Әсерлі түннің қонақтары ел тарихында есімі алтын әріппен қашалған тұғырлы тұлғалардың өмір тынысына қатысты деректермен «Ұлы даланың ұлы есімдері» көрмесі арқылы танысты. Көрмеге А.Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Байтұрсынұлы, М.Тынышбаев,Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, К.Ақышев, Ө.Жәнібеков, Б.Қожамқұлова мұралары қойылған. Олардың тіршілігінде тұтынған бұйымдарын, құжаттары мен фотосуреттерін көзбен көру көрермендерге шабыт сыйлады.
Қазақ бейнелеу өнерінің бастауында тұрған ұлы суретшілер Ә.Қастеевтің 120 жылдық, Ү.Әжиевтің 100 жылдық, Н.Нұрмұхамедовтың 100 жылдық, С.Қожықовтың 100 жылдық, Г.Исмаилованың 95 жылдық мерейтойларына арналған «Қылқалам шеберлері» атты көрме де дәл осы шара аясында ашылды.
Қылқалам әлеміне қызығатын қонақтар мұндағы «Дәстүрдің бет-бейнесі: Қазақстанның этностық симфониясы» көрмесі арқылы Нағима Ибрашева, Ләйла Жарқын, Әсем Сүлейменова, Алтынай Байжанова, Динара Закарадзе сынды жаңа заман суретшілерінің шығармашылығымен танысты.
Ең қызығы, музейдің реставрация орталығының қызметкерлері қонақтарға кескіндемелерді, керамика мен металды, ағаш пен матаны, киізден жасалған бұйымдарды қалпына келтіруден шеберлік дәріс өткізді. Әсіресе «Көне заман көлеңкелерінің құпиялары», «Археологтің дала қосыны», «Әлем халықтарының музыкалық аспаптары», «Каллиграфия – ғылым мен өнер түрінде», «Алыс-жақын шетелдің ақша түрлері» тақырыптық-танымдық жобалары жас көрермендердің қызығушылығын тудырды.
Қонақтарға «Білім беру және зерттеудегі музейлер» тарихи-танымдық маршруты ұсынылды. Онда бала экскурсанттар жүргізген «Музейдің таңғажайып әлемі» бағдарламасы, Қазақстан тарихы бойынша квесттер, «Мен қазақтың тарихын білемін» және «Ұлы Жібек жолының тарихы» викториналары ұйымдастырылды.
Дәл осы түні ерекше жандарға арналған «Тактильдік жәдігерлер: қазақ халқының мәдениетімен танысу» жаңа инклюзивтік жобасының таныстырылымы өтті. Жоба «Qazaq-Оner» Ұлттық қауымдастығының, «Aigul Line» брендінің негізін қалаушы әрі президенті А.Жансерікованың, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік және қолданбалы өнер колледжі мен «Бақыт» сәндік және қолданбалы өнер орталығының қолдауымен жүзеге асқан.
Көрермен назарына ұсынылған «Он саусағынан өнер тамған» танымдық кластері аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, суретшілер мен қолөнершілер ашық шеберлік сағаттарын өткізді. Жобаға үн қосқан Daru университеті «Музейдегі AI: технология мен өнердегі революция» шарасы аясында музей экспонаттарына жан бітіру үшін жасанды интеллектті пайдалана отырып алдыңғы қатарлы озық технологиялардың әлеуетін көрсетті.
«Бұл жылғы шара музейдің білім саласындағы алар орнын, өскелең ұрпақты тарих пен дәстүрді дәріптеу арқылы тәрбиелеу және ұлттық мәдениетті насихаттаудағы музейдің өлшеусіз үлесін айқындау үшін «Білім беру және зерттеудегі музейлер» тақырыбында өтіп отыр. Таңдалып алынған тақырып музейдің негізгі қызметінен бөлек тәрбие және білім беру саласын да қамтитын серпінді ғылым-білім орталығы екенін көрсетеді», дейді Мемлекеттік орталық музейдің директоры Рашида Харипова.
«Музей түні» мерекесінің шеңберінде жарияланған «Музейге сыйлық – ұрпаққа мұра» акциясында азаматтар музейлік құны бар заттар мен көне бұйымдарды музей қорына тапсырды. Атап айтар болсақ, әнші А.Нұрмағанбетованың, күйші Қ.Жантілеуовтің, жазушы А.Мекебаевтың, тағы басқа тұлғалардың жеке қорындағы құндылықтар Орталық музей қорына қабылданды. Арнайы концерттік бағдарламада Халық әртістері, мемлекеттік оркестрлер, музыкалық және шығармашылық ұжымдар мен ансамбльдер өнер көрсетті.
АЛМАТЫ