сымсыз құлаққаптар) тарту етілді.