Ипотека • 22 Мамыр, 2024

Жаңа ипотека қанша жасты қуантады?

192 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жақында іске қосылған «Наурыз» ипотекалық бағдарламасына тоғыз мың азаматтан өтініш қабылданып үлгеріпті. «Отбасы банк» төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарламаға қатысуға ниет білдіргендер арасында 35 жасқа дейінгі азаматтар көш бастап тұр.

Жаңа ипотека қанша жасты қуантады?

Фото: freepik.com

«Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінімдер жұмыс күндері сағат 9.00-ден 21.00-ге дейін қабылданады. Баспана маркет платформасы (otbasybank.kz) сағатына орта есеппен 400 өтінімді қабылдауға қабілетті. Үш күн бұрынғы жағдай бойынша барлығы 17 432 адам өтінім жолдады. 8 945-і сәтті қабылданды. Олардың жартысы тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топ өкілдерінен түскен. 2  436 өтінім қабылданбай, кері қайтарылды. Себебі клиент депозитінде 1 млн теңге мөлшеріндегі қажетті сома жоқ болып шыққан. Бұл – «Наурыз» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттарының бірі», деді Л.Ибрагимова.

Оған қоса тұрғын үйі бар адамдардың да өтінімі қабыл­дан­баған. Тағы 5 008 өтінім іс үдерісінде екен.

«Қатысушыларды дүрліктірмеу үшін өтінімдерді қабылдау мерзімі барынша ұзартылды. Енді үміткерлердің маусым айының соңына дейін тағы бір жарым ай уақыты бар. Сондай-ақ өтінім беру күні мен уақыты ұпай санағанда ескерілмейтін болды. Өтінім қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін саралау басталады. Бағдарламаға қатысушылар тізіміне ең көп ұпай жинаған үміткерлер ғана кіреді», дейді.

«Отбасы банк» АҚ басқарушы директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, егер екі қатысушының ұпай саны сәйкес келсе, онда тізімге енгізу кезінде басымдық салым сомасы көп және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамға беріледі.

«Пулға кірген қатысушылардың несиеге өтінім беруге тағы 2 ай уақыты болады. Заем бойынша мақұлдау алған үміткердің баспана іздеуге 6 ай уақыты бар», дейді.

Айта кетейік, «Наурыз» бағдарламасы аясында алғашқы жарна 20%-дан басталады. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит мөлшерлемесі – 7%, азаматтардың барлық санаты үшін несие мөлшерлемесі – 9%, жалпы несие мерзім 19 жылға дейін.

Бағдарламада бастапқы баспананы жөндеу жұмыс­та­ры­на да ақша алуға болады. Бастысы, жөндеуге арналған қарыз сомасы тұрғын үй сатып алуға арналған кредиттің жалпы сомасының 20%-ынан аспауға тиіс. Бірақ қарыздың ең жоғары сомасы шегінде. Сондай-ақ пәтерді Баспана маркет порталынан таңдап, брондау мүмкіндігі де бар. Бұл қызмет тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге арналған.