Жемқорлық • 23 Мамыр, 2024

Алған да, берген де – парақор

182 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте парақорлыққа қарсы қабылданып жатқан шараларға қарамастан бұл келеңсіздікпен күресте түбегейлі өзгеріс болмай тұрғанын айтқан еді. Президент ел тұрғындарының әлі күнге сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келіп отырғанын жеткізді.

Алған да, берген де – парақор

Әділетті қоғам құрамыз деп жатқа­нымызбен, ел іші жем­қорлық секілді жегі құрттан құлан-таза айықты деп айтуға әлі де ерте. Оған айналамызда болып жатқан жаға ұстатар жағдайлар дәлел. Бұған қарап отырып парақорлық дерті қоғамның барлық саласына дендеп еніп кеткенін байқауға болады. «Батпандап кірген ауру мысқылдап шығады» демекші, бұл дертті аз уақыттың ішінде жаза қою мүмкін емес.

Қолданыстағы заңнама бойынша пара бергендер де, алғандар да және олар­дың араларында жүрген делдалдар да қыл­мыстық жауапкершілікке тартылады. Бұлардан бөлек, азаматтардың сеніміне кіріп, олардың түрлі мәселесін шешуге уәде беріп парақорлыққа итермелейтін алаяқтар да бар. Мәселен, жуырда Астанада лауазымды тұлғаларға пара беруге оқталған азамат және оны жемқорлыққа итермелеген алаяқтар ұзақ мерзімге жаза арқалап, темір торға қамалды.

Атап айтқанда, 16 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты «Астық қоймалары» ЖШС-ның «№2 және №5 нан базасы» өкілдіктерінің бұрынғы директоры М.Жүсіповті 8,5 жылға бас бостандығынан айыруға соттады. Ол аса ірі мөлшердегі дәнді дақылдарды жымқыру фактісі бо­йынша қылмыстық жауапкершіліктен құтқару үшін мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына 350 мың доллар көлемінде пара бергісі келген. Ал оның осы «мәселесін» шешуге уәде берген И.Барабаш пен Т.Демесинов деген алаяқтар болып шықты. Олар М.Жүсіповтің сеніміне кіріп, мемлекеттік органмен арада делдал болып, қылмыстық жазадан құтқарамыз деп одан ақша алған. Ақыр аяғы екі тараптың да ісі әшкереленіп, алаяқтардың әрқайсысы ­10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қазақ «Балық басынан шіриді» дейді. Өкінішке қарай мемлекеттің ұстыны болып саналатын мекемелердің лауазымды тұлғаларының өзі жемқорлық қылмысына барып жатқанын көргенде, осы мақал еріксіз еске түседі. Мәселен, жуырда Солтүстік Қазақстан облысында аудан әкімі орынбасарының пара алу бойынша ұсталуы соның бір айғағы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыстың бір ауданы әкімінің орынбасары мен бөлім басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Олар аудандық маңызы бар автожолдарды ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлығы үшін кәсіпкерлік субъектісінен 10 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген. Тергеу сотының санкциясымен «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Тағы бір мысал. Жақында Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің төрағасына қатысты тергеу аяқталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аталған комитет төрағасы мен оның балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысына қатысты 2021 жылдан бастап 2024 жылғы ақпанға дейінгі кезеңде жалпы қамқорлығы үшін шағын және орта бизнес өкілдерінен жүйелі түрде пара алды деген айып тағып отыр. Тергеу соты күдіктілерге қатысты «электронды білезікті» қолдана отырып, «үй қамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданды.

Қоғамда осындай жең ұшынан жалғасқан жемқорлық фактілері әлі де көп екенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде айтқан болатын. «Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға қатаң жаза қолданылатын болды. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек», деді Президент.

Осы орайда біз көбіне лауазымды тұлғалар болып келетін пара алушы­лардың қылмысы жайында айтамыз да, ал пара берушілерді көзге ілмей жататынымыз рас. Егер пара беруші болмаса, оны алушы да, ортасындағы делдал да болмас еді. Сондықтан сыбайлас жемқорлық – аталған тараптардың бәріне ортақ қылмыс. Ендеше пара берушілерге қазіргі заңнамада қандай жауапкершілік көзделген? Біз осы сұрақты ІІМ Алматы академиясы қылмыстық құқық және криминология кафедрасының басшысы, полиция полковнигі Саида Сейілхановаға қойған едік.

Оның айтуынша, қоғамда тек пара алу үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған деген қате түсінік бар. Шын мәнінде қолданыстағы Қылмыстық кодексте пара бергені үшін (Қылмыстық кодекстің 367-бабы), сондай-ақ пара­қор­лыққа делдалдық жасағаны үшін (Қыл­мыс­тық кодекстің 368-бабы) жауапкершілік көзделген. Олардың бәрі тұтастай пара­қорлық ретінде сипатталады.

– Атап айтсақ, Қылмыстық кодекстің 367-бабында мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамға не оған теңестірілген адамға немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамға не лауазымды адамға, сол сияқты шет мемлекеттің немесе халықаралық ұйым­ның лауазымды адамына жеке өзіне немесе делдал арқылы пара беру туралы айты­лады. Бұл баптың 1-бөлігі бойынша пара берген адам параның жиырма еселен­ген­нен отыз еселенгенге дейінгі сомасы мөл­шерінде не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бо­йына айыра отырып, бес жылға дейінгі мер­зім­ге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ал парақорлыққа делдалдық жасау дегеніміз – екі тарап арасында пара алу және беру туралы келісімге қол жеткізуге немесе іске асыруға ықпал ету. Қылмыстық кодекстің 368-бабының 1-бөлігі бойынша парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін параның 10-нан 20 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген.

Полиция полковнигі Саида Айдар­бек­қызының айтуынша, мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары тарапынан пара бопсалау тіркелсе, не пара берген адам құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органға пара беру туралы өз еркімен хабарласса, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Сыбайлас жемқорлық бір қарағанда адамға «мәселені шешудің» оңтайлы жолы болып көрінгенімен, оның қоғамды іштен ірітіп жатқан үлкен кесір екенін байқап бағамдау қиын емес. Жұртшылық игілігіне жұмыс істеуге тиіс қомақты қаражаттардың орта жолда әлдекімдердің қалтасына кетіп жатуы салдарынан қаншама жол, көпір, мектеп, аурухана салынбай қалды десеңізші. Бұл бізден осы қылмысқа қарсы қоғам болып тізе қосып күресуді талап етеді.

Осы орайда полиция полковнигі Саида Сейілханова сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдескен адамдар үшін грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау жолымен біржолғы ақшалай сыйақы нысанында жүзеге асырылатын көтермелеулер белгіленгенін айтады.

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты әкімшілік істер туралы хабарласа – 30, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қыл­­­­мыс­тар туралы қылмыстық істерге – 40, ауыр­лығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істерге – 50, ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істерге – 70, аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы қылмыстық істер бойынша 100 АЕК мөлшерінде сыйақы қарастырылған, – дейді ол.

Біз айналамызда болып жатқан жемқорлық көріністеріне көзді жұма қарамай, оны түп-тамырымен жоюға атсалыссақ, еліміздің әл-ауқатының да артуына өз үлесімізді қоса аламыз. Айта кетейік, сыбайлас жемқорлық ауыр қылмыс саналғандықтан, пара алушылар мен берушілер және ортадағы делдалдарға шартты түрде мерзімінен бұрын босау мүмкіндігі берілмейді, яғни олар кесілген мерзімді түгел өтегенше бостандыққа шыға алмайды.