Жәдігер • 22 Мамыр, 2024

1941 жылғы әдебиет хрестоматиясы

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұқар жырау музейіне қарапайым ауыл тұрғыны 1941 жылы жарық көрген «Qazaq әdebietj» (Қазақ әдебиеті) хрестоматиясын тапсырды. Латын қарпіндегі бұл оқу құралы орта мектептің 9-сыныбына арнап шығарылған екен.

1941 жылғы әдебиет хрестоматиясы

Көне оқулық Алматы қала­сындағы қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан шыққан. Құрас­тырушысы – әде­биет зерт­теушісі, кейін филология ғы­лы­мы­ның докторы, Ұлттық ғылым ака­демиясының корреспондент мүшесі, Қазақ КСР еңбек сіңірген ғылым қайраткері болған Есма­ғамбет Ысмайылов.

Бұл кітап-оқулықтың ерекшелігі – мұнда кеңес заманының алғашқы жылдары шығармашылығына тыйым салынып, есімдерін ел айтуға қорыққан тұлғаларымыздың әдеби дүниелері жарық көрген.

ь

Хрестоматияда Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы, Шәңгерей Бөкеев, Ақан сері Қорам­саұлы, Нармамбет Ормам­бетұлы, Нұржан Наушабаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш, Спандияр Көбеев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Ығылман Шө­реков, тағы басқа әде­биет өкілдерінің, жалпы саны 20 ақын-жазушының шығармалары басылған.

Жәдігер-кітапты музейге Ақтоғай ауданы Мүткенов ауылының тұрғыны, зейнеткер Нұраш Бейсембаева тапсырды. Нұраш Мұқажанқызының айтуынша, хрестоматияны ауылдық мек­тепте ұзақ жылдар ұстаздық еткен Жүсіп Төлеутеміров атты ел ағасы сақтап келіпті. Кейін мектеп күрделі жөндеуден өткен уақытта ескі оқулықтар арасынан табылған.

 

Павлодар облысы