Фото: kzkazan.ru
90-жылдары бірполярлы әлемге жаһандық көшу мен «трансұлттық басқару» аясында геосаяси және геоэкономикалық жағдай тіптен ушыға түсті. Дүниежүзіндегідей бұрынғы кеңестік кеңістікте идеологиядан бас тартып, прагматикаға ден қойған дәуір басталды. Ол адамдардың санасынан олардың даралығын, отбасылық дәстүрге деген беріктігін, ұлттық патриотизм мен діни догмаларды аластауға әкеліп соқты. Бұл адамның мінез-құлқын түбегейлі өзгертті. Барлық салада стратегиялық екіұштылық үстемдікке ие болды. Демек осыдан да болар, тәуелсіздік жылдары көптеген мүмкіндікті жіберіп алғанымыз да, өкінішке қарай, белгілі.
Мұндай жағдайда ұлттық мемлекеттерден гөрі әлемдік немесе жаһандық Үкіметке басымдық беріліп, басқа мемлекеттердің тәуелсіз шешім қабылдау мүмкіндігі шектеледі және олардың әлеуеті әлсірейді. Ең алдымен бала тәрбиесі, яғни отбасы, білім жүйесі, рухани-мәдени құндылықтар мен билік нысанаға алынып отыр. Ондағы басты мақсат – ананың қырағылығы мен парасаттылығын жою; мұғалімнің ықыласын кетіру; көшбасшылардың абыройын түсіру. Бұл жерде ұрпақты жөнге салу мен оларды тәрбиелеу мәселесін шешуді қосалқы дүние қатарына қосып, ығыстырып, оны қоғамның назарынан тыс қалдыру әрекетін байқау қиын емес. Бұл үрдіс тәуелсіз Қазақстанға да өз салқынын тигізбей қоймады.
Міне, қазақ елінде осы түйткілдерді түсініп, сараптап, қорытып, оны мемлекеттілікті нығайту ісіне жұмылдыра алатын бірден-бір күш президенттік институт болып отыр. Осы тұста Мемлекет басшысы әлемдік тәжірибеге әбден қанық адам ретінде әлемдегі ахуалдың, шын мәнінде, шектен тыс шиеленісіп кеткендігін, ондағы орын алып отырған жүйесіз саяси ырықтандырулардың кез келген мемлекеттің ішкі саяси жағдайының тұрақсыздануына, тіпті мемлекеттіліктің жойылып кетуіне дейін әкелетінін жақсы түсінеді. Осындай жаһандану заманында қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып барады. Президент Қ.Тоқаев атап көрсеткендей, «ел жат жұрттың ықпалына бейсаналы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мәжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі».
Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер етіп жатыр. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар тамырымызды берік сақтауымыз қажет. «Ұлттық болмысымыздан, төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізден ажырап қалмау – барлық өркениет мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бірден-бір кепілі», деді Мемлекет басшысы. Ендеше, бізге түбегейлі өзгеріс керек екені айтпаса да түсінікті. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімін де өзгертуге жұмыс істеуге тиіс. Сондықтан Тәуелсіздікті дамудың сапалы жаңа деңгейіне шығару қажет. Ол үшін бізді қандай қауіп-қатер мен сынның күтіп отырғанын білгеніміз абзал. Мұндай бағыт-бағдарды президенттік институттың әлеуетінен, оны басқарып отырған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жүргізіп келе жатқан саясаты мен ұстанымынан көруге де, табуға да болады.
Конституциялық реформадан кейін заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін түбегейлі өзгерістердің керектігі күдік тудырмайтын қажеттілікке айналды. Президент Қ.Тоқаевтың бастамасымен елiмiзде кешендi реформалар іске асырылып жатыр. Бұл саяси өзгерістердің басты бағытын Мемлекет басшысы анықтаса, артынша өткен референдум мен одан кейінгі президенттік сайлауда оны Қазақстан халқы қолдады. Президенттің басты ұстанымы – еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртып, табысты экономикалық реформаларды іске асыру арқылы қоғамдық сана-сезімді қолайлы әлеуметтік-саяси жағдайда дамытуға қол жеткізу. Алға қойылған басты міндет – заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру. Ендеше, Мемлекет басшысының Құрылтай мінберінен ұсынған құндылықтарының ішінде заң мен құқықтық тәртіп – маңызды әрі негізгі сала. Олар барлық басқа құндылықты жүзеге асыру үшін қажет. Анығында, қоғамдық өмір мен қатынастар үшін тікелей маңызды заң мен тәртіпке көп нәрсе байланысты. Ол әділетті қоғам орнату үшін қажет. Мұнда әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты, ал әділеттілік халықтың тағдырын шешудің құралы ретінде ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру міндетін орындауы керек. Тек жаңғырған қоғамда ғана жат әдеттерден біртіндеп арылып, сонда ғана адамның абыройы өспек.
Сонымен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның дамуын тежейтін келеңсіздіктерден арылу үшін Қазақстанда «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесін берік орнықтыру саясатын қолға алды. Бұл бағытты іске асырудың бірден-бір тиімді тетігі ретінде Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың әлеуетін пайдаланып, халықтың өзінің рухани бағдарынан айырылып қалмауын қамтамасыз етіп, оны мемлекеттіліктің негізін нығайтуға жұмылдырып отыр. Ұлттық құрылтай ең алдымен азаматтық қоғаммен байланыс орнатудың негізінде мемлекет жұмысының ашықтығын, тиімділігі мен нәтижелілігін арттырмақ. Халықпен диалог орнатудың нәтижесінде қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалып, ең маңызды және басымдылығы бар іс-шаралар нақты айқындалып отыр. Онда көтерілген мәселелер және қолдау тапқан бастамалар мен ұсыныстар идеологиялық мәнге ие болып келеді. Ол өз кезегінде Тәуелсіздікті қастерлеуге, халқымыздың әлеуметтік ұстанымын нығайтып, бағдарланып, оның қоғамдық үмітінің ақталуына оңтайлы жағдай қалыптастырмақ. Осылайша, ол ел азаматтарының бойында рухани құндылықтар мен отансүйгіштікке негізделген адамгершіліктік қоғамдық сана-сезімнің орнығуына оң ықпал етері анық. Соның нәтижесінде азаматтардың өмірге деген ынтасы, құлшынысы мен жақсылыққа деген ұмтылысының артатыны да ақиқат. Олай болса, Президенттік институт мемлекеттіліктің шын мәніндегі тірегіне айналып отырғандығы сөзсіз.
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
қоғам қайраткері